Атаулы әлеуметтік көмек – мұқтаж жандарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау
Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) – аз қамтылған азаматтар мен отбасыларға қаржылай қолдау көрсетуге бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының бірі. Ол жан басына шаққандағы орташа айлық табысы өңірде белгіленген кедейлік шегінен төмен адамдарға Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес тағайындалады.АӘК екі түрге бөлінеді: шартсыз және шартты ақшалай көмек.Шартсыз ақшалай көмек жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына объективті себептермен қатыса алмайтын азаматтарға тағайындалады. Оларға зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтар, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, ұзақ уақыт емделуді қажет ететін азаматтар, сондай-ақ құрамында еңбекке қабілетті адам жоқ немесе жалғыз еңбекке қабілетті мүшесі үш жасқа дейінгі балаға, мүгедектігі бар балаға, I немесе II топтағы мүгедектігі бар адамға не күтімді қажет ететін қарт адамға күтім жасайтын отбасылар жатады.Шартты ақшалай көмек еңбекке қабілетті аз қамтылған азаматтар мен отбасыларға жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу шартымен көрсетіледі. Мемлекет оларды жұмысқа орналастыруға, кәсіптік оқытуға, жаңа мамандық алуға немесе кәсіпкерлік қызметті бастауға қолдау көрсетеді.Атаулы әлеуметтік көмектің екі түрі де өтініш берілген айдан бастап ағымдағы тоқсанға тағайындалып, ай сайын төленеді.Сонымен қатар, АӘК алатын отбасыларға бір жастан алты жасқа дейінгі әрбір балаға ай сайын 1,5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде қосымша төлем беріледі. 2026 жылы бұл төлемнің мөлшері 6 488 теңгені құрайды.Атаулы әлеуметтік көмек алуға Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар, босқындар, шетелдіктер және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдар, егер олардың жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен аспаса, құқылы.АӘК мөлшері әр отбасы үшін жеке есептеледі. Ол жан басына шаққандағы орташа табыс пен өңірде белгіленген кедейлік шегінің айырмасы ретінде анықталады. Есептеу кезінде өтініш берудің алдындағы тоқсандағы отбасының барлық табыстары ескеріледі.Егер отбасының табысы кедейлік шегінен жоғары болса, өтініш беруші жалған мәліметтер немесе құжаттар ұсынса, материалдық жағдайын тексеруден бас тартса немесе еңбекке қабілетті отбасы мүшесі жұмыспен қамту шараларына қатысудан дәлелді себепсіз бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайды.Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығына, ал ол болмаған жағдайда кент, ауыл немесе ауылдық округ әкіміне жүгіну қажет. Өтінішті электрондық үкімет порталы арқылы да беруге болады.Қосымша ақпарат алу үшін Айыртау ауданының тұрғындары төмендегі мекемелерге жүгіне алады:
- Айыртау ауданының Мансап орталығы:
Саумалкөл ауылы, Ш. Уәлиханов көшесі, 42.
Телефон: 8 (71533) 21-3-91.
- «Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» КММ:
Саумалкөл ауылы, Ш. Уәлиханов көшесі, 42.
Телефон: 8 (71533) 21-4-14.
Атаулы әлеуметтік көмек – аз қамтылған азаматтар мен отбасылардың тұрмыс сапасын жақсартуға, оларды әлеуметтік қолдауға және еңбекке қабілетті адамдардың жұмыспен қамтылуына ықпал ететін маңызды мемлекеттік қолдау шарасы.
«Айыртау ауданы әкімдігінің жұмыспен
қамту және әлеуметтік бағдарламалар
бөлімінің» ҚММ басшысы О.Брюханова