ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘКІМШІЛІК РӘСІМДІК-ПРОЦЕСТІК КОДЕКСІ

       1-БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       1-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘКІМШІЛІК РӘСІМДЕР ТУРАЛЫ ЗАҢНАМАСЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘКІМШІЛІК СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУ ТУРАЛЫ ЗАҢНАМАСЫ

       1-бап. Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасы және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасы

  1. Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына негізделген осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
  2. Әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

       Осы Кодекс Қазақстан Республикасының заңдарында реттелмеген бөлігінде әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды реттейді.

  1. Қазақстан Республикасының аумағында әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының Конституциясына және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына негізделген Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында, осы Кодексте айқындалады.

       Егер осы Кодексте өзгеше тәртіп көзделмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің ережелері қолданылады.

      Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізуді реттейтін өзге де заңдарының ережелері осы Кодекске енгізілуге жатады.

  1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттық және өзге де міндеттемелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының және Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары әкімшілік және әкімшілік-процестік құқықтың құрамдас бөлігі болып табылады.

      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.11.2022 № 157-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       2-бап. Әкімшілік сот ісін жүргізуде артықшылық күші бар құқықтық нормаларды қолдану

  1. Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заң күші бар және ол Республиканың бүкіл аумағында тікелей қолданылады.
  2. Осы Кодекстің нормалары мен Қазақстан Республикасы конституциялық заңының арасында қайшылықтар болған жағдайда, конституциялық заңның ережелері қолданылады.

      Осы Кодекстің нормалары мен өзге де заңдардың арасында қайшылықтар болған жағдайда, осы Кодекстің ережелері қолданылады.

  1. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Кодекс алдында басымдыққа ие. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында көзделгендерден өзгеше қағидалар белгіленген болса, халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

       3-бап. Осы Кодексте реттелетін қатынастар

  1. Осы Кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.
  2. Мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар осы Кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары болып табылады.
  3. Мемлекеттік органдардың осы Кодексте көзделген ішкі әкімшілік рәсімдерін жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде реттелмеген бөлігінде:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің қызметінде, мемлекет басшысының қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың;

      2) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің;

      3) Қазақстан Республикасының Парламенті Палаталары, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы аппараттарының;

      4) Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты, Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі, Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты аппараттарының және соттары кеңселерінің;

      5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының, Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының және олардың құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің;

      6) Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді органдары аппараттарының;

      7) Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдарының қызметінде қолданылады.

  1. Осы Кодексте белгіленген әкімшілік рәсімдердің тәртібі:

      1) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында;

      2) Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы, Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында;

      3) мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау түрлерін жүзеге асыру тәртібі бөлігінде Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында;

       4) Қазақстан Республикасының заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, қолданысқа енгізу және жариялау тәртібі бөлігінде "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында;

       5) Қазақстан Республикасының сайлау және республикалық референдум туралы заңнамасында;

      6) Қазақстан Республикасының сыртқы барлау туралы, қарсы барлау, жедел-іздестіру қызметі туралы, сондай-ақ күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және күзету іс-шараларын жүргізу жөніндегі заңнамасында;

      7) нотариаттық әрекеттерді жасау бөлігінде Қазақстан Республикасының нотариат туралы заңнамасында;

      8) Қазақстан Республикасының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнамасында реттелетін қатынастарға қолданылмайды.

      Осы Кодексте белгіленген әкімшілік рәсімдердің тәртібі Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық өкілеттігіне және Мемлекет басшысының қызметін қамтамасыз ететін органның қызметіне қолданылмайды.

  1. Осы Кодекстің 12, 13, 14 және 15-тарауларын қоспағанда, осы Кодекстің әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру тәртібіне байланысты күші Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдар туралы заңнамасында реттелетін қатынастарға қолданылмайды.
  2. Осы Кодекстің 1, 2, 12, 13, 14 және 15-тарауларын қоспағанда, осы Кодекстің әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру тәртібіне байланысты күші әкімшілік актіні қабылдауға байланысты емес әкімшілік әрекетті жасау (әрекетсіздік таныту) тәртібіне байланысты қатынастарға қолданылмайды.
  3. Мыналар:

      1) қарау тәртібі Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жолданымдар;

       2) іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген істер әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды.

      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2021 № 91-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2023 № 23-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

       4-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар

  1. Осы Кодексте қамтылған ұғымдар мынадай мағынада қолданылады:

       1) арыз – әкімшілік рәсімге қатысушының өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін немесе басқа тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға жәрдемдесу туралы өтінішхаты қамтылған жолданым нысандарының бірі;

      2) арыз иесі – әкімшілік рәсімді жүзеге асыру үшін әкімшілік органға, лауазымды адамға жолданым берген адам, сондай-ақ өзіне қатысты әкімшілік акт қабылданатын, әкімшілік әрекет жасалатын (әрекетсіздік танылатын) адам (әкімшілік актінің адресаты);

      3) ауыртпалық салатын әкімшілік акт – әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартатын, шектейтін, тоқтататын немесе оған міндет жүктейтін, сондай-ақ оның жағдайын өзгеше түрде нашарлататын акт;

      4) әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім;

      5) әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) – әкімшілік органның, лауазымды адамның жария-құқықтық қатынастардағы, әкімшілік акт болып табылмайтын әрекеті (әрекетсіздігі);

      6) әкімшілік қалау – әкімшілік органның, лауазымды адамның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мақсаттарда және шектерде заңдылығын бағалау негізінде ықтимал шешімдердің бірін қабылдау өкілеттігі;

      7) әкімшілік орган – Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкімшілік актіні қабылдау, әкімшілік әрекет жасау (әрекетсіздік таныту) жөнінде өкілеттіктер берілген мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, мемлекеттік заңды тұлға, сондай-ақ өзге ұйым;

      8) әкімшілік рәсім – әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік істі қарау, ол бойынша шешімді қабылдау және орындау жөніндегі, жолданым негізінде немесе өз бастамасы бойынша жасалатын қызметі, сондай-ақ оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен жүзеге асырылатын қызмет;

      9) әкімшілік талап қою (талап қою) – жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында сотқа берілген талап;

      10) әкімшілік іс – әкімшілік рәсімді жүзеге асыру барысы мен нәтижелерін және (немесе) сотта жария-құқықтық даудың қаралуын тіркеп-бекітетін материалдар;

      11) бәсекелес орта – квазимемлекеттік сектор субъектілерін қоспағанда, нарық субъектілері;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      12) тармақшаның қолданысы 01.01.2026 дейін тоқтатыла тұрады - осы Кодекстің 175-бабының 2-1-бөлігін қараңыз.

      12) бейнежолданым – "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы жүзеге асыратын, әкімшілік органға, лауазымды адамға жіберілген бейнеформаттағы жеке немесе ұжымдық арыз, шағым;

      13) бейнеконференц-байланыс – өзара қашық бірнеше абоненттің нақты уақыт режимінде аудио- және бейнеақпарат алмасу мүмкіндігі беріліп, интерактивтік өзара іс-қимыл жасауы үшін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар пайдаланылатын көрсетілетін байланыс қызметі;

       14) берілген функциялардың мониторингі (бұдан әрі – мониторинг) – орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларын жүзеге асыру жөніндегі деректерді жүйелі және үздіксіз жинауға, өңдеуге, талдауға және бағалауға бағытталған іс-шаралар жиынтығы;

      14-1) деректер – өңдеуге жарамды, формалданған түрдегі ақпарат;

      14-2) деректерді басқару жөніндегі уәкілетті орган – деректерді басқару бойынша басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

       15) жауапкер – сотта талап қою берілген әкімшілік орган немесе лауазымды адам;

      15-1) жобалық басқару жөніндегі уәкілетті орган – жобалық басқару саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      16) тармақшаның қолданысы 01.01.2026 дейін тоқтатыла тұрады, тоқтатыла тұрған кезеңінде осы Кодекстің 175-бабының 2-1-бөлігінде берілген редакция қолданыста болады.

      16) жолданым – әкімшілік органға немесе лауазымды адамға жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) немесе ауызша нысанда, сондай-ақ бейнеконференц-байланыс, бейнежолданым нысанында жіберілген арыз немесе шағым;

      17) жолданымды есепке алу – жолданымдарды қабылдау және қарау жөніндегі мәліметтерді тіркеп-бекіту және оларды мемлекеттік құқықтық статистикалық есептілікте көрсету;

      18) жолданымды қабылдау – әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік рәсімге қатысушының жолданымын қабылдау жөніндегі әрекеті;

      19) жолданымды қарау – әкімшілік органның, лауазымды адамның өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешім қабылдауы;

      20) жолданымды тіркеу – жолданымның мазмұны бойынша қысқаша деректерді есепке алынатын ақпараттық құжатта тіркеп-бекіту және әрбір келіп түскен жолданымға тіркеу нөмірін беру;

      21) қолайлы әкімшілік акт – әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асыратын немесе оған жүктелген міндетті тоқтататын, сондай-ақ оның жағдайын өзгеше түрде жақсартатын акт;

      22) қызметтік ақпарат – мемлекеттік функцияларды орындау кезінде жасалатын, өңделетін және берілетін, меншік иесі, иеленушісі немесе пайдаланушысы мемлекет болып табылатын ақпарат;

      23) лауазымды адам – Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкімшілік актіні қабылдау, әкімшілік әрекет жасау (әрекетсіздік таныту) жөнінде өкілеттіктер берілген адам;

      24) мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті орган – мемлекеттік басқару органдарының қызметіне функционалдық талдау жүргізу және орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелестік ортаға беру жөніндегі басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

       25) мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасы заңдарының және өзге де нормативтік құқықтық актілерінің негізінде:

      жалпыға бірдей міндетті мінез-құлық қағидаларын айқындайтын актілерді басып шығару;

      әлеуметтік маңызы бар қоғамдық қатынастарды басқару және реттеу;

      мемлекет белгілеген жалпыға бірдей міндетті мінез-құлық қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі функцияларды мемлекет атынан жүзеге асыратын мемлекеттік билік ұйымы;

      26) мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімі – мемлекеттік органды ұйымдастыру, қызметтік құжаттарды қараудың, өткерудің ішкі тәртібі және олардың орындалуын ішкі бақылау мәселелеріне байланысты лауазымды адамның жеке-дара өкімдік қызметі немесе алқалы мемлекеттік органның қызметі, мемлекеттік органдардың, олардың құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің және лауазымды адамдардың арасында ақпарат алмасуды, сондай-ақ мемлекеттік функциялардың бәсекелес ортаға берілуін жүзеге асыруды регламенттейтін рәсім;

       27) оңтайландыру – орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың, оның ішінде функцияларды бәсекелес ортаға беруге байланысты штат санын қысқартуға, шығыстарын қысқартуға және (немесе) қайта бөлуге бағытталған шаралар кешені;

       28) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылар – осы Кодексте белгіленген тәртіппен орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері және олардың бірлестіктері, өзін-өзі реттейтін және үкіметтік емес ұйымдар;

      29) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын пайдаланушылар (бұдан әрі – пайдаланушылар) – жеке және заңды тұлғалар;

      30) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын толық беру – орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың құзыретінен функцияларды алып тастау және оларды жүзеге асыруды міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу арқылы немесе пайдаланушылардың есебінен бәсекелес ортаға беру;

      31) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар функцияларының аутсорсингі (бұдан әрі – аутсорсинг) – орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын жүзеге асыру үшін шарттар жасасу арқылы бәсекелес ортаға беру;

      31-1) петиция – мемлекеттік органға, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органға электрондық құжат нысанында жіберілген және осы Кодексте белгіленген тәртіппен қаралатын ұжымдық хабар, үн қосу немесе ұсыныс;

      32) сұрау салу – әкімшілік рәсімге қатысушының жеке немесе қоғамдық сипаттағы қызығушылық туғызатын мәселелер бойынша ақпарат беру туралы өтініші;

      33) талап қоюшы – өзінің бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген адам не оның мүддесі үшін прокурор, Қазақстан Республикасының заңдарында осындай өкілеттік берілген өзге адам талап қоюды берген тұлға;

      34) төрағалық етуші – әкімшілік істі алқалы түрде қарауға басшылық ететін не әкімшілік істі жеке-дара қарайтын судья;

      34-1) ұлттық тіркелім – "электрондық үкімет" архитектурасы шеңберінде айқындалатын, салалар (аялар) бойынша деректердің эталондық дереккөздері;

      35) ұсыныс – әкімшілік рәсімге қатысушының Қазақстан Республикасының заңдарын және өзге де нормативтік құқықтық актілерін, мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру, қоғамдық қатынастарды дамыту, мемлекет пен қоғамның әлеуметтік-экономикалық және өзге де қызметі салаларын жақсарту жөніндегі ұсынымы;

      36) үн қосу – әкімшілік рәсімге қатысушының мемлекет жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатқа, сондай-ақ қоғамдық сипаттағы оқиғалар мен құбылыстарға өз көзқарасын білдіруі;

       37) хабар – әкімшілік рәсімге қатысушының Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің бұзылғаны, мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғалардың және олардың лауазымды адамдарының жұмысындағы кемшіліктер туралы хабардар етуі;

      37-1) цифрлық трансформациялау – цифрлық технологияларды ендіруді, реинжинирингті және деректерді пайдалануды қамтитын іс-шаралар кешені;

      38) шағым – әкімшілік рәсімге қатысушының өзінің және басқа да тұлғалардың әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) бұзған құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қалпына келтіру немесе қорғау туралы талабы қамтылатын жолданым нысандарының бірі;

      39) ішкі бақылау – мемлекеттік орган қабылдаған шешімдерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын оның құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің, ведомстволық бағынысты мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, лауазымды адамдардың орындауына мемлекеттік орган жүзеге асыратын бақылау.

  1. Басқа да арнайы ұғымдар осы Кодекстің тиісті баптарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалатын мағыналарда пайдаланылады.
Дата публикации
04 февраля 2025