Мүгедектердi оңалтудың кейбiр мәселелерi туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы № 26 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 3 наурызда № 10370 тіркелді.

       "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 1-тармағының 9-1), 9-5), 9-6) және 9-7) тармақшаларына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 28.02.2022 № 77 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  1. Мыналар:

       1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектер үшін жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтерін көрсету қағидалары;

       2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектер мен мүгедек балаларға санаторий-курорттық емдеуді ұсыну қағидалары;

       3) осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес Мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектерді протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдармен, арнаулы жүріп-тұру құралдарымен, оларды ауыстыру мерзімдерін қоса алғанда, қамтамасыз ету қағидалары;

       4) осы бұйрыққа 4-қосымшаға сәйкес Мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес есту кемістігі бар мүгедектер үшін ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін ұсыну қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 28.02.2022 № 77 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  1. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Әлеуметтік қызметтер департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімдік баспа басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

  1. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі С.Қ. Жақыповаға жүктелсін.
  2. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Дата публикации
02 сентября 2022