
Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов 1 қазан - Қарттар күніне орай ардагерлердің үйіне барып, оларды қарттар күнімен құттықтады, - деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қала әкімі қарттар үйіне, 102 жастағы кейуана Мариям Джумашова және соғыс ардагері Ольга Заривняктың үйіне барып, қарттар күнімен құттықтады. Қала әкімі ардагерлерге сыйлығын табыстап, жылы лебізін білдірді.
-Қарты бар үйдің қазынасы бар. Сіздердің өнегелі өсиеттеріңіз бен ақ баталарыңыз жас ұрпақ үшін алтын қазына. Ақтау қаласының ғана емес, еліміздің дамуына қосқан үлестеріңіз орасан зор. Сіздерге зор денсаулық және мол бақыт тілеймін! Мереке құтты болсын!, - деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.
«Рауан» тұрғын үй массивінің тұрғыны, кейуана Мариям Джумашова өсиетін айтып, ақ батасын берді.
-Осындай мерекеде келіп құттықтағандарыңызға алғысымды білдіремін. Ақтау қаласы дами берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, - деді Мариям Джумашова.