БЖЗҚ салымшылары 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында таза инвестициялық табыс түрінде 753 миллиардтан астам теңге алды
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының зейнетақы жинақтары 2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 12,8 триллион теңгеге жетті. Бәрімізге белгілі, бұл сома зейнетақы жарналары мен инвестициялық табысты қамтиды.
2021 жылғы 1 қаңтардан 1 шілдеге дейінгі бірінші жартыжылдықта БЖЗҚ салымшыларының шоттарына 753,3 млрд теңге мөлшерінде таза инвестициялық табыс есептелгенін атап өту маңызды. Бұл өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 210 млрд теңгеге немесе 39% артық. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша кірістілік жыл басынан бері 6,1%, ал инфляция 4,6% болды. Соңғы 12 айда инфляция 7,9%, кірістілік 12,1% көрсетті.
Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижелеріне сәйкес апта сайын қайта есептеледі және қайта бағаланады. Инвестициялық табыстың құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау түріндегі кірістер, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және т. б. кіреді.
Жалпы, барлық зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілген сәттен бастап Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс шамамен 5,4 трлн теңге болды. 2021 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі таза инвестициялық табыстың үлесі 36,3% болды.