Теңге ауылы әкімі С.Калаубаевтың 2019 жылдың қортындысы бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде тұрғындар алдындағы жылдық есебі

Теңге ауылының әкімі С.Калаубаевтың 2019 жылы атқарылған жұмыстар жөніндегі жылдық есебі

 

Құрметті ауыл тұрғындары!

Әріптестер!

   

Өздеріңізге мәлім, Қазақстан Республикасының Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдер тұрғындар алдында есеп беру кездесулерін өткізуде.

Теңге ауылында 2019 жылы атқарылған

жұмыстарға тоқталсақ:

Жаңаөзен қаласының әкімшілік-аумақтық құрылымындағы Теңге ауылының  жалпы ауданы – 19 мың 199 гектарды құрайды.

Есепті кезеңге Теңге ауылының халық саны – 16 мың 567 адамды құрады.

2019 жылы – Теңге ауылы бойынша 51 адам дүниеден өтсе, 454 сәби дүниеге келді (2018 жылы - 502 сәби).

Әлеуметтік қорғау:

2019 жыл жағдайы бойынша Теңге ауылынан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны - 1420 адамды құрайды.

Есепті кезеңде жұмыссыз ретінде тіркелген тұрғындардан:

  • Жастар практикасына – 22 адам,
  • Тұрақты жұмысқа – 385 адам,
  • Әлеуметтік жұмыс орындарына – 18 адам,
  • Ақылы қоғамдық жұмыстарға – 160 адам жолданды.

 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы №919 қаулысымен бекітілген «2017-2021 жылдары нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» бойынша, азаматтарды сұранысқа ие мамандықтар бойынша жаппай оқытуды ұйымдастыру көзделген.

Аталған бағдарлама шеңберінде Теңге ауылынан аспазшы, жобалаушы, кондитер мамандықтары бойынша кәсіптік оқытуға 10 адам жолданып, мамандықтарды меңгергендігі жөнінде сертификаттарға ие  болды.

2019 жылдың 1 сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы бойынша 136  отбасындағы 846 адамға 111 млн 946,5 мың теңге көлемінде қаражат тағайындалды.

  Сонымен қатар,

  • Тұрмысы төмен 58 отбасыға - 1 млн 919 мың теңге көлемінде бір жолғы әлеуметтік көмек берілді;
  • Ай сайынғы коммуналдық төлемдерін өтеу үшін 8 отбасындағы 42 адамға 172 мың 869 теңге өтемақы төленді.

        Жаңаөзен қаласында 2019  жылдың наурыз айында «Бизнес 3 күнде» жобасы бастау алды.    Аталған жоба аясында Теңге ауылының 12 отбасы меценаттардың қолдауымен тігін кәсібі, қолөнер бұйымдары, тоқыма бұйымдары, тәтті тағамдар дайындауға арналған қажетті құрал жабдықтармен қамтылып, өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік алды және қазіргі таңда сол кәсіптерін жалғастыруда.

Мемлекет қолдауымен 2009 жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Дипломмен – ауылға!» әлеу­меттік бағдарламасы аясында ауылдық елді мекенде жұмыс істеуге және тұруға келген - 5 маманға 176 мың 750 теңгеден көтерме жәрдемақы берілді.

Ауылға жұмыс істеуге және тұруға келген білім беру саласының  1 жас маманына тұрғын үй сатып алуға 3 млн. 787 мың теңге көлемінде бюджеттік кредит берілді.

  2019 жылы тамыз айында «Мектепке жол» акциясы аясында 17 баланың ата-анасына қаржылай көмек көрсетілді.

Білім беру саласы

Бүгінгі күні, ауылдағы білім беру ісі, сыйымдылығы:

  • 856 орындық №14 орта мектепте – 848 оқушы;
  • 624 орындық №17 орта мектепте – 1 181 оқушы;
  • 900 орындық №11 орта мектепте – 1 270 оқушы;
  • Барлығы – 3299 оқушы білім алуда.

Теңге ауылы бойынша 2018-2019 оқу жылында 11 сыныпты бітірген 11 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанып, жоғары және арнайы орта білім алу гранттарын иеленіп, білім алуда.

         2018/2019 оқу жылында  Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша, ауыл мектептері арасында орташа ұпай – 82,5 пайызды құрады.

Сонымен қатар, «Теңге бөбекжай-балабақшасы» мектепке дейінгі білім беру ұйымында  қазіргі таңда - 600 бала тәрбиеленуде.

2019 жылы ауыл әкімдігі тарапынан мемлекеттік тапсырыс негізінде  «Қостерек» жекеменшік балабақшасында тәрбиеленетін 70 балаға –24 млн. 533 мың теңге көлемінде қаржы бөлінді. 

Ауылдағы бала бақшамен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайды.

Денсаулық сақтау саласы

Ауылдың орталық бөлігінде орналасқан бастапқы медико-санитарлық көмек көрсету орталығы және шығыс бөлігінде орналасқан дәрігерлік амбулатория6 ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсетеді. Аталған медициналық мекемелерде – 1 бөлім меңгерушісі, 10 дәрігер, 62 медбике қызмет етуде.

Жыл бойына қабылдауға келгендер саны  - 180 220 адам.

Сонымен қатар ауылдың батыс бөлігінде, осы жылы ашылған «Шипа-Мед» жекеменшік медицина орталығы да, тұрғындарға өз қызметін көрсетуде.

Ауылда қалалық жедел жәрдем станциясының бөлімшесі орналасқан.

Мәдениет саласы

Ауылдың мәдени өмірінің негізгі ошағы, сыйымдылығы 300 орынға арналған «Атамұра» мәдениет үйі болып табылады. Есептік кезеңде «Атамұра» мәдениет үйінде барлығы - 87 мәдени шаралар өткізілді. Аталған мәдени іс-шараларда - 975 өнерпаз өнер көрсетіп, тиісінше көрерменмен қамтылды. Теңге ауылының 55 жылдығына арналған барлық мәдени шаралар «Атамұра» мәдениет үйі қызметкерлерінің белсенді қатысуымен өткендігін атап өткім келеді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күні қарсаңында мәдениет үйі өнерпаздарының күшімен, қаламызда орналасқан 5548 әскери бөлімінің сарбаздарына тарту ретінде, үлкен концерттік бағдарлама ұсынылды.

Бүгінгі таңда, мәдениет үйінде:

  • «Жыр, терме» үйірмесі;
  • «Домбыра» үйірмесі;
  • «Ән» үйірмесі;
  • «Көркемсөз» үйірмесі;
  • «Сурет» үйірмесі қызмет көрсетеді.

Үйірмелерге барлығы –99 жас өнерпаздар қатысып, тәлім алуда.

         Спорт саласы

Есептік кезеңге дейін ауылда шағын футболға арналған 3 спорт алаңы, бүлдіршіндерге арналған 5 балалар алаңшасы, 2 дана «Воркаут» спорт алаңшасы орнатылған.

2019 жылы қараша айында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік қоры қаражаты есебінен, №17 орта мектеп ауласының бір бөлігінен көпсалалы спорт алаңшасы құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, ағымдағы жылға екі балалар ойын алаңшасы мен екі шағын футбол алаңшасын салуға ұсыныс берілді.

№11 және №14 орта мектеп ауласынан ангар типтес спорт кешенін салу жоспарлануда.

Есептік кезеңде Теңге ауылының №14 орта мектеп жанында орналасқан алаңға "Қазақстан барысы" жобасына іріктеу кезеңі, "ЖАҢАӨЗЕН БАРЫСЫ - 2019" қазақ күресі балуандарының сайысы өткізіліп жеңімпаздар анықталды. Бірнеше рет ауыл мектептері арасында волейбол, шағын футбол сияқты спорттың бұқаралық түрлерінен жарыстар өткізілді.

№14 орта мектеп спорт залында 300 ге жуық жасөспірім қатысқан дзюдодан облыстық деңгейде турнир ұйымдастырылды.

Кәсіпкерлік сала:

Ауылымызда 56 шағын бизнес субъектісі және 3 шаруа қожалығы тіркелген. Шағын бизнес субъектілері негізінен азық-түлік тауарларын бөлшектеп сату және автокөліктерге сервистік қызмет көрсету саласын қамтыса,  шаруа қожалықтары қызметінің негізгі түрі - мал шаруашылығы.

Есептік кезеңде ауылда бірнеше кәсіпкерлік субъектілері ашылды. Оның ішінде «Асар» мал сою пунктін,  жоғарыда аталған «Shipa Med» медициналық орталығын, «Әлібек» шағын маркетін, «Зулейха» ТҚКО  атап өтуге болады.

         Бүгінде, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының» аясында, 127 ауыл тұрғыны «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, 24 адамға жалпы сомасы 12 120,0 мың теңге  грант беріліп, өз кәсіптерін бастауда.

Сондай–ақ, биыл ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Халықаралық қайта құру және даму банкінің «Zhas project» жастар корпусын дамыту жобасы Теңге ауылында да іске асты. Жобаның негізгі мақсаты жастарға 1 000,0 мың теңге көлемінде грант бөліп, өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік беру. Есептік кезеңде жоба аясында ауыл тұрғындарынан құралған 15 топ, бастауыш сынып оқушыларына арналған дамыту орталығы, тігін цехы, ағылшын тілі курстары, ешкі сүтін өндіру, құс шаруашылығы және өзге де салалар бойынша өз кәсіптерін бастады.

Ауыл шаруашылығы

 2020 жылдың 1 қаңтарына, Теңге ауылы бойынша:

  • жылқы – 1009 бас;
  • түйе – 1306 бас;
  • сиыр – 145 бас;
  • ұсақ мал –1122 бас тіркелген.

Есептік кезеңде ауыл бойынша «Жаңаөзен  қалалық  ветеринариялық станциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің  мамандарымен - жұқпалы ауруларға қарсы екпелер егіліп, өз деңгейінде тиісті жұмыстар атқарылды.

Сонымен қатар, аталған мекеменің көмегімен - 552 ит ауланып, жойылды.

 Теңге ауылын санитарлық тазалау, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары

2019 жылы ауыл аумағын санитарлық тазарту жұмыстары үшін, жалпы сомасы 34 млн 556 мың теңгеге, бастапқыда «Тазалық» МКК мен, кейіннен «Жөндеу-пайдалану кәсіпорны» ЖШС-мен конкурс негізінде келісім-шарт жасақталды. Ауылда аталған мекеменің 33 адамнан құралған бригадасы қызмет етіп, ауылдың санитарлық тазалу жай күйін бір қалыпты ұстады.

Ал, көшелердегі тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жұмыстарын «Тазалық-С» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарып келеді.

2019 жылы Теңге ауылында маусымдық көгалдандыру жұмыстары жалғасын тапты. Атап айтсақ: 100 түп қарағаш, 5 000 дана бір жылдық, 500 дана көп жылдық гүлдер егілді. Ағаштарды әктеу, улау, бұталарын кесу және сурау жұмыстары кестеге және тапсырысқа сәйкес орындалды. Бұдан бөлек, ауыл азаматтарының қолдауымен, «Анаға тағзым» аллеясына 300 ден астам түрлі ағаш бұтақтары отырғызылды.

         Достық даңғылы бойында ұзындығы 892 метрді құрайтын қоршау орнату жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар осы жылы да жалғасын табатын болады.

         Ауылдың шығыс бөлігінде орналасқан дәрігерлік амбулатория алдындағы автокөліктерге арналған көлік тұрағы ретке келтірілді.

    «Өзенинвест» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жұмысшыларымен Аралбай Оңғарбекұлы көшесі бойында және Жалау Мыңбаев көшесі мен Абыл Өтембетұлы көшесі аралығындағы жаяу жүргіншілер жолына жөндеу жұмыстары жүргізілді, Қазақстан көшесі №13 үй жанынан Жайберген Бейнеубаев көшесінде орналасқан балабақшаға дейінгі аралыққа ұзындығы 450 метр жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстарын жүргізілуде.

         Сонымен қатар, ағымдағы жылға Нұрғиса Тілендиев көшесіне, Дина Нұрпейсова көшесіне, Тобанияз көшесінің жалғасы, яғни Қазақстан көшесі №55 үйінен Ахмет Жұбанов көшесі №14 аралығына, Мұрын Жырау көшесі бойына, Отарбай Иманғазыұлы көшесі №19 үйінен Ш.Айманов көшесі №19 үйіне дейінгі аралығына, Шакен Айманов көшесі №1А үйінен Рақымжан Қошқарбаев көшесі №17 орта мектеп қасбетіне дейінгі аралығына,  Қайып Қорабайұлы көшесі №72 үйінен №76 үйіне дейінгі аралығына,                                            Мұқан Төлебаев көшесі №1 үй жанынан Ахмет Жұбанов көшесі №14 үйі аралығы жалпы ұзындығы 5800 метр жаяу жүргіншілер жолын салуға ұсыныс берілді;

Елбасының бастамасына сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкіметі 25.06.2005 жылғы № 632 қаулысымен, «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасын енгізген болатын. Есептік кезеңде осы бағдарлама аясында  он алты жастан асқан, аз қамтылған және толық емес отбасылардың 43 студент және жоғарғы сыныптағы балалары маусымдық жұмыспен қамтылды.

Ауыл орталығындағы байланыс үйі ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, ауылдың ішінде автокөлік жолы бойындағы аялдамалар сырланып жаңартылды.  

Жауын-шашын жауған күндері мөлшерден тыс су жиналатын Әліби Жангелдин көшесі мен Досан Тажиев көшесі қиылысына, Әліби Жангелдин көшесі мен Мұрат Өскінбаев көшесі қиылысына, Төле би көшесі №2 үй жанына, Аралбай Оңғарбекұлы көшесі №14 үй жаны, Бейнеубай Құлшарұлы көшесі  №36,37 үйлері жанына, Исатай Сүйеубайұлы көшесі №46 үй жанына, Қалнияз ақын  көшесі  № 37 үй жанына, Иманғазы Отарбайұлы көшесі №19 үй жанына тереңдігі 4 метр құрайтын дренаждық құдық қазылып, беті темір тормен жабылды. Бұл жұмыстарды ағымдағы жылы жалғастыру жоспарға қойылған.

Ауылдың ауыз сумен қамтылуы

Қазіргі таңда, ауыл бойынша жалпы саны – 2545 тұрғын үйге су құбыры жүргізілген.

2019 жылы ауыз судың пайдаланылған көлемі – 395 899 текше метр. Ауыл бойынша тұрғындармен пайдаланылған ауыз суға бюджет қаражаты есебінен - 29 млн. 153 мың 273 теңге субсидияланды.

«Өзенинвест» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнымен ауылдағы ауыз су құдықтарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бүлінген бірнеше су құдығының қақпақтары қайта қалпына келтірілді.

Ауылдағы автомобиль жолдарының жағдайы, байланыспен, электроэнергиямен, газбен қамтамасыз ету мәселелері

Автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы - 55,95 шақырымды құрайды, оның ішінде асфальттанғаны - 18,89 шақырым, яғни 33,7 пайыз.

2019 ж. Теңге ауылының 2016 жылы жол құрылысы жүргізілген уақытта жобада енгізілмеген Қазақстан көшесінің 300 метр ғана автокөлік жолы құрылысы жүргізілді.

Сонымен қатар, Мәди Бегенов,  Сүгір Бегендікұлы, Қайып Қорбайұлы, Сәттіғұл, Қылыш Нәдірбаев, Аралбай Оңғарбекұлы жалғасы, Нұрғиса Тілендиев, Нүркен Әбдіров, Төлеген Токтаров, Ғани Мұратбаев, Проектная №44, Ахмет Жұбанов, Исатай  Сүйеубайұлы, Қалнияз Ақын, Жұбантұр Құлжанов, Отарбай  Иманғазыұлы және Ш.Айманов пен Ж.Құлжанов аралығы 10,7 шақырым автокөлік жолдарын салуға жобалық сметалық құжаттамаларын жасақтатуға ұсыныс берілді.

Теңге ауылының шығыс бөлігіндегі темір жол өткелінен «Тазалық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қарай бағытталған автокөлік жолына және Жангелдин көшесі мен № 14 мектеп аралығынадағы жолға, орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге сметалық құжаттамасы жасақталып, ұсыныс берілді.

Сонымен қатар, 23 дана жол белгісі орнатылып, жол жүрісі жолағы мен жаяу жүргіншілер жолақтары кестеге сәйкес жаңартылды. Абыл Өтембетұлы көшесі №1 үйдің жанына жаңадан жаяу жүргінші жолағы сызылып, тиісті жол белгілерімен қатар жасанды жол кедергісі орнатылды.

Ауылда 2 телефон станциясы бар. Бүгінде ауыл бойынша 731 – тұрғын үй телефон және ғаламтор желісіне қосылған.

Теңге ауылын электр энергиямен «Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясы» АҚ-ның Жаңаөзен аудандық бөлімі (абонент саны – 1 272) және «ӨзенЭнергоСервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны (абонент саны – 1287) қамтамасыз етеді.

Ауыл бойынша жалпы электр энергиясымен қамтылған тұрғын үй саны – 2 559.

Электр желілерінің жалпы ұзындығы - 72 шақырымды құрайды.

Есептік кезеңде трансформаторлық қосалқы станцияларына және тарату тораптарына (РП) күзгі-қысқы мезгілге дайындық шаралары уақытылы атқарылды. Дина Нұрпейсова көшесіндегі талапқа сәйкес келмейтін 0,4 кВ әуе желісі алынып, орнына бір шақырымды құрайтын АС-50 сым желісі тартылды.

Теңге ауылының көшелеріндегі 900 дана көше жарық шамдарына қызмет көрсету «Өзенэнергосервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнымен жүргізілді. Барлығы 590 дана қуаты 250 Вт шамы ауыстырлып, істен шыққан 298 дана дроссель мен 9 дана импульсті жағушы құрылғы ауыстырылып, тиісті жұмыстар атқарылды.

Ауыл бойынша жарық шамдары жүргізілмеген көшелердің бірі Достық даңғылы 1-5 үйлері аралығына, Нүркен Әбдіров көшесі бойына кәсіпкерлердің қолдауымен, ішінара жарық шамдары орнатылды.

Ауылда - 2 589 тұтынушыға газ желісі жүргізілген. Газ желісінің ұзындығы 71,45 шақырым. Есептік кезеңде «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жаңаөзен газ шаруашылығы бөлімшесімен Ахмет Жұбанов көшесіне жаңадан қосымша газ реттеуіш пункті орнатылды.

Бүгін де ауыл тұрғындары ауыз сумен, газбен және электр энергиясымен толықтай қамтылып отыр.

Қоғамдық тәртіп

Ауылымызда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, бұзақылық пен қылмыстың алдын алу мәселелері басты назарда.

Ауылда 2 учаскелік полиция қызметкері жұмыс жасайтын тірек пункті орналасқан. Учаскелік полиция қызметкерлері қызметтік автокөлікпен қамтылған.

2019 жылы учаскелік полицияның профилактикалық есебінде тіркеуде тұрғандардың жалпы саны - 75 адам. 

2019 жылы ауылда 20 қылмыстық оқиға тіркеліп, соның ішінде ізін суытпай - 15 қылмыс ашылды. (2018 жылы ауылда 37 қылмыстық оқиға тіркеліп, соның ішінде ізін суытпай - 25 қылмыс ашылды).

Ұрлық 9 дерек, ашылғаны 5 дерек;

Тонау – 1 дерек;

Заңсыз қару сақтаған 1дерек, ашылды.

Есірткі өнімдерін заңсыз сақтау, тасымалдау – 8 дерек, оның 8 ашылды;

Автокөлік ұрлығы - 1 дерек.

 

         Елбасы - Н.Ә. Назарбаев 2017 жылғы 12 сәуірде жариялаған  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында     -  Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады - деген болатын.

 Аталған жоба – ауыл аймақтардағы мәдени, рухани өмірді жандандырып, тұрғындардың әлеуетін арттыру бағытын көздейді. Ол үшін еліміздің танымал тұлғаларын, кәсіпкерлерді, қарапайым ауыл  азаматтарын өз туған жеріне, ауылдарына барып, игілікті іске мұрындық болуға шақыру қажет болды.

 2019 жылы Теңге ауылының қалыптаса бастағанына 55 жыл толуына орай, осы ауылдан шыққан, елге беделді, білікті басшы, кәсіпкер азаматтардың бірауыздан келісімге келуімен ұйымдастыру алқасы құрылып, мерейтойға арналған іс-шаралар жоспары жасақталып, бірқатар жұмыстар қолға алынды.

  Осы іс шара жоспарына сәйкес:

- Ауылдың оңтүстік батыс бөлігінен ауданы 9570 м2 құрайтын «Анаға тағзым» атты аллеясының негізгі құрылысы салынды. Алдағы уақытта аллеяны абаттандыру, көгалдандыру  жұмыстары өз жалғасын табатын болады.

- «Бұрғылау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен 3 жерден темір конструкциялы «Теңге ауылы» атты стела орнатылды.

         - «Қазақ газ өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен  5 дана билборд және 4 дана керме (перетяжка)  нысандары орнатылып,  ұранды сөздер жазылған плакаттар ілінді.

Сонымен қатар, №14 орта мектеп жанында орналасқан алаңға 13 метрлік тутұғыр (флагшток) қадалып, алаңнын ортасында орналасқан жарық шамы бағаналарын алаң сыртына орнату жұмыстары жүргізілді.

Достық даңғылы бойынан ауыл ақсақалдарына арнап көлеңкелі орындық, маусымдық көкөніс өнімдері жәрмеңкесін ұйымдастыруға арналған темір конструкциялы сауда саттық текшесі (павильоны) орнатылды.

         Сондай-ақ, Абыл Өтембетұлы көшесі №1 үй жанынан және Нүркен Әбдіров көшесі №1 үй жанынан, жасанды көгал төселген 2 шағын футбол алаңшасы пайдалануға берілді.  Аталған алаңшаларда мерейтойға орай ауыл жастарының арасында және 7 сыныпқа дейінгі мектеп оқушылары арасында шағын футболдан турнирлер ұйымдастырылды.

         Ауылдың орталық  көшесі бойына, жеке кәсіпкер Ишахатов Молбайдың қолдауымен көше атаулары жазылған тақтайшалар орнатылса, Достық даңғылы мен Әліби Жангелдин көшесі қиылысына, ауыл тұрғыны Уалиев Талғаттың тартуы ретінде, «Глобус» кіші архитектуралық формасының қойылғанын атап өтуге болады.

Жалпы, іс-шара жоспарына сәйкес жасалған жұмыстар «Өзенмұнайгаз» АҚ және оған қарасты мекемелердің, кәсіподақтарының, сонымен қатар «Өзенмұнайсервис» ЖШС, «Қазақ газ өңдеу за­уыты» ЖШС,  «Бұрғылау» ЖШС, «Жанарыс» ЖШС секілді ірі өндірістік мекемелердің, жеке кәсіпкерлер мен қарапайым ауыл тұрғындарының жан-жақты қолдау білдіріп, көмек қолын созуы арқасында жүзеге асырылғанын ризашылықпен атап өткім келеді.

2019 ж. қаңтарда ауыл тұрғындары алдында есеп беру кездесуінде түскен ұсыныс - пікірлер бойынша іс-шаралар жоспары жасақталып, іске асырылды. Атап айтсақ:

  1. Қазақстан көшесінен Жайберген Бейнеубаев көшесінде орналасқан балабақшаға дейінгі аралықта жаяу жүргінші жолы болмағандықтан балалар автокөлік жолы бойымен жүріп жүр. Осы жерге жаяу жүргінші жолын салып берсеңіз деген ұсыныс түскен болатын. Жоғарыда аталып өткендей «Өзенинвест» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жұмысшыларымен Қазақстан көшесі №13 үй жанынан Жайберген Бейнеубаев көшесінде орналасқан балабақшаға дейінгі аралыққа ұзындығы 450 метр жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстарын жүргізілуде.
  2. Түскі және кешкі жұмыстан қайтқан уақытта темір жол өткелінде орын алатын кептеліске қатысты. Жаңаөзен-Кендірлі бағытындағы Республикалық маңыздағы автомобиль жолының Теңге ауылы, Достық даңғылындағы темір жол өткеліндегі кептелісті азайтуға байланысты, қала әкімі Мақсат Оңғарбайұлы Ибағаровтың тапсырмасына сәйкес, аталған темір жол өткеліне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда автокөліктердің темір жол өткелінен өту қарқыны жақсарды.
  3. Теңге ауылы әкімдігі мен пошта бөлімшесі ғимаратын салу. Теңге ауылы әкімдігі мен пошта бөлімшесі ғимаратын салу мәселесі бұған дейін де бірнеше рет көтерілген болатын. Биылғы жылы, аталған мәселені шешу мақсатында, ауыл орталығындағы бұрынғы байланыс үйі орналасқан алаң зерделеніп, қалалық сәулет және қала құрлысы бөліміне ұсыныс жолданды.

         Сонымен қатар, ағымдағы жылға жоспарға қойған мақсаттар мен міндеттерді атап өтетін болсам:

  1. Жоғарыда аталып өткен көшелерге жаяу жүргіншілер жолын салу;
  2. Ауылға ойын алаңшалары мен футбол алаңдарын салу;
  3. Дина Нұрпейсова көшесі мен Түмен Балтабасұлы көшелерінің электр бағаналары мен желілерін одан әрі ретке келтіру;
  4. Достық даңғылы бойында отырғызылған көкжелектерге қоршау орнату жұмыстарын жалғастыру;
  5. Теңге ауылының шығыс бөлігіндегі темір жол өткелінен «Тазалық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қарай бағытталған автокөлік жолына және Жангелдин көшесі мен № 14 мектеп аралығынадағы жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу;
  6. Ұсыныс берілген, 10,7 шақырым автокөлік жолдарын салу жобалық сметалық құжаттамаларын жасақтату.

         Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласын әлеуметтiк-экономикалық дамытудың 2019 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында, іске асырылу жоспарланған келесідей жобалардың:

1.   Жаңаөзен қаласының су тазарту құрылысынан Теңге ауылына дейін су құбырын салу жұмыстарын.

  1. Жаңаөзен қаласының Теңге ауылында аяқталмаған жер учаскелерінің инженерлік желілерін салу (ауыз суменмен, газбен, электр энергиясымен жабдықтау) жобаларының Теңге ауылында іске асыруын қадағалау.

 

Құрметті ауыл тұрғындары!

Құрметті жиынға қатысушылар!

 

Міне, бүгін біз ауылымыздағы атқарылған бір жылдық жұмысымызды қортындылап, сіздердің алдарыңызда сол жұмыстардың есебін ұсынып отырмыз. Есепті кезеңде көптеген жұмыстар атқарылды. Дегенмен ауылымызда кезегін күтіп тұрған, жасалуға тиісті жұмыстар әлі де жеткілікті.

Осыған орай, сөзімді қорыта келе, алдымызда тұрған еңселі мақсаттар мен міндеттерді,  жоспардағы іс-шараларды өздеріңізбен бірлесе отырып, ойдағыдай жүзеге асыруға толық мүмкіндіктеріміз бар деп сендіремін.

Теңге ауылы әкімі С.Калаубаевтың 2019 жылдың қортындысы бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде тұрғындар алдындағы жылдық есебі
Дата публикации
14 февраля 2020