GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Қызметі
Әкім аппараты
Онлайн қабылдау
Все материалы
23 октября 2026
Мереке күндеріндегі ХҚКО мен МХҚКО-лардың жұмыс кестесі

Қазақстан Республикасы күні мерекесіне орай, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен мамандандырылған ХҚКО-лар дүйсенбі, 26 қазан күні жұмыс істемейді.

Бұл ретте, 24 қазан, сенбі күні кезекші ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лар жұмыс істейді. ХҚКО-лар азаматтарды сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін қабылдайды. Мамандандырылған ХҚКО-ларда өтініштер сағат 9:00-ден 12:00-ге дейін қабылданып, құжаттар 13:00-ге дейін беріледі.

Шығыс Қазақстан облысындағы ХҚКО-лардың жұмыс күні бір сағатқа ерте басталып, бір сағатқа ерте аяқталатынын ескерген жөн.

27 қазаннан бастап ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лар әдеттегі жұмыс кестесіне сәйкес қызмет көрсетеді.

Кезекші ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лардың өзекті тізімін Мемлекеттік корпорацияның Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасынан, сондай-ақ 1414 нөмірі арқылы білуге болады.

23 октября 2026
Кадастрлық цифрлық сервистер жаңа координаттар жүйесіне көшеді

Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры жаңа мемлекеттік координаттар жүйесі QazTRF-23-ке  көшеді. Сол себепті демалыс және мереке күндері, 2026 жылғы 23 қазан сағат 19:00-ден 27 қазан сағат 00:00-ге дейін ЖМБМК мен Жария кадастрлық картасында техникалық жұмыстар жүргізіледі.

Технологиялар дамыған сайын координаттарды анықтау тәсілдері де жаңаруды қажет етеді. Бұрын координаттар спутниктік технологиялар пайда болмай тұрып жасалған әдістермен анықталса, бүгінде заманауи технологиялар бұл жұмысты дәлірек орындауға мүмкіндік береді. Жаңа координаттар жүйесіне көшу – әлемдік тәжірибе және Қазақстан да осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Осыған байланысты мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі кеңістіктік деректер, цифрлық карталар мен сервистер жаңа координаттар жүйесіне көшіріледі.

QazTRF-23 – ескірген геодезиялық жүйелердің орнына іске қосылған заманауи әрі ашық мемлекеттік координаттар жүйесі. Оның көмегімен Қазақстан аумағындағы жер учаскесінің, ғимараттың, жолдың немесе басқа да обьектінің орналасқан жері анықталады.

Аталған күндер аралығында жер кадастрына, жылжымайтын мүлікті техникалық тексеруге және жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуге қатысты мемлекеттік қызметтерге өтініш қабылданбайтынын ескерген жөн. Бұл ретте, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы электрондық анықтамаларды цифрлық сервистер арқылы алу мүмкіндігі сақталады.

Алдағы өзгерістерге байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы азаматтар мен ұйымдарға қажетті мемлекеттік қызметтерді алуды алдын ала жоспарлауды ұсынады. Техникалық жұмыстар аяқталғаннан кейін цифрлық сервистер әдеттегі тәртіпте жұмысын жалғастырады.

05 октября 2026
Мемлекеттік корпорация AI & Digital Bridge 2026 форумында 1414 Бірыңғай байланыс орталығының AI-шешімдерін таныстырды

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумында 1414 Бірыңғай байланыс орталығының жасанды интеллект негізінде әзірленген жаңа шешімдерін көпшілік назарына ұсынды.

Солардың бірі - «AI Senim» атты дауыстық AI-ассистенті. Ол азаматтарға 100-ден астам мемлекеттік қызмет бойынша кеңес беріп, қажетті ақпаратты жедел ұсынады. Бүгінде «AI Senim» ай сайын орта есеппен 25–30 мың өтінішті өңдейді. Оның 40%-ына AI-ассистенттің өзі жауап берсе, қалған 60%-ы егжей-тегжейлі кеңес алу үшін операторларға жолданады.

«Мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі заман талабына сай үздіксіз жетілдіріліп, халық үшін барынша қолайлы болып келеді. Бұдан әрі де осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, азаматтарға қызмет көрсету сапасын арттыру үшін инновациялық шешімдерді енгізуді көздеп отырмыз. Атқарылып жатқан шаралар мемлекеттік қызметтерді алу кезінде барынша қолжетімділік пен жайлылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосатынына сенімдімін», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.

Қазіргі таңда 1414 желісіне келіп түсетін әрбір 20-шы қоңырау AI-ассистенттің қатысуымен өңделеді. Алдағы кезеңде оның ауқымын кеңейтіп, барлық қоңырауды алдымен «AI Senim» қабылдайтындай жүйеге көшіру көзделіп отыр.

AI-ассистент азаматтың сөзін танып, сұрағының мәнін анықтайды және тиісті ақпаратты ұсынады. Қазір оның функционалын кеңейту, соның ішінде динамикалық қызметтерді іске қосу бойынша жұмыс жүргізілуде. Болашақта азаматтар тек кеңес алып қана қоймай, дауыстық ассистентпен сөйлесу барысында кейбір мемлекеттік қызметтерді бірден рәсімдей алады.

Форум барысында AI-ассистенттің жұмысын бақылауға арналған арнайы платформа да таныстырылды. Оның көмегімен нақты уақыт режимінде келіп түскен сұраныстардың саны, сөйлесу ұзақтығы және өзге де көрсеткіштер қадағаланады.

Сонымен қатар мамандар қоңырау жазбасын тыңдап, диалогтың толық мәтінін және AI-ассистент өңдеген сауалдың нәтижесін көре алады. Жаңа платформа арқылы азаматтардың сөйлесу барысындағы көңіл күйі мен тоналдылығын талдауға да мүмкіндік бар.

02 октября 2026
БЖЗҚ туралы өзекті сауалдар

1) Зейнетақы активтерін кім басқарады?

Зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (ҚРҰБ), сондай-ақ 2021 жылдан бастап тиісті лицензиясы бар және уәкілетті органның талаптарына сай келетін инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) жүзеге асырады. Мұндай сенімгерлік басқарудың негізгі мақсаты – зейнетақы жинақтарын түрлі қаржы құралдарына инвестициялап, табыс алу.

Зейнетақы активтерін басқарушылар – ҚРҰБ пен ИПБ-лардың зейнетақы активтерін инвестициялау бойынша өзіндік стратегиясы бар және олар инвестициялық портфельдің құрылымын инвестициялық декларация шеңберінде дербес айқындайды.

Қолданыстағы ИПБ тізіліміне қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға бере алатын 6 жеке компания кіреді:

«Alatau City Invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «Halyk Finance» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «Tansar Capital» АҚ. (Бұл ретте «Halyk Global Markets» АҚ «БЖЗҚ» АҚ-ға 2027 жылдан бастап сенімгерлік басқару шартын бұзатыны туралы хабарлаған. Осыған байланысты, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қор зейнетақы жинақтарын осы компанияға аудару туралы өтініштерді қабылдамайды).

www.enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінен, сондай-ақ invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы арқылы ИПБ туралы ақпаратпен танысып, олардың инвестициялық декларацияларын зерделеуге болады.

 

2) Заңнамалық өзгерістерге сәйкес міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының 100%-на дейін инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) басқаруына беруге мүмкіндік қарастырылған. Бұл мүмкіндікті кім пайдалана алады және бұл механизм қалай жүзеге асырылады?

Зейнетақы жинақтарының 100%-на дейін жеке басқарушы компаниялар – ИПБ-ларға сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігін БЖЗҚ-ның барлық салымшылары пайдалана алады. Бұл нормалар 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап күшіне енді.

www.enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінен, сондай-ақ invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы арқылы ИПБ туралы ақпаратпен танысып, олардың инвестициялық декларацияларын зерделеуге болады.

Жақында бір ИПБ салымшыларға тәуекел деңгейі, күтілетін кірістілік және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленетін инвестициялық портфельдердің үш түріне дейін – консервативті, қалыпты және тәуекелді портфельдерді ұсына алады.

Зейнетақы активтерінің инвестициялық портфельдерін қалыптастыру тәртібін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

 

3) Зейнетақы жинақтарын бірнеше басқарушы компания арасында бөлуге бола ма?

Салымшы бір немесе бірнеше ИПБ-ны таңдай алады. Халықты кеңінен хабардар ету мақсатында БЖЗҚ invest.enpf.kz бірыңғай ақпараттық интернет-платформасын іске қосты. Бұл – салымшыларға сенімгерлік басқарушылардың (ҚРҰБ пен ИПБ) басқаруындағы зейнетақы активтерінің портфельдері бойынша түрлі деректерді бір ақпараттық алаңда салыстыруға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық ресурс. Салымшы мұнда инвестициялық портфельдерді өз бетінше бағалауға, сондай-ақ өзінің мақсаттары мен күтетін нәтижесіне сай келетін басқарушы компания мен оның инвестициялық стратегиясын таңдауға мүмкіндік беретін құралдарды пайдалана алады.

Бұдан бөлек, invest.enpf.kz платформасында салымшы ИПБ-лардың инвестициялық декларацияларымен танысып, олардың қаржылық көрсеткіштерін талдай алады. Сондай-ақ ИПБ-ларға қатысты реттеуші орган – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚР ҚНРДА) тарапынан қолданылған әкімшілік шаралар, санкциялар мен ықпал ету шаралары туралы ақпаратты да (олар болған жағдайда) көре алады.

 

4) Зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ-дан басқарушы компанияға беру қалай жүзеге асырылады?

Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру үшін салымшы алдымен ИПБ-ны таңдап, содан кейін белгіленген нысан бойынша өтініш береді.

Өтінішті enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте немесе invest.enpf.kz интернет-платформасында электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, сондай-ақ БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне барып беруге болады.

Жеке кабинетте салымшы, сондай-ақ:

  • ИПБ-ға/ҚРҰБ-қа беруге немесе қайтаруға қолжетімді соманы тексере алады;
  • ИПБ-ны таңдау (өзгерту) туралы немесе ИПБ-ның сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын ҚРҰБ-тың сенімгерлік басқаруына қайтару туралы өтініш беру ережелері және талаптарымен таныса алады;
  • ИПБ-ны таңдау (өзгерту) туралы немесе ҚРҰБ-қа қайтару туралы өтініш беріп, оның мәртебесін қадағалай алады;
  • басқа да қолжетімді зейнетақы қызметтерін пайдалана алады.

Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға аудару туралы берілген өтініштің мәртебесін сайттағы жеке кабинеттен немесе БЖЗҚ-ның мобильді қосымшасынан бақылауға болады.

ИПБ-ға аударуға өтініш беру және оларды БЖЗҚ-да өңдеу рәсімдері толық автоматтандырылған. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген мерзім ішінде береді.

Бұл ретте зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екіншісіне аудару немесе оларды ҚРҰБ-тың басқаруына қайтару алғашқы аударылған күннен бастап кемінде бір жыл өткен соң жүзеге асырылуы мүмкін.

 

5) Салымшылар зейнетақы активтерін басқару туралы толық ақпаратты қайдан алып, басқарушы компаниялардың қызмет нәтижелерін қалай бақылай алады?

БЖЗҚ – барлық салымшылар үшін бірыңғай есепке алу және ақпараттық орталық, сондай-ақ активтерді кім басқаратынына қарамастан (ҚРҰБ және/немесе салымшы таңдаған ИПБ) олардың жеке зейнетақы шоттарының операторы.

БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқаруға байланысты қолжетімді қызметтер мен сервистерді ұсынады. Азаматтардың зейнетақы жинақтары, оның ішінде инвестициялық табыс ескерілген ақпарат enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасында 24/7 режимінде берілетін үзінді көшірмелерде толық көрсетіледі.

Әр басқарушының инвестициялық қызметі туралы ақпарат enpf.kz сайтындағы «Статистика және талдау» – «Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару» бөлімінде тұрақты түрде жаңартылып отырады.

Сонымен қатар, БЖЗҚ салымшылары үшін invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы жұмыс істейді. Бұл – барлық басқарушылардың (ҚРҰБ пен ИПБ) активтерді басқару нәтижелерін өзара салыстыруға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық ресурс. Invest.enpf.kz платформасы инвестициялық табыстылық туралы ақпаратқа қол жеткізуге, белгіленген кезең аралығындағы басқарушылар мен олардың инвестициялық портфельдері бойынша деректерді салыстыруға және инвестициялық шешімдерді саналы түрде қабылдауға мүмкіндік береді.

 

02 октября 2026
Қазақстандықтардың жинақталған таза инвестициялық кірісі 14,64 трлн теңге болды

          Зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілген 2014 жылдан бастап 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жинақталған таза инвестициялық кіріс – 14,64 трлн теңге. Жүргізілген төлемдерді қоса алғанда оның зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі үлесі 40,6%-ға тең, бұл көрсекіш азаматтардың жинақтарын өсіруде инвестициялық кірістің маңыздылығын растайды. 2014 жылдан бастап зейнетақы қаражатын инвестициялау тиімділігінің айтарлықтай артуы байқалады, бұл салымшылардың (алушылардың) жинақтарының жалпы көлемінің айтарлықтай өсуіне ықпал етеді. 

       Қазақстандағы зейнетақы жинақтары – азаматтардың зейнет жасындағы қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған ұзақмерзімді инвестициялаудың стратегиялық құралы. Икемді инвестициялық саясатты қолдану және инвестициялық портфельді басқарушы компаниялардың инвестициялық портфельдерін әртараптандыру инвестициялық кірістің ұзақмерзімді перспективада тұрақты өсуін қалыптастырады.

Зейнетақы активтерінің жекелеген қысқамерзімді кезеңдердегі кірістілігін бағалау зейнетақы активтерін басқарудың тиімділігін толық көрсете алмайды. Бұл қаржы құралдары мен басқа да операциялар бойынша қысқа мерзім ішінде есептелген сыйақы түріндегі кірістердің сол кезеңдегі бағалы қағаздар құны мен валюта бағамдарының ауытқуларын әрдайым өтей бермейтіндігіне байланысты. Сондықтан инвестициялық кіріс мөлшеріне объективті талдауды кемінде бір жылдық кезең бойынша жүргізген орынды.

Ағымдағы макроэкономикалық жағдайды ескере отырып, Ұлттық Банктің басқаруындағы міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті жарналар есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтері бойынша соңғы 12 айда, яғни 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы тамызға дейінгі кезеңде шамамен 1,58 трлн теңге инвестициялық кіріс есептелді, осы кезеңдегі кірістілік – 6,17%.

Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтері бойынша соңғы 12 айда есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 158,51 млрд теңгені, ал осы кезеңдегі кірістілік 18,65%-ды құрады.

Еске сала кетейік, 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне енгізілген, БЖЗҚ салымшыларының зейнетақы жинақтарын басқару стратегиялары мен портфельдерін дербес таңдау жөніндегі құқықтарын едәуір кеңейтетін өзгерістер күшіне енді. Енді салымшылар өз жинақтарының 100%-ына дейін инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) сенімгерлік басқаруына бере алады. 2026 жылдан бастап салымшылар ИПБ ұсынатын тәуекел деңгейі, күтілетін кірістілігі және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленетін үш инвестициялық стратегияның бірін таңдай алады. Бұл ретте әрбір ИПБ активтерді өзі таңдаған бір инвестициялық стратегия шеңберінде басқарады. Инвестициялық портфельдің әрбір түрі бойынша ИПБ қамтамасыз ететін кірістілікті бағалаудың эталондық көрсеткіші ретінде композиттік бенчмарк белгіленген.

Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару мен есепке алудың бүкіл жүйесі ашық: әрбір салымшының enpf.kz сайтындағы жеке кабинетінде немесе мобильді қосымшада өзінің инвестициялық табысын көруге мүмкіндігі бар.

  БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және БЖЗҚ зейнетақы активтері орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат БЖЗҚ ресми сайтындағы (www.enpf.kz) "Статистика және аналитика/Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару" бөлімінде, сондай-ақ invest.enpf.kz порталында және Қордың ақпараттық материалдарында жарияланады.  

30 сентября 2026
01.09.2026ж. жағдай бойынша отандастарымыздың зейнетақы жинақтарының көлемі 28,47 трлн теңгеден асты

Қазақстандықтардың «БЖЗҚ» АҚ-дағы (БЖЗҚ, Қор) зейнетақы жинақтарының көлемі  2026 жылдың 1 қыркүйегіне 28,47 трлн теңгеден асты. 12 айдағы өсім – 3,36 трлн теңге немесе 13,4%.        

2026 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша міндетті зейнетақы жарналарынан (МЗЖ)  қалыптасқан зейнетақы жинақтарының көлемі – 26,37 трлн теңге, 12 айда 2,53 трлн теңгеге немесе 10,6% өсті.

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары 12 айда 5,0%-ға ұлғайып, 746,13 млрд теңге болды.

Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақ көлемі де ұлғайды: 2026 жылғы 1 қыркүйекке оның көлемі 10,43 млрд теңге  болып, 12 айда 7,1% өсім көрсетті.

Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына 2024 жылғы 1 қаңтардан түсе бастаған жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) 12 ай ішінде 2,5 есеге ұлғайып, 2026 жылдың 1 қыркүйегіне 1 348,82 млрд теңге болды.

Түсімдер

Зейнетақы жинақтарының көлемі зейнетақы жарналары мен инвестициялық кіріс түріндегі кіріс ағындары есебінен ұлғаяды. 2026 жылдың 8 айында салымшылардың жеке және шартты зейнетақы шоттарына 2 439,42 млрд теңге түсті, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 15,9%-ға (немесе 334,44 млрд теңгеге) артық.     

МЗЖ есебі жүргізілетін жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) 2026 жылдың басынан бастап 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін 1 865,85 млрд теңге (өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда МЗЖ көлемі 8,1%-ға ұлғайды), МКЗЖ – 100,97 млрд теңге (өсім – 12,3%), ЕЗЖ – 1412,37 млн теңге түсті. Жыл басынан бастап 01.09.2026ж. жағдай бойынша ЖМЗЖ есебінен жарналар 471,18 млрд теңгені құрады.    

 Жыл басынан бері салымшылардың шоттарына түскен таза инвестициялық кіріс 01.09.2026ж. жағдай бойынша 1198,09 млрд теңгені құрады.

 

Төлемдер мен аударымдар

2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында БЖЗҚ-дан жарналардың барлық түрлері бойынша жасалған төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдар 1242,35 млрд теңгені құрады.   

Зейнет жасына толуына байланысты төлемдер 196,23 млрд теңгеге жетті. БЖЗҚ-дан зейнет жасына толуына байланысты кесте бойынша берілетін орташа айлық төлем – 39 008 теңге.      

2026 жылдың басынан бастап 01.09.2026 жылға тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) 462,75 млрд теңге, мұрагерлік бойынша 70,61 млрд теңге, ҚР-дан тыс жерге тұрақты тұруға кетуге байланысты 33,62 млрд теңге, мүгедектігі бар адамдарға – 2,32 млрд теңге, жерлеуге – 6,33 млрд теңге көлемінде төлем жасалды. Сақтандыру ұйымдарына 470,49 млрд теңге аударылды.

 

ЖЗШ саны

2026 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарының жалпы саны – 19,01 млн бірлік (12 айдағы өсім – 1,13 млн бірлік немесе 6,3%). Бұл ретте салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ саны 2026 жылдың 1 қыркүйегінде 12,87 млн бірлік болды. Оның ішінде: 11,42 млн - МЗЖ бойынша, 794,38 мыңы - МКЗЖ бойынша, 464,91 мыңы – ЕЗЖ есептелетін шоттар. Айта кетейік, МЗЖ есебі жүргізілетін шоттардың жалпы санына (11,42 млн бірлік) елден тысқары жерлерге тұрақты тұруға кеткен, бірақ жинақтарын алу үшін жүгінбеген алушылардың, мұрагерлері зейнетақы жинақтарын мұраға ресімдемеген қайтыс болған салымшылардың, 2016 жылдан бастап зейнетақымен мемлекеттік қамсыздандырылуға толық ауыстырылған әскери қызметшілердің және шоттарына Қазақстан заңнамасына сәйкес жарналар түспеуі тиіс салымшылардың (алушылардың) басқа да санаттарының шоттары кіреді.

БЖЗҚ-дағы ЖМЗЖ туралы мәліметтер ескерілетін шартты зейнетақы шоттарының саны -  6,14 млн бірлік. 

            Зейнетақы активтеріне қатысты барлық өзекті ақпарат enpf.kz сайтындағы «Статистика және аналитика» бөлімінде орналастырылған.

30 сентября 2026
Елімізде 100 жастан асқан 44 зейнеткер бар

1 қазан - Қазақстанда Қарттар күні атап өтіледі. Бұл айтулы дата - аға буынның өмірлік тәжірибесі мен атқарған еңбегін ұлықтайтын күн. Бүгінде олардың басым бөлігі - зейнеткерлер. Қарттардың әрқайсысының артында адал еңбек, пен еліміздің қалыптасу кезеңдеріндегі тарихи үлесі жатыр

Қазіргі таңда республика бойынша 2,4 миллионнан астам азамат зейнетақы төлемдерін алады. Гендерлік құрылымға сүйенсек, зейнеткерлердің 64%-ын әйелдер, ал 36%-ын ер адамдар құрайды. Осылайша, зейнетақы төлемдерін алатындардың жалпы санының үштен екісі әйелдер қауымына тиесілі. 

Бұдан бөлек, еліміз бойынша 44 зейнеткер жүз жасты алқымдағандар қатарында. Олардың арасында өмір жолы өнегеге толы азаматтар аз емес. Әйел адамдар ішінде еліміздегі ең жасы үлкен зейнеткер Шымкент қаласында тұрады. 106 жастағы кейуана бүгінде өнегелі отбасының ортасында, жақындарының мейірімі мен қамқорлығына бөленіп отыр.

Ал ер азаматтар арасындағы ең жасы үлкен зейнеткер - Алматы қаласының 104 жастағы тұрғыны - Зұлқарнай Сейітов. Ұлы Отан соғысының ардагері, биология ғылымдарының докторы, профессор, академик Зұлқарнай Сейітов Сталинград шайқасынан Берлинге дейінгі майдан жолын басып өткен. Соғыстан кейін өмірін ғылым мен педагогикаға арнап, ондаған жылдар бойы жемісті еңбек етті. Ол 150-ден астам ғылыми еңбектің, монографиялар мен оқу құралдарының авторы. Ардагер «Қызыл Жұлдыз», II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Сталинградты қорғағаны үшін» және «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.

Қазақстандық  ғасыр куәгерлерінің тағдыры - замандар сабақтастығы мен ұрпақтар байланысының айқын көрінісі. Олардың жылдар бойы атқарған еңбегі, төзімділігі мен кәсіби жетістіктері мемлекетіміздің бүгінгі дамуына берік негіз болды.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы еліміздің дамуына қосқан үлесі үшін барша аға буын өкілдеріне құрметі мен алғысын білдіріп, барша отандастарымызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасылық береке тілейді.

29 сентября 2026
«Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасы аясында қазақстандықтарға 76,11 млн АҚШ доллары аударылды

2024 жылғы 1 ақпаннан 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы шеңберінде нысаналы жинақтарды (НЖ) пайдалану бойынша жалпы сомасы шамамен 76,11 млн АҚШ долларына 365 553 алушыға төлем жасалды.

2026 жылдың басынан 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 170 156 азамат жалпы сомасы 44,84 млн АҚШ доллары мөлшеріндегі нысаналы жинақтарын алды. Оның ішінде 119 279 қазақстандыққа тұрғын үй жағдайларын жақсартуға 31,00 млн аса АҚШ доллары, ал 50 877 қазақстандыққа білім алуға ақы төлеу үшін 13,83 млн АҚШ доллары аударылды.

Барлық қаражат өтініш берушілердің банктік шоттарына есептеу үшін уәкілетті операторларға аударылды. Еске салайық, НЖ алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы. Егер қаражаттың бір бөлігі талап етілмесе, қалдық нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) 10 жыл бойы сақталады. Одан кейін пайдаланылмаған қалдық алушының ерікті зейнетақы жарналары есепке алынатын жеке зейнетақы шотына аударылады.

Тұрғын үй жағдайларын жақсарту бағытында ең көп сұранысқа ие болған мақсат — тұрғын үй құрылыс жинақтарына одан әрі жинақтау үшін салымды толықтыру. Осы мақсат бойынша 117 712 алушыға жалпы сомасы 30,51 млн АҚШ долларын құрайтын төлемдер жүзеге асырылды. Сонымен қатар, тұрғын үй сатып алуға арналған ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарна енгізу мақсатында 788 жас қазақстандыққа 183,65 мың АҚШ доллары, ал азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша тұрғын үйді меншікке сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) мақсатында 437 қазақстандыққа 102,17 мың АҚШ доллары төленді.

Нысаналы жинақтарды білім алуға пайдалану бағытында қаражаттың ең көп көлемі Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне ақы төлеуге бағытталды. Төлемдер әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін бөліп-бөліп немесе оқу мерзімінің бүкіл кезеңі үшін біржолғы толық көлемде жүзеге асырылады. Осы бағыт бойынша 47 584 азаматқа жалпы сомасы шамамен 12,96 млн АҚШ долларын құрайтын төлемдер жүргізілді.

Бұдан басқа, мынадай бағыттар да сұранысқа ие болды: білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім беру жинақтау салымын толықтыруға 2 309 алушыға жалпы сомасы 587,56 мың АҚШ доллары аударылды. Ал шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне ақы төлеу үшін әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы бойынша бөліп-бөліп немесе оқу мерзімінің бүкіл кезеңі үшін біржолғы толық көлемде 861 азаматқа 220,44 мың АҚШ доллары бағытталды.

Еске салайық, нысаналы талаптарды есептеу нысаналы талаптарға қатысушы қайтыс болған немесе оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген жағдайда тоқтатылады. Нысаналы талаптарға қатысушының/нысаналы жинақтарды алушының қайтыс болуына байланысты нысаналы талаптарды/нысаналы жинақтарды алу үшін олардың мұрагерлері Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен БЖЗҚ-ға жүгіне алады.

2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша мұрагерлерге жалпы сомасы 74,46 мың АҚШ долларын құрайтын төлемдер жүзеге асырылды. Бұл қаражатты 226 азамат алды.

Нысаналы жинақтарды тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алуға ақы төлеу мақсатында төлеу туралы уәкілетті операторлар мен өңірлер бөлінісіндегі толық ақпаратпен enpf.kz сайтында танысуға болады.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық бір балаға 130,71 АҚШ доллары кезекті есептеу жүргізілді. 2024 жылы – 129,38 АҚШ доллары, 2023 жылы - 100,52 АҚШ доллары мөлшерінде қаражат аударылған болатын.

18 жасқа дейінгі балаларға жыл сайын Ұлттық қордан бөлінетін сомалар олардың БЖЗҚ-да ашылған шоттарында ескерілетін нысаналы талаптар түрінде есептеледі. Бұл ретте, заңнамаға сәйкес, жас қазақстандықтарға есептелген сомалар Ұлттық қор активтерінің құрамында қалады және инвестициялануын жалғастырады. Одан әрі инвестициялау нәтижесінде жыл сайын әрбір баланың нысаналы талаптарының сомасы алынған инвестициялық табыс есебінен қосымша өседі.

Нәтижесінде бағдарламаға қатысатын балада барлық жинақталған нысаналы талаптардың жиынтық сомасы (жыл сайын қосымша есептелетін инвестициялық кірісті қоса алғанда) :

- үшінші жыл - 370 доллар 56 цент;

- екінші жыл - 263 доллар 93 цент;

- бірінші жыл қатысып отырған баланың шотында 130 доллар 71 цент.

18 жасқа толмаған баланың бағдарламаға қатысуы туралы ақпаратты оның ата-анасы және өзге де заңды өкілдері kids.enpf.kz сайтында баланың ЖСН бойынша, eGov.kz электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетте, сондай-ақ eGov Mobile және кейбір екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларында тексере алады.

Егер балаларға 2025 есепті жылы есептелген нысаналы талаптар туралы ақпарат көрсетілмесе, онда мобильді қосымшалардағы құжаттарды төменде көрсетілген жолмен жаңарту қажет:

-         eGov Mobile қосымшасында: "Цифрлық құжаттар" - "Отбасы" - "Құжаттар тізімін жаңарту" - "Ұлттық қордан есептеулер";

-         екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларында, мысалы Kaspi.kz: "Мемлекеттік қызметтер " - "Барлық құжаттар" - "Құжаттар тізімін жаңарту" - "Ұлттық қордан есептеулер".

     Биыл 18 жасқа толған немесе толатын балаларға есептелген нысаналы талаптар туралы мәліметтердің заңды өкілдің жеке кабинетінде көрсетілмеуі нысаналы талаптардың нысаналы жинақтарға (НЖ) айналуына байланысты. Осыған орай, есептелген қаржы туралы ақпаратқа қол жеткізу құқығы тікелей НЖ алушыға, яғни 2026 жылы 18 жасқа толған немесе толатын азаматқа беріледі. Аталған азаматтар НЖ туралы ақпаратты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры интернет-ресурсындағы немесе электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеті арқылы өз бетінше алуы тиіс. Ал 18 жасқа толғаннан кейін НЖ төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алу ақысын төлеу мақсатында алу үшін уәкілетті операторға жүгініп, АҚШ долларымен банктік шот ашып, онлайн-өтініш беруі қажет.

Бүгінгі күні уәкілетті операторлар:

-         "Отбасы банкі" АҚ (тұрғын үй және білім алу ақысын төлеу),

-         "Халық банкі" АҚ (білім алу ақысын төлеу),

-         "Банк ЦентрКредит" АҚ (білім алу ақысын төлеу).

Нысаналы талаптарға қатысушы кәмелетке толмаған балалар және нысаналы жинақтарды кәмелетке толған алушылар бойынша, сондай-ақ нысаналы жинақтарды тұрғын үйге және (немесе) білім алуға пайдалану жөніндегі статистикамен enpf.kz сайтында танысуға болады.

kids.enpf.kz сайтында Бағдарламаның шарттарымен танысып, қажетті нұсқаулықтар алып, өзіңізді қызықтыратын сұрақтарыңызға жауап алуға болады. БЖЗҚ/ЕНПФ YouTube-арнасында осы тақырып бойынша бейне нұсқаулықты көруге болады:

 

«БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ж.Б. Құрмановтың бейнетүсініктемесі:

https://www.youtube.com/watch?app=desktop&v=30CdPWl6dv0

 «БЖЗҚ» АҚ Басқарушы директоры М.Т. Шәріповтың бейнетүсініктемесі:

https://www.youtube.com/watch?v=APg2vATmMk0

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша

«Сұрақ-жауап» бейнетүсініктемесі:

https://www.youtube.com/watch?v=4cKr1VCAvUk

https://www.youtube.com/watch?v=mrV0y37Gjnk

«Ұлттық қор – балаларға» сайты бойынша нұсқаулық:

https://www.youtube.com/watch?v=VgP3dmMwAHc

https://www.youtube.com/watch?v=jyC2c-HgqpQ

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын жүзеге асыру туралы нұсқаулық: 

https://www.youtube.com/watch?v=bqeT41rWecA

https://www.youtube.com/watch?v=pNBSS1VHdWU

29 сентября 2026
Ақпараттық хабарлама

ҚР Қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрайымы Елена БАХМУТОВА: «Әрбір салымшы өзінің зейнетақы жинақтарының қандай табыс әкелетінін және зейнетке шыққан сәтте оның шотында қанша жинақ болуы керек екенін білуі қажет. Бұл өмір салтының қалыпты нормасына айналуы тиіс!»

 

«БЖЗҚ» АҚ «Зейнетақы жүйесі туралы сұхбат» жобасы аясында сарапшылармен пікір алмасуын жалғастыруда.

Зейнетақы туралы ойлануды қашан бастау керек? Қазақстанда зейнетақы активтерін кім басқарады? Инвестициялық саясатта қандай өзгерістер болып жатыр және олардың қайсысы аса маңызды? Инвестициялық портфельді басқарушылардың стратегиялары кімдерге арналған? «Үндеместер» деп кімдерді атайды? Неліктен зейнет жасына жақындаған кейбір азаматтардың зейнетақы жинақтары аз?

Кезекті эксклюзивті сұхбатымызда ҚР Қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрайымы Елена БАХМУТОВА осы және басқа да сұрақтарға жауап беріп, Қазақстанның зейнетақы жүйесіндегі соңғы реформалар туралы ой-пікірін ортаға салады. Сондай-ақ зейнетақы жинақтарын басқарушыны таңдау жөнінде өз кеңестерімен бөліседі.

 

Сұхбатты БЖЗҚ/ЕНПФ-тің YouTube арнасынан көріңіз!

https://youtu.be/uZjdFWXh7QQ

Жинақтаушы зейнетақы жүйесі туралы қызықты әрі пайдалы ақпарат алу үшін БЖЗҚ ЕНПФ YouTube арнасына жазылыңыз!

25 сентября 2026
Үйге барып қызмет көрсету аясында ерекше қажеттілігі бар 9 мыңнан астам азамат қамтылды

Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы үшін мемлекеттік қызметтердің баршаға бірдей қолжетімді болуы маңызды. Денсаулық жағдайына байланысты ХҚКО-ға өзі келе алмайтын ерекше қажеттілігі бар жандарға және жүріп-тұруы шектелген тұрғындарға мамандар үйіне барып, тегін қызмет көрсетеді.

2026 жылдың басынан бері Мемлекеттік корпорация мамандары 12 мыңға жуық азаматтың үйіне барып, 9 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен. Үй жағдайында көрсетілген қызметтердің ішінде сұранысқа ие болғандардың қатарында паспорт пен жеке куәлік беру, электрондық цифрлық қолтаңба рәсімдеу және тұрғын үй көмегін тағайындау бар.

Маманды үйге шақыртып, мемлекеттік қызмет алуға I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғалар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары, сондай-ақ денсаулық жағдайына байланысты жүріп-тұруы шектелгеназаматтар құқылы.

Маман шақыру үшін Мемлекеттік корпорация сайтындағы «Қызметтер» бөлімі арқылы немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, өтінім қалдыру қажет. Бұдан кейін қызметкер азаматтың үйіне барып, қажетті құжаттарды қабылдайды. Дайын болған қызмет нәтижесі көрсетілген мекенжайға тегін жеткізіледі.

Еске сала кетейік, ХҚКО-ға өзі келетін ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін барлық жағдай жасалып, кедергісіз жайлы орта қалыптасқан. Ал кезексіз қызмет алуға құқылы келушілерге арнайы жеңілдік терезелері арқылы жедел қызмет көрсетіледі.

Сонымен қатар, еліміздегі барлық фронт-офистер ыңғайлы пандустармен, көмек шақыру батырмаларымен, көру қабілеті шектеулі жандарға арналған тактильді тақталармен және арнаулы арбалармен қамтылған.

Социальные сети
Бейнеу ауданының әкімдігі
Бейнеу ауданының әкімдігі
Бейнеу ауданының әкімдігі
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы