Қызылсай ауылының әкімі Р.Абишаевтың 2021 жылғы ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және алда тұрған міндеттері туралы жергілікті қоғамдастық жиналысы алдындағы есеп беру кездесуінің Х А Т Т А М А С Ы

Қызылсай ауылының әкімі Р.Абишаевтың 2021 жылғы ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және алда тұрған міндеттері туралы жергілікті қоғамдастық жиналысы алдындағы есеп беру кездесуінің

                                        

№____ Х А Т Т А М А С Ы

 

Қызылсай ауылы                                                              18.03.2022 ж. сағ.10.00

Ардагерлер ғимаратының мәжіліс залы

 

 

 

Жиынды ашып жүргізетін: Сөз жиын төрағасы  Алдаберген Каменовке беріледі.

 

Күн тәртібінде:

 

  1. «Қызылсай ауылының әкімі Расул Жұмабекұлы Абишаевтың 2021 жылдың қорытындысы бойынша ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және алда тұрған міндеттері туралы».

 

2001 жылғы 23 қаңтардағы №148 «ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚРЗ жүзеге асыру мақсатында және Жаңаөзен қалалық маслихатының шешімімен бекітілген Жергілікті қоғамдастықтың жиналысына қатысу үшін жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу қағидасы және тұрғындары өкілдерінің сандық құрамына сәйкес бүгін Рахат ауылы тұрғындарының жиналысы өткізілуде. Жиналысқа жергілікті қоғамдастықтың мүшелері шақырылды. 

Ауылдың жалпы дауыс беруге құқығы бар тұрғындардың саны 25 - адам, жиынға келгендердің саны 18 - адам.

Жұмыс жүргізудің келесі уақыт тәртібі ұсынылды:

  1. Күн тәртібінің мәселесі бойынша _15_ минут.
  2. Сөйлеушілерге 7 минут.

Дауыс беру….

Қарсылық бар ма? Қабылданды.

 

І.Тыңдалды: Қызылсай ауылының әкімі Расул Жұмабекұлы Абишаевтың 2021 жылдың қорытындысы бойынша ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және алда тұрған міндеттері туралы есебі.

 

Құрметті Қызылсай  ауылының тұрғындары!

2021 жылдың қорытындысы бойынша, Қызылсай ауылындағы тұрғындардың саны 7500 адам. Тіркелген тұрғын үй саны 1151.

2021 жылы әр-түрлі сұрақтармен ауыл әкімінің және оның орынбасарының жеке қабылдауында 137 тұрғын келген болатын.

Жеке тұлғалардан 171 өтініш келіп түсті. Заңды тұлғалардан 2 өтініш келіп түсті. Көтерілген мәселелер бойынша заң талаптарына сәйкес уақытылы жауаптары берілді.

Ауыл бюджеті

2021 жылға бөлінген ауыл бюджеті 182 млн. 871 мың теңгені құрап, бөлінген қаражат 100 %-ға игерілді. 2022 жылға арналған ауыл бюджетінің көлемі –  180 млн. 930 мың теңге.

2021 жылға бекітілген салық – 22 млн 876 мың теңге болатын, бұл  115 %-ға артық орындалды.

Білім беру саласы

  С.Бегендікұлы атындағы №4 орта мектепте 1 442 оқушы білім алса, 126 мұғалім жұмыс істейді. Үздіктер саны – 261. Үздік аттестатқа                          11 сыныптан 6 оқушы және 9 сыныптан 21 оқушы үміткер. 

Мектеп оқушыларынан 272 бала ыстық тамақпен қамтылды. Мектептің материалдық техникалық базасы толығымен қамтылған. Мектепте дезинфекциялық дәліз, термометр және кварцтық лампа бар.

 «Мектепке жол» акциясы аясында «Бұрғылау» ЖШС тарапынан      30 оқушыға көмек көрсетілді. 

        Ұлттық біріңғай тестілеу нәтижелері бойынша барлығы 50 оқушы бітіріп, 46 – сы ҰБТ тапсырды. Орта балл саны – 53. 5 оқушы грант иегерлерлер атанды. 48 түлек жоғарғы оқу орындарында және  2 оқушы колледжде оқиды. 

         

Денсаулық сақтау саласы

2021 жылы ауылдың дәрігерлік амбулаториясында қаралып, дәрігерлік көмек алып қаралғандар саны – 45 171, оның ішінде, ересектер саны – 26 792 және балалар саны – 18 379. Флюрографиялық тексеруден 1 697 адам өткізілді.

 Ауылдық дәрігерлік амбулатория ғимаратының қолданысқа берілді. Сонымен қатар, аталған ғимараттың ішінен жедел жәрдем қызметіне бөлме беріліп, жедел жәрдем қызметінің бір бригадасы күнделікті кезекшілік атқаруда.  

Әлеуметтік сала

Жұмыспен қамту орталығында 2021 жылы Қызылсай ауылынан 482 адам жұмыссыздықта тіркеуде болған. Қоғамдық жұмысқа 137 адам, жастар практикасы бойынша 4 жас маманды практикадан өтуге, әлеуметтік жұмысқа 15 адам, тұрақты жұмысқа 220 адам жіберілген. Бір жолғы әлеуметтік көмек алған 33 отбасына, яғни 148 адамға 711 748 теңге, атаулы әлеуметтік көмек алған 27 отбасы, яғни 181 адамға барлығы 3 000 000 теңге тағайындалды.

Сонымен қатар, «Жұмыс жасаймын» жобасы аясында «СтройПластАқтау» ЖШС-не 30 адам жоғары деңгейде жалақысы бар тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласы

Ауылда 40 шағын бизнес субъектілері және 6 шаруа қожалығы тіркелген. Бұлар бүгінгі күні өз істерін дамытып ауыл экономикасына өз үлестерін қосып, 70 – тен аса азаматты жұмыспен қамтып отыр.

Ауыл бойынша мал саны 2970 бас (мүйізді ірі қара – 96 бас, ұсақ малдар – 912 бас, жылқы – 991 бас, түйе – 971 бас, құс – 300).

Ауыл бойынша дәрігерлік сауықтыру іс-шаралары өткізіліп, мал ауруының алдын-алу мақсатында ірі қара және қой-ешкілерден қан алынып, екпе жұмыстары жүргізіліп және сырғаланып дерекқорға енгізілді.

Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының соның ішінде, мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында иесіз жүрген бұралқы иттерді аулау мәселесі де басты назарда. Атап айтатын болсақ, 2021 жылы ауыл тұрғындарынан келіп түскен өтініштерін негізге ала отырып, Жаңаөзен қалалық ветеринария бөлімі тарапынан ауыл маңында иесіз жүрген 109 ит ауланды. 

Өзіңізге мәлім, «Төңірекшың» ойында бірнеше шаруа қожалықтары егін егіп, өз өнімдерін халыққа ұсынуда.

Атап айтатын болсақ,    

  1. «Нұркен» - шаруа қожалығы 2021 жылы 16 га жерге егін егіп, 210 тонна өнім өндірді.
  2. Сағынбаев Камысбай басқаратын шаруа қожалығы 2021 жылы 4,5 га жерден 19 тонна өнім алды. Сонымен қатар 6 жылыжайдан 10,5 тонна өнім алды.
  3. Эдилов Аманқос басқаратын шаруа қожалығы 2021 жылы 25 га жерден 153 тонна өнім өндірді.

Жасыл дәліз 1 бағдарламасы бойынша ауылда барлығы 1073 мал басы тіркелген оның ішінде (мүйізді ірі қара – 22 бас, ұсақ малдар – 254 бас, жылқы – 395 бас, түйе – 402 бас) аталған бағдарлама бойынша 96 үй шаруашылығына 6 976 124 теңге, 2 шаруа қожалығына 999 503 теңге қаражат төленді.

Жасыл дәліз 2 бағдарламасы бойынша ауылда 518 мал басы тіркелген оның ішінде (мүйізді ірі қара – 9 бас, ұсақ малдар – 105 бас, жылқы – 265 бас, түйе – 139 бас,) аталған бағдарлама бойынша 23 тұрғынға 4 035 823 теңге қаражат көзделген.

Өздеріңізге мәлім, 2021 жылы облыс аумағында қуаңшылық орын алуына байланысты ауылға оңтүстік өңірден 2800 дана түк шөп, 583 қап жем жеткізілді. Аталған жұмыстарға «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның 3 дана жүк тасымалдаушы техникасы және Қызылсай ауылы әкімі аппаратының қоғамдық қызметкерлері тиеуге және түсіруге жұмылдырылды. Сонымен қатар, Қызылсай ауылы Жаңаөзен қаласынан 18 шақырымда орналысуына байланысты ауыл тұрғындарының және шаруақожалықтарының жол шығынын болдырмау мақсатында «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның 3 дана жүк тасымалдаушы техникасы және «ӨзенЭнергоСервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның 1 дана жүк тасымалдаушы техникасы жұмылдырылып, 700 түк шөп, 35 орама шөп «Өзен» темір жол бекетінен ауыл тұрғындарына жеткізіліп үлестірілді.

Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 2021 жылы «Жаңаөзен қалалық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі тарапынан 4 рет кәсіпкерлік жерлерді сату бойынша аукцион ұйымдастырылып Қызылсай ауылынан 31 жер учаскесі ұсынылды. Нәтижесінде 14 жеңімпаз атанды.

Тазалық мәселесі

  2021 жылы ауылдың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында «Тазалық–С» ЖШС-мен келісім шарт жасақталды. Аталған серіктестік ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, аптасына бір рет хон және екі дана самосвал техникасын бөліп, ауылды санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, қоқыс шығару жұмыстарымен ауыл тұрғындарымен жария келісім шарты негізінде «Тазалық-С» ЖШС-де айналысуда. Күнделікті Газ-53 техникасын бөліп, қоқыс тасымалдау жұмыстарын жүргізді.

Ауылда барлығы 293 контейнер бар. Соның ішінде, тозығы жеткен 50 контейнер 2021 жылы ауыстырылды. Ауыл әкімдігінен бір маман бекітіліп, күнделікті қоқыс тазалаушы автокөліктердің қоқыс тасымалдау жұмыстарына бақылау жүргізеді.  

Қазіргі таңда, Жамбыл көшесінің бойынан 2 жерге қоқыс жәшіктерін қоршау жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта Бейбітшілік көшесі қоқыс жәшіктерінің сыртын қоршау жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл жұмыстарға құрылыс жабдықтары толық алынды.

 

        Ауылды абаттандыру және көгалдандыру

  Ауыл көшелерінде, орталық паркте және әлеуметтік нысан аумағында отырғызылған 5000 түп ағаштар тамшылатып суару жүйесі арқылы суарылады. Сонымен қатар, өсуін тоқтатқан 120 түп жасыл желектер ауыстырылып, қайта отырғызылды.

Ауыл ішілік көшелерге жаяу жүргінші жолдары салынуда. Атап айтсақ, «Қызылсай» стелласының аумағына 530 м2, Сүгір көшесіне 830 метр жаяу жүргінші жолы төселді. Сонымен қатар, мұнайшылыр автотұрағынан балабақшаға дейінгі аралыққа да жаяу жүргінші жолы салынуда және Балабақша көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолы жаңартылуда. Оңтүстік ауыл көшесіне балалар спорт алаңы және                      М. Шолтаманұлы көшесіне балалар ойын алаңшасы салынды.

М.Өтемісұлы көшесінің бойындағы ескі қорым сырты таспен қоршалды. Демеушілік көрсеткен «КенҚұрылысСервис» ЖШС.

Әкімдік алдындағы орталық парк ішінен ауған соғысының интерноционал жауынгері Ахмет Қолдасбаевқа арнап, майдандастары бюст орнатты.

 

Көше жарықтары

Ауылдың электр энергиясына техникалық қызмет көрсетуіне «Өзен Жылу» МКК-ны жауапты. Есепті кезеңге 890 дана лампа, 220 дана дроссель, 130 дана ИЗУ, 7 дана фотореле, 250 дана ДРЛ ауыстырылды. Сондай-ақ, ауыл көшелеріне 85 дана «LED» жарық шамдары орнатылды. Абай көшесі мен М.Өтемісұлы көшесінің қиылысында орналасқан трансформатор ауыстырылды. 2021 жылы жаңадан салынған 6 тұрғын үй тоқ желісіне қосылды. Оңтүстік ауыл автокөлік жолының бойына 22 дана бағана қойылып, көше жарық әуе желісі тартылып, 18 дана ДНАТ жарық шамдары қойылды. Оңтүстік ауыл 65 тұрғын үй мен 50 аралығына тұрғындардың өтініші бойынша  әуе тоқ желісі тартылды. Оңтүстік ауыл № 69 тұрғын үй үстінен өтіп жатқан ашық электр сымын СИП 2х16–100 метр  электр сымына ауыстырылды.

Қоғамдық қауіпсіздік саласы

Қызылсай ауылында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, бұзақылық пен қылмыстың алдын алу мәселелері басты назарда. Ауылда 2 учаскелік полиция қызметкері жұмыс жасайды. 2021 жылдың жылдық айлық қорытындысы бойынша жалпы қылмыс саны – 4, ашылғаны – 4,

  1. Кісі өлтіру дерегі – 1. Ашылған
  2. Бұзақылық дерегі – 1. Ашылған
  3. Құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді егу – 1. Ашылған
  4. Оқ дәрілермен атыс қаруын заңсыз сақтау – 1. Ашылған

Кәмелетке толмағандар арасында жасалған қылмыстар орын алған жоқ.

Мектеп мұғалімдері мен полиция тірек пункті қызметкерлерінің және жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің ұйымдастыруымен ауылдың қоғамдық қауіпсіздігін қадағалау мақсатында, рейдтік жұмыстар жүргізіліп тұрады.

Атап айтар болсақ, әр тоқсанда 2 рет ауылда кәмелет жасына толмаған балалардың кешкі сағат 2300-ден кейін көшеде жүрмеуін қадағалау мақсатында рейдтік шаралар ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, кешкі мезгілде ауылдағы азық-түлік дүкендерінде ішімдіктер мен темекі өнімдерінің сатылуын болдырмау мақсатында да арнайы іс-шаралар өткізіліп, жеке кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

 

Ауыл көшелері бойынша

Ауылда барлығы 39 көше бар, оның 10 асфальтталған.

- Жалпы жол ұзындығы – 31,58 шақырым.

  • Асфальт жолының ұзындығы – 14,73 шақырым.
  • Асфальттанбаған бөлігі – 16,85 шақырым.

Ауылішілік автокөлік жолын салу мақсатында 6,2 шақырым                           11 көше, 2 аралық. Атап айтатын болсақ, О.Оңғарбаев, Қ.Аманиязов,             Б.Борсанов, Ж.Қаспаев, Жаңақұрылыс, Қазақстан, Бұрғышы, И.Тайманов, Ғ.Мұратбаев, Т.Рысқұлов, Жоғарғы ауыл және Мешіт ауылының №3, 4 аралыққа жобалық-сметалық құжат жасақтауға тапсырыс берілді.

Сонымен қатар, Қызылсай-Жаңаөзен автокөлік жолына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында смета жасақталды. Смета құны 324,1 млн. теңгені құрайды. Тиісті қаражат бөлінуі үшін бюджеттік өтінім берілді.

Сонымен қатар, дәрігерлік амбулатория аумағында жедел жәрдем автокөлігінің қозғалысын жеңілдету мақсатында айналма жол салынды.

Ауыл тұрғындарының өтінішіне сәйкес, мектеп алдына бағдаршам қою жұмыстары жүргізілетін болады.

Жыл соңында ауыл ішіндегі 35 дана жол белгілері жаңартылды.

 

Байланыс саласы

Қазіргі уақытта ауылда 400 тұрғын үйге телефон желісі, 478 үйге интернет желісі тартылған. «Синерджи телеком» ЖШС–ы ауылда қосымша интернет желісін жүргізіп, ауыл тұрғындарының өтініштері негізінде интернет желісіне қосу жұмыстарын бастады.

 

Спорт саласы

Қызылсай ауылында №3 балалар және жасөспірімдер спорт мектебі қызмет атқарады. Онда 17 секция бар. 29 мұғалім жұмыс жасап, 856 оқушылар спортпен шұғылданады. Спортшылар республикалық, облыстық жарыстардан жүлделі орындар алып жүр.

Сонымен қатар, спорт кешені жанынан көпфункцияналды спорт кешенінің (ангар типті) құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат жасақталды. Жоба құны 413 661 000 теңгені құрайды. Облыстық әкімдікке бюджеттік өтінім жолданды.

Қорытындылай келе, 2021 жылы атқарылған жұмыстар аз емес, дегенмен, алда тұрған үлкен мәселелер, міндеттер бар. Оларды атап өтетін болсақ,

- Ауылішілік 6,2 шақырым автокөлік жолын салуға жобалық-сметалық құжаттама жасақтау;

- Спорт кешені жанынан көпфункцияналды спорт кешенінің (ангар типті) құрылысына бақылау жасау;

- Екі кіреберісті өрт сөндіру депосының құрылысына жобалық сметалық құжаттама жасақтау;   

- 2022 жылы ауыл көшелеріне 250 дана жарық диодты шамдар орнату;

- Ауылымызға «Каспий банк» терминалдарын орналастыру;

- Ауылды телефон және интернет байланысын әлі де болса күшейту;

- Ауылда орналасқан балалар ойын алаңшаларына жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде міндеттер тұр.

 

Төраға, А. Каменов: Келесі кезек жиналыс тәртібі бойынша ұсыныс сұрақтарға беріледі.

 

ІІІ. Сұрақтар мен ұсыныстар:

         1)  А. Бекембай – жергілікті қоғамдастық мүшесі: Ауыл бойынша 2021 жылы көптеген жұмыстар жасалған. Дегенмен, ауыл ішілік көшелерге автокөлік жолдарын салу қажет.   

Жауабы, ауыл әкімі Р.Абишаев: Ауылішілік автокөлік жолын салу мақсатында 6,2 шақырым 11 көше, 2 аралық. Атап айтатын болсақ, О.Оңғарбаев, Қ.Аманиязов, Б.Борсанов, Ж.Қаспаев, Жаңақұрылыс, Қазақстан, Бұрғышы, И.Тайманов, Ғ.Мұратбаев, Т.Рысқұлов, Жоғарғы ауыл және Мешіт ауылының №3, 4 аралыққа жобалық-сметалық құжат жасақтауға тапсырыс берілді.

2) Т.Назаров – жергілікті қоғамдастық мүшесі: Қызылсай ауылынан кәсіпкерлікті дамыту мақсатында аукцион арқылы жер учаскелері көптеп берілсе.

Жауабы, ауыл әкімі Р.Абишаев: Ұсынысыңыз орынды. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында алдағы уақытта ауылдан тағы 16 жер учаскесі аукцион арқылы тұрғындарға ұсынылатын болады.

Төраға, А. Каменов:

Құрметті есеп беру жиналысына қатысушылар, кездесуде келіп түскен сұрақтармен ұсыныс пікірлерді іске асыру үшін әкімдікке жолданады. Жиналысымыз нәтижелі өтті деп есептеймін.

Бүгінгі жиналыста ауыл тұрғындарының ұсынысы бойынша бір мәселе қаралған болатын. Мәселе өз шешімін тауып, Сіздердің толық қолдауларыңыздың арқасында, шешім бірауыздан қабылданды. Ауыл әкімінің аппараты жиналыста қабылданған шешім бойынша тиісті жұмыстарын атқарсын. Атқарылған жұмыстарының есебін келесі жиында баяндасын.

Күн тәртібі толық қарастырылды.

Жиналысты өткізу бойынша қандай ұсыныстар мен ескертулер бар?

Ұсыныстар мен ескертулер жоқ.

 

Жиналысты «жабық» - деп, жариялауға рұқсат етіңіздер.

Сау болыңыздар.

 

 

Жиналыс төрағасы                        ________________ А.Каменов

 

Хатшы                                               ________________ Г. Кажинова

Қызылсай ауылының әкімі Р.Абишаевтың 2021 жылғы ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және алда тұрған міндеттері туралы жергілікті қоғамдастық жиналысы алдындағы есеп беру кездесуінің Х А Т Т А М А С Ы
Дата публикации
31 августа 2022