Атырау қаласының әкімі Данияр Таханов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
Қабылдау барысында тұрғын үймен қамту, жер учаскелерін алу, электр желілерін коммуналдық меншікке беру, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау, әлеуметтік көмек көрсету және қала инфрақұрылымына қатысты мәселелер көтерілді.
Сонымен қатар, тұрғындар аяқталмаған тұрғын үй құрылысы, спорт алаңдарын салу, инженерлік желілерді реттеу және өзге де әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер бойынша өтініштерін жеткізді.
Қала әкімі әрбір өтінішті мұқият тыңдап, көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын қарастыруды жауапты бөлімдерге тапсырды. Бірқатар мәселе бойынша қолданыстағы заңнама аясында түсініктемелер беріліп, тиісті жұмыстарды зерделеу қажеттігі айтылды.
Тұрғындармен ашық диалог орнатып, олардың өтініштеріне назар аудару және мәселелерді заң аясында шешу – қала әкімдігі жұмысының басым бағыттарының бірі.
Атырау қаласының әкімі Данияр Тахановтың төрағалығымен цифрландыру мәселелеріне арналған жиын өтті. Оған қала әкімінің орынбасарлары, облыстық цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аман Сұлтанов, қала әкімі аппаратының басшысы және дербес бөлімдердің басшылары қатысты.
Жиында қаланың тыныс-тіршілігіне қатысты салаларды цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар таныстырылды.
Атап айтқанда, қоғамдық көліктерге бейнебақылау камераларын орнату, көлік қозғалысын бақылайтын диспетчерлік жүйені жетілдіру, жол инфрақұрылымының сапасын мониторингтеу, инватакси қызметін цифрландыру және құрылыс саласына бірыңғай ақпараттық жүйе енгізу мәселелері қаралды. Сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын бақылау мен басқарушылық шешімдер қабылдауда деректерді тиімді пайдалану бағыттары сөз болды.
Жиынға қатысушылар өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, цифрлық шешімдерді енгізудің тиімді жолдарын талқылады.
Қала әкімі Данияр Таханов цифрландыруды жүйелі түрде қолға алып, басқарушылық шешімдер қабылдау үдерісіне заманауи технологияларды кеңінен енгізудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық жүйелер жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етіп, адами факторды азайтуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар шаһар басшысы нақты нәтижеге бағытталған, тиімді әрі өзекті жобаларды қолдауға дайын екенін жеткізді. Ол ұсынылған бастамаларды жан-жақты зерделеп, қаланың дамуына және тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға ықпал ететін жобаларға басымдық беруді тапсырды.
19 қазан – құтқарушылар күніне орай Атырау қаласы әкімдігінде салтанатты шара ұйымдастырылды. Шара барысында қала әкімі аппаратының басшысы Айбек Кадралиев азаматтық қорғау саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен қала әкімі Данияр Тахановтың атынан құттықтады.
– Құтқарушы болу – үлкен жауапкершілікті, кәсіби біліктілікті, батылдық пен табандылықты талап ететін мамандық. Қандай жағдай болмасын, көмекке бірінші болып жетіп, қиын сәтте адамға қол ұшын созу – нағыз ерлік пен азаматтықтың белгісі. Төтенше жағдайлардың алдын алу, өрт сөндіру, апат салдарын жою және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбектеріңіз ерекше құрметке лайық. Қала тұрғындарының тыныштығы мен амандығын сақтауға қосып жүрген үлестеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Айбек Сарсенбайұлы.
Салтанатты жиында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және төтенше жағдайлардың алдын алуға қосқан үлесі үшін Атырау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының 15 қызметкеріне қала әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Атырау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы Сәбит Борашев құттықтау сөз сөйлеп, сала қызметкерлеріне көрсетілген құрмет пен қолдау үшін алғысын білдірді.
Мерекелік шара әсерлі әнмен әрленді.
Атырау қаласының әкімі Данияр Тахановтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Жиында қала тұрғындарын алаңдатып отырған бірқатар өзекті мәселе күн тәртібіне қойылып, оларды шешу жолдары талқыланды.
Атап айтқанда, жолдардың сапасын арттыру, мектеп маңындағы жаяу жүргіншілер өткелдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық көлік қызметін жақсарту және жылыту маусымының барысы талқыланды.
Сонымен қатар қоршаған ортаның жай-күйі, қала тазалығы, көшелерді жарықтандыру, қоғамдық көлік аялдамаларын жабдықтау және құрылысы созылып кеткен нысандардың жағдайы назарға алынды. Тұрғын үйлердегі лифтілердің қауіпсіздігі мен апатты үйлердің жай-күйі де маңызды мәселелер қатарында болды.
Жиын қорытындысы бойынша қала әкімі жауапты бөлімдер мен тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар беріп, олардың сапалы әрі уақытылы орындалуын бақылауға алуды тапсырды.
Атырау қаласында ұстаздар күніне арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік жиында қала әкімі Данияр Таханов ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың жас ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегіне ерекше тоқталды.
«Адамның адамдығы – жақсы ұстаздан» дейді ұлы ақын Абай Құнанбайұлы. Расында, ұстаз болу – үлкен жауапкершілік. Атырау қаласының білім саласында ұстаздардың еңбегі ерекше. Бүгінде шәкірттер түрлі олимпиадалар мен байқауларда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Қажырлы еңбектеріңізге шынайы алғысымды айта отырып, сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін», – деді Данияр Болатұлы.
Салтанатты шара барысында білім беру саласының бірқатар қызметкері еңбектері мен кәсіби жетістіктері үшін марапатталды. Олардың қатарында мектеп директорлары, директор орынбасарлары, балабақша меңгерушілері және білім бөлімінің мамандары бар.
Концерттік бағдарламада өнерпаздар ұстаздарға арнап әндер шырқап, мың бұрала би билеп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Атырау қаласының әкімі Данияр Таханов «Universal Tech Decisions» (UTD) компаниясының өкілдерімен кездесіп, қаладағы жол инфрақұрылымын дамыту және көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
Жиынға Атырау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Нұрлыбек Даралиев, қала әкімінің орынбасары Ердос Әбдісаттаров және дербес бөлім басшысы Ержан Хайноллаев қатысты.
Көлік ағынын зерттеу және модельдеу бағытында жұмыс істейтін ғылыми аккредиттелген компания өкілдері жолдардың сапасын арттыру, көлік қозғалысын оңтайландыру және жол жүктемесін алдын ала болжау жөніндегі ұсыныстарын таныстырды.
Қала әкімі Атыраудың бас жоспары әзірленіп жатқанын атап өтіп, көлік инфрақұрылымын дамытуда ғылыми тәсілдерді қолданудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ мектептер маңындағы жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.
Ұсыныстарды қосымша зерделеп, алдағы уақытта нақты шешімдер қабылдау жоспарланып отыр.
Атырау қаласының әкімі Данияр Тахановтың төрағалығымен қала әкімдігінде жиын өтіп, шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері талқыланды.
Жиын барысында дербес бөлім басшылары негізгі бағыттар бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндама жасап, көрсеткіштерді слайд арқылы таныстырды. Өнеркәсіп, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, инвестиция, тұрғын үй, жол-көлік инфрақұрылымы, сумен және жылумен қамту, абаттандыру, көгалдандыру, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау мәселелері қаралды.
Өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 111,2 пайызды құрап, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42,5 пайызға артты. Бөлшек сауда көлемінде де оң динамика қалыптасты.
Сонымен қатар қаладағы инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, жолдарды жөндеу және салу, аулаларды абаттандыру, көгалдандыру, қоғамдық көліктің жұмысын жақсарту бағыттарындағы жобалардың барысы сараланды.
Жиында бірқатар проблемалық мәселелер де көтеріліп, оларды шешу жолдары мен қажетті қаржыландыру мәселелері талқыланды. Қала әкімі тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстардың сапалы әрі уақтылы орындалуы маңызды екенін атап өтті. Әр бағыт бойынша нақты міндеттер айқындалып, тиісті бөлімдерге тапсырмалар берілді.
Атырау қаласындағы Құлманов көшесі, 15 мекенжайында орналасқан «Гранд Атырау» тұрғын үй кешенінің «Б» блогында лифттің үшінші қабаттан авариялық төмен түсуі орын алды.
Атырау қаласының әкімі Данияр Таханов оқиға орнына арнайы барып, жағдайды өз көзімен көріп, тұрғындармен және жауапты қызмет өкілдерімен сөйлесті. Оқиғаның мән-жайын тікелей бақылауына алды.
Шаһар басшысы жауапты қызметтерге лифттің авариялық төмен түсуіне себеп болған жағдайды шұғыл анықтауды, сондай-ақ қаладағы барлық лифтілердің техникалық жағдайына толық тексеру жүргізіп, олардың қауіпсіздік деңгейін бағалауды тапсырды.
Мәселе қала әкімінің тікелей қадағалауында.
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың өкімімен, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен Атырау қаласының әкімі лауазымына Данияр Таханов тағайындалды.
Данияр Таханов 1985 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Бейжіңдегі Қытай мұнай университетін «Өндірістік-коммерциялық басқару» және «Өндірістік экономика» мамандықтары бойынша бітірген. «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасының түлегі.
Еңбек жолын 2009 жылы «ҚазҚұрылысСервис» АҚ-да бастап, түрлі лауазымда қызмет атқарған. 2012 жылы Sinopec Engineering компаниясының Қазақстандағы филиалында инженер болып жұмыс істеді.
2012–2017 жылдары «Орал» ӘӘК басқарма төрағасының орынбасары және «Atyrau Innovations» ЖШС директоры қызметтерін атқарды.
2017 жылдан бастап «Атырау» ӘӘК» АҚ-да басқарма төрағасының орынбасары және басқарма төрағасы болып қызмет етті.
2022 жылғы мамырдан бері «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын басқарды.
Аймақ басшысы Болат Ақшолақов қаланың жаңа әкіміне халықты толғандыратын өзекті мәселелерді шешу бойынша жүйелі жұмысты жолға қоюды тапсырып,
жұмыспен қамтуға, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, кәріз және электрмен қамту жүйесін жаңартуға, жылыту науқанына, тұрғындарды апатты үйлерден көшіруге, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қаланы көркейтуге баса назар аударуды жүктеді. Өңір әкімі қаланың мәселелері депутаттармен және тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста шешілуі керегін атап өтті.
Дүниежүзілік тазалық күні – World Cleanup Day аясында еліміздің түкпір-түкпірінде жалпыұлттық экологиялық акция ұйымдастырылды.
Акцияға Атырау қаласының әкімдігі де белсене қатысып, Жұмыскер шағынауданындағы Жайық өзені бойында тазалық жұмыстарын жүргізді. Игі іске 300-ден астам адам атсалысты.
Тазалық жұмыстарына «Арнаулы автобаза» ЖШС-ның 7 арнайы техникасы жұмылдырылып, 3 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Сонымен қатар, ауылдық округтерде де елді мекендердің аумағын тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Акция барысында аумақ қоқыстан тазартылып, 600 түп терек отырғызылды.
Қоршаған ортаның тазалығы – ортақ жауапкершілік. Туған қаламыздың көркеюі мен тазалығын сақтау әрқайсымыздың күнделікті ісімізден басталады.