Мемлекеттік қызмет: мүгедек балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу
Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау аудандық мәслихатының 2022 жылғы 20 шілдедегі № 7-19-1 шешімімен Айыртау ауданында жеке оқу жоспары бойынша мүгедек балалар қатарындағы кемтар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу тәртібі мен мөлшері бекітілді.
Қызметті екі жолмен алуға болады: «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы немесе Қазақстан Республикасының электрондық үкіметі порталы арқылы (www.egov.kz).
Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі – құжаттар топтамасы тіркелген күннен бастап 8 жұмыс күні. Мемлекеттік корпорацияға жүгінген кезде кезекте күтудің ең ұзақ уақыты 15 минуттан, ал қызмет көрсету уақыты 20 минуттан аспайды. Электрондық үкімет порталы тәулік бойы жұмыс істейді (техникалық үзілістерді қоспағанда). Төлемді тағайындау үшін өтініш беруші белгіленген үлгідегі өтініш ұсынады. Мемлекеттік корпорацияға жүгінген кезде жеке басын куәландыратын құжат көрсетуі қажет. Баланың тууы, мүгедектігі, тұрғылықты жері, банктік шоты және үйде оқуы туралы мәліметтердің басым бөлігі мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде алынады.
Жеке оқу жоспары бойынша мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу мөлшері 2026 жылға тоқсанына -38925 теңгеге, мүгедектігі бар әрбір балаға тоғыз айлық есептік көрсеткішке тең.
Егер ақпараттық жүйелерде қажетті мәліметтер болмаған жағдайда, дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы және баланың үйде оқитынын растайтын білім беру ұйымының анықтамасы қосымша ұсынылады. Портал арқылы өтініш берген кезде аталған құжаттардың электрондық көшірмелері тіркеліп, өтініш электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылады.
Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға құжаттарда жалған мәліметтердің анықталуы, құжаттар топтамасының толық болмауы, заңнама талаптарына сәйкес келмеуі немесе дербес деректерге қол жеткізуге келісімнің болмауы негіз бола алады.Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі – мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу бойынша төлем тағайындау туралы хабарлама.
Өтініштер Мемлекеттік корпорацияда дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін үзіліссіз қабылданады. Егер портал арқылы өтініш демалыс немесе мереке күндері берілсе, оны қарау келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.
Қосымша ақпаратты 8 (71533) 21-414 телефоны арқылы алуға болады.
Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды мемлекеттік қолдау – әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады.
Айыртау ауданы әкімдігінің жұмыспен
қамту және әлеуметтік бағдарламалар
бөлімінің басшысы Е.Қазбеков