1985 жылы 1 шілдеде Бейнеу аудандық газетінің ең алғашқы саны жарыққа шықты. Бұл – жаңа ортада қызмет бастаған қаламгер үшін де, осы өңірдегі қалың оқырман — Бейнеу ауданының халқы үшін де елеулі тарихи оқиға болған еді. Газет алғашқы ашылған кезде «Ленин жолы» деп аталды. Бас редактор ақын Айтуар Өтегенов болды. Бес жыл бойы «Ленин жолы» атауымен шыққан газет 1990 жылдың бірінші шілдесінен бастап «Рауан» жаңалық жаршысы болып қалың оқырманға жол тартты. Жалпы сол кездегі Бейнеу аудандық «Рауан» газетінің редакциясын журналистердің ұстаханасы еді десе де болады. Сол жылдардан бері республикаға танымал бірнеше журналистер, ақындар, редакторлар, баспа директорлары шықты.
2003 жылы «Рауан» газеті редакциясы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын болып құрылды. Елеулі еңбектің арқасында «Рауан» газеті 2013 жылы «Маңғыстау-Медиа» ЖШС-ның құрамына еніп, қызметін бүгінгі күнге дейін табысты жалғастырып келеді. Отыз екі жылдық ғұмырында «Рауан» аудан өмірінің айнасы болды. Оның әр санында үстірт үстіндегі ел дамуының тарихы баяндалып, ескерткіштер өткеннен сыр шертеді. Бұл іс жалғаса бермек. Аудандық газетің әр саны аудан өмірінің тыныс-тіршілігін, түбегейлі жаңарып, дамып, өркендеген берекелі Бейнеудің әрбір елеулі жаңалығын ескерусіз қалдырмай, қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленіп келеді.