Ресми жариялау – міндетті шарт!

Әділет органдарының мемлекеттің қызметін құқықтық қамтамасыз етудегі міндеттерінің бірі – бұл нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу болып табылады.

Осылайша, әділет органдарының жергілікті мемлекеттік басқару органдарымен қабылданатын нормативтік құқықтық актілеріне қолданыстағы заңнамаларға сәйкестігі, құқық нормаларының бар-жоғы және мемлекеттік тіркеу қажеттілігі тұрғысынан заң сараптамасын жүргізу арқылы азаматтардың және ұйымдардың құқықтары мен бостандықтарының, заңды мүдделерiнің қорғалуын қамтамасыз етудегі рөлі зор.

Еліміздің Ата Заңы - Конституциямызда азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау оларды қолданудың міндетті шарты екендігі нақты айтылған.

Өз кезегінде, нормативтік құқықтық актіні ресми жариялау – жалпыға бірдей мәлімет үшін қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде (https://zan.gov.kz/), сондай-ақ мерзімді баспасөз басылымдарында жүзеге асырылады.

Эталондық бақылау банкін уәкілетті ұйым - ҚР Әділет министрлігі жанындағы Заңнама және құқықтық акпарат институты мен өңірлерде оның филиалдары жүргізеді.

Бұл ретте, әділет органдары мемлекеттік тіркеген әкімдердің, әкімдіктер және мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері мен қаулылары эталондық бақылау банкіне енгізу, яғни ресми жариялану үшін уәкілетті ұйымға автоматты түрде жолданатын болса, ал мемлекеттік тіркеуге жатпайтын нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік органдар оларға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күн ішінде жібереді.

Сондай-ақ, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада лауазымды тұлғаның ресми жарияланбаған нормативтік құқықтық актіні заңсыз қолдануы әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатындығы көзделген.

         Қорыта айтқанда, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында нормативтiк құқықтық актiні ресми жариялау оларды қолданудың міндетті шарты екендігін айтамыз.

 

 

Маңғыстау облысының әділет департаментінің

нормативтік құқықтық актілерді тіркеу бөлімі

Дата публикации
31 января 2024