Қоғамдық кеңестің негізгі мақсаты – азаматтық қоғамның қоғамдық маңызды мәселелер бойынша пікірін білдіруі болып табылады. Қоғамдық кеңестер қызметі бес қағидат негізінде жүзеге асады: қоғамдық негіздегі, автономдық, дербестік, жариялық, ашықтық және кеңес мүшелерін кезең кезеңімен ротациялау.
Бейнеу аудандық мәслихатының депутаттары, 2019 жылғы 5 сәуірдегі №34/280 аудандық мәслихаттың шешімімен 11 адамнан тұратын қоғамдық кеңестің құрамын бекітті. Кеңес құрамына үкіметтік емес ұйымның және білім саласының өкілдері, бұқаралық ақпарат өкілдері, кәсіпкерлік саласының өкілдері, әртүрлі сала басшылары мен қызметкерлерін құрайды. Қоғамдық кеңестің құрамында аудандағы барлық сала өкілдерінің болуын басты назарда ұстады. Бұл аудан тұрғындарымен тығыз байланыста жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Ұйымдастыру отырысында Бейнеу аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы мен хатшысы, экономика және бюджет мәселелері жөніндегі, заңдылық пен құқықтық мәселелері жөніндегі комиссиялар, төралқа мүшелері сайланды.
Бейнеу аудандық Қоғамдық кеңесінің жұмысы 1 жылға бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес жүргізіледі. Кеңес отырысына аудан тұрғындарын толғандырған мәселелер енгізілді. Олар: Бейнеу ауылының тазалығы мен асфальт жолдарының сапасы, сумен жабдықтау нысандарының жұмысы, сондай-ақ электр энергия мен газ тарифтері туралы және орталық аурухананың, мемлекеттік органдардың есептері.
«Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңының 18-бабына сәйкес Қоғамдық кеңестер қоғамдық бақылауды жария рәсімі арқылы жүзеге асырады. Қоғамдық бақылаудың негізгі нысандары: қоғамдық мониторинг, қоғамдық тыңдау, қоғамдық сараптама, сондай-ақ Қоғамдық кеңес отырысында мемлекеттік органдар жұмысының нәтижелері туралы есепті тыңдау болып табылады.
Қоғамдық кеңестің ұстанымдары ҚР заңнамасында көзделген шешімдерді қабылдайтын және уәжді жауаптар беретін мемлекеттік органдардың қарауы үшін міндетті болып табылады.
Қоғамдық кеңес жыл қорытындысы бойынша 23 отырыс өткізді. Сонымен қатар әкімдіктің және мәслихаттың нормативтік құқықтық актілері ұсынылып, барлығына қорытынды жауап берілді.
Қоғамдық кеңес жұмысының негізгі бағыты – мемлекеттік орган басшыларының жұмыс нәтижелері туралы есептерін тыңдау болып табылады.
2019 жылдың 23 қаңтарында Бейнеу аудандық әкімдігінің 2018 жылы атқарған жұмысының есебі тыңдалды. Отырысқа аудандық мәслихаттың депутаттары мен мемлекеттік орган қызметкерлері қатысты. Отырыс барысында аудан әкіміне қоғамдық кеңес мүшелерінен жыл сайын мектепке баратын оқушылар санының өсуіне байланысты қосымша құрылыс салу мәселесі, 2019 жыл «Жастар жылы» болғандықтан жастарға қатысты қандай шаралар атқарылатындығы және Төлеп, Есет ауылдарын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары, сонымен қатар ауылдағы бірқатар көшелерде табиғи газ қысымының төмендігін айтып, осы мәселелердің шешілуіне ықпал етуін сұрады.
Бір жылға бекітілген жоспарға сәйкес, аудандық денсаулық сақтау, темір жол саласының, халыққа қызмет көрсету орталығы, жастар ресурстық орталығы және мемлекеттік органдардың есептері тыңдалды.
Қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысында Бейнеу ауылының әкімі С.Қалдығараевтың атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Аталған отырысқа аудндық құрылыс бөлімінің басшысы С.Бисенов, аудандық тұрғын үй-коммуналдық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Т.Нұрмағанбетов, «Бейнеуэнергосервис» ЖШС директоры міндетін атқарушы М.Алланазаров және кәсіпорын басшылары қатысты. Отырыста ауылдың автокөлік жолдарын жөндеу және жылдамдықты азайту бойынша белгілер қою, сумен жабдықтау нысандарының жұмысы, жасыл желектердің күтімі және ауыл тазалығын сақтауда қоқыс төктірмеуге шаралар алу сынды бірқатар маңызды мәселелер айтылды. Нәтижесінде Бейнеу ауылындағы А.Балов пен Қ.Сәтбаев көшелерінің автокөлік жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілді және жол белгілері қойылды. Ауданның тазалығын бақылап, қоқыс төктірмеу бағытында рейдтік тексеріс және жасыл желектердің уақытылы суарылуын жүргізуге жауапты мекеме басшыларына міндеттелді.
Ағымдағы жылдың 17 мамырында аудандағы темір жол саласындағы мекемелердің есебі тыңдалды. Отырыста темір жол жиегінде орналасқан кәсіпкерлік нысандардың қоқыс тастамауын бақылау, тазалық жұмыстарын жүргізу және темір жолдың бойына мал өткізбейтін қоршау салу, салық түсімдері мен вакансияға қатысты мәселелер айтылып, қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан ұсыныстар қойылды.
2019 жылдың 14 маусымында аудандық тұрғын үй-коммуналдық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің, «Бейнеусусервис», «Бейнеуэнергосервис» МКК-ның, аудандық газ шаруашылығының, «Теміржолсу-Маңғыстау» ЖШС, «Бейнеу электр жүйелері» МӨЭК АҚ, маңғыстау электрмен жабдықтау дистанциясының есептері тыңдалды. Отырыс барысында газ тарту мәселелері, тарифтердің бекітілуі және ауыл ішіндегі маршруттардың мәселесі, кәріз құдықтарының бетіне қатысты мәселелер қаралды.
2019 жылғы 31 шілдеде аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының, аудандық аумақтық инспекцияның және төтенше жағдайлар бөлімінің есеп беруі өтті. Отырысқа аудан әкімінің орынбасары Ж.Теміров және мемлекеттік мекеме, кәсіпорын басшылары қатысты. Тыңдау барысында аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы медициналық емдеу мекемелері ыстық сумен қамтамасыз етілмегендігі, мектеп, балабақша ұйымдарында ұлдарға және қыздарға, педагогтарға арналған бөлек санитариялық тораптар қарастырылмаған, яғни орталықтандырылған су, канализация жүйелері жоқтығы, сондай-ақ балабақша ұйымдары балаларды күн мен жауын-шашыннан қорғайтын көлеңкелі алаңдармен жабдықталмағаны, буфеттерде ыдыс жуатын раковиналар орнатылмағандығы туралы айтылды. Осы аталған мәселелерді шешуге ықпал жасауларын сұрайтындығын айтты.
Ағымдағы жылдың 09 тамызында аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің, жастар ресурстық орталығының, ХҚКО, әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша, жер кадастры және жылжымайтын мүлік бойынша Бейнеу аудандық бөлімінің есептері тыңдалды. Отырысқа мемлекеттік мекеме басшылары және Бейнеу ауылының әкімі С.Қалдығараев, Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы «Маңғыстау облысындағы қоғамдық кеңес мүшелерінің әлеуетін көтеру арқылы қоғамдық бақылауды дамыту» жобасы аясында қоғамдық кеңес қызметіне мониторинг жүргізілуі бойынша сарапшы ретінде А.Сағитжанов, аудандық «Рауан» қоғамдық саяси газетінің тілшісі Қ.Ходжаев қатысты. Осы отырыс барысында жастар арасындағы талантты өнерпаздарға қолдау жоқ екендігі, ажырасу көбейгендігі туралы, ХҚКО-да кезекке тұру көп екендігі, Боранқұл ауылындағы ХҚКО бөлімшесінің неге жабылғандығы бойынша сұрақтар қойылды және мобильді үкімет бойынша да мәселелер көтерілді. Бала күтіміне шығатын әйелдердің құжат тапсыру кезінде айлап жүріп қалуы бойынша, зейнетақы мәселелері және ауданда автодром бар бірақ екі арада келісім болмауына байланысты жүргізуші куәлігін алу үшін Ақтау қаласына бару қиындығы болып отырғандығы туралы мәселелер қаралды.
Сонымен қатар 05 қыркүйек күні Сарға ауылының тұрғыны З.Құсайновадан түскен арыз қаралып, тиісті органдарға шешім қабылдау үшін жолдау тапсырылды.
30 қыркүйек күні Бейнеу ауданы әкімдігінің 2019 жылғы 27 ақпандағы №54 «2019 жылға арналған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын, ата-ана төлемақысының мөлшерін бекіту туралы» қаулысына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы қаулы жобасы талқыланды. Сондай-ақ аудандық білім бөлімінің 2018-2019 жылдың оқу жылының қорытындысы туралы есебі, аудандық мәдениет, дене шынықтыру жне спорт бөлімінің, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің 8 айында атқарған жұмыстары туралы есептері тыңдалды. Отырысқа мемлекеттік мекеме басшылары және мектеп, балабақша директорлары қатысты. Отырыста қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан балабақша ғимараттарын қадағалау, мектептердегі жылыжай және IT-сынып ашу мәселелеріне қатысты арнайы мамандарды оқыту жөнінде, үздік оқитын оқушыларға тағайындалатын аудан әкімінің стипендиясын көбейту бойынша басқа да мектептерге ұсыныс беру қажеттілігі жөнінде ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар халықтың рухани жаңғыруы аясында айына бір рет драма театр ұйымдастыру және ересектерге арналған дене шынықтыру және спорт кешенін ашу, ауыл шаруашылығы мәселесіне қатысты Қаратүлей қорығының жерін мал жайылымдарына беру жөнінде бірқатар ұсыныстар берілді.
2019 жылғы 08 қазан күні Бейнеу аудандық мәслихатының 2019 жылғы 10 қаңтардағы №30/250 «2019-2021 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы; Бейнеу аудандық мәслихатының 2019 жылғы 23 қаңтардағы №31/256 «2019-2021 жылдарға арналған Бейнеу ауылының бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы; Бейнеу аудандық мәслихатының 2019 жылғы 23 қаңтардағы №31/257 «2019-2021 жылдарға арналған Ақжігіт ауылының бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы шешімдерінің жобасы талқыланды.
Ағымдағы жылдың 08 қарашасында Бейнеу аудандық мәслихатының 2019 жылғы 23 қаңтардағы №31/255 «2019 - 2021 жылдарға арналған Боранқұл ауылының бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы; Бейнеу ауданы әкімдігінің 2019 жылғы 27 ақпандағы №54 «2019 жылға арналған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын, ата-ана төлемақысының мөлшерін бекіту туралы» қаулысына өзгерістер енгізу туралы; Бейнеу орталық аудандық ауруханасының 2019 жылдың 9 айында атқарған жұмыстары туралы есебі; Бейнеу аудандық құрылыс бөлімінің 2019 жылдың 9 айында атқарған жұмыстары туралы есебі; Бейнеу ауылындағы 55 көппәтерлі тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесін шешу жолдары туралы және аудандық қоғамдық кеңесітің 14.05.2019 жылғы №4 хаттамасында Бейнеу ауылының әкімі С.Қалдығараевқа берілген ұсыныстардың орындалысы туралы мәселелер қаралды. Отырысқа аудан әкімінің бас инспекторы Ж.Сүйінов, Бейнеу ауылының әкімі С.Қалдығараев, мемлекеттік мекеме, кәсіпорын басшылары, полиция аға лейтенанты Б.Камаев, аудандық аурухана мамандары және «Рауан» қоғамдық саяси газетінің тілшісі Қ.Ходжаев қатысты. Баяндама бойынша ескертулер мен ұсыныстар қорытынды хаттамада жинақталып, жауапты мемлекеттік органдарға жолданды. Бейнеу ауылындағы 55 көппәтерлі тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі бойынша аудан әкімі Б.Әбіловке, сонымен қатар аудандық орталық ауруханада шешімін таппаған бірқатар мәселелерді шешуге ықпал етуін сұрап Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Ә.Сағымбаевқа хаттар жолданды.
2019 жылдың 04 желтоқсаны күні Бейнеу ауданының тұрғындарынан электр энергия мен табиғи газ тарифтерін төмендету бойынша түскен өтініші талқыланды. Отырысқа «Бейнеу аудандық тұрғын үй – коммуналдық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысы м.у.а. Н.Кенбаев, Бейнеу аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Б.Әзірханов, Бейнеу аудандық газ шаруашылығының басшысы Қ.Медетов, «Бейнеу электр жүйелері» МӨЭК АҚ бастығы Н.Баймұханов, «Бейнеуэнергосервис» МКК директоры м.у.а. М.Алланазаров қатысты. Тұрғандардан түскен өтініште көршілес облыстар арасындағы тарифтердің анағұрлым айырмашылығына байланысты, аудан тұрғындары электр энергиясы мен табиғи газдың тарифтерін жеке тұрғындар үшін төмендету сұралған. Қоғамдық кеңес мүшелері тиісті шешім қабылдап, Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмовқа және Маңғыстау облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Қ.Кельджановқа осы аталған мәселені Қазақстан Республикасы Үкіметінің алдына қойып, оң шешімін табуға ықпал етуін сұрап хаттар жолданды.
18 желтоқсан 2019 жылы Бейнеу аудандық мәслихатының «2020-2022 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешімінің жобасы, «2020-2022 жылдарға арналған Боранқұл ауылының бюджеті туралы», «2020-2022 жылдарға арналған Бейнеу ауылының бюджеті туралы», «2020-2022 жылдарға арналған Ақжігіт ауылының бюджеті туралы», «2020-2022 жылдарға арналған Сам ауылдық округінің бюджеті туралы», «2020-2022 жылдарға арналған Тұрыш ауылының бюджеті туралы», «2020-2022 жылдарға арналған Төлеп ауылының бюджеті туралы», «2020-2022 жылдарға арналған Сыңғырлау ауылының бюджеті туралы», «2020-2022 жылдарға арналған Есет ауылының бюджеті туралы» және «2020-2022 жылдарға арналған Сарға ауылының бюджеті туралы», «2020-2022 жылдарға арналған Тәжен ауылының бюджеті туралы» шешімдерінің жобалары талқыланды. Сонымен қатар «Бейнеу ауданы әкімдігінің 2017 жылғы 17 мамырдағы №95 «Кандидаттарға сайлаушылармен (таңдаушылармен) кездесуі үшін шарттық негізде үй-жайлар беру туралы» қаулысына өзгерістер енгізу туралы», Бейнеу ауданы әкімдігінің «2020 жылға арналған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын, ата-ана төлемақысының мөлшерін бекіту туралы» қаулы жобалары талқыланып, отырыс соңында қоғамдық кеңес тиісті шешім қабылдап, қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан келісім берілді.
2019 жылдың 25 желтоқсанында «Бейнеу аудандық мәслихатының 2017 жылғы 30 қазандағы №18/145 «Бейнеу ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидасын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» шешімінің жобасын талқыланды.
Бейнеу аудандық Қоғамдық кеңесі 2019 жылы 23 отырыс өткізіп, тиісті шешім қабылдап, өз ұсыныстарын берді. Қазіргі таңда тиісті мекемелер берілген ұсынысты орындау мақсатында іс-шара жоспарын қабылдап, жұмыс жүргізуде. Қаралған мәселелер қадағалауға алынды. Ауданның Қоғамдық кеңесі жүргізген барлық жұмыстары аудандық БАҚ-та жарыққа шығарылады, сондай-ақ аудандық әкімдіктің ресми сайтында «Қоғамдық кеңес» атты арнайы айдары жұмыс істейді.
Қоғамдық кеңестер азаматтық бағдарламаларды дамытудың негізгі институты болуы тиіс және барлық азаматтарды оларды толғандыратын өзекті мәселелер айтуға жергілікті атқарушы орган басшыларымен бірлесіп және осы мәселелер бойынша шешу мәселелерін қарастыруға шақырамын.
Бейнеу аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Б.Қылишаев