Павлодар облысындағы «Үрлітөбе» фитосанитариялық бақылау бекетінде Ресейден бидай кебегі ретінде көрсетілген бидайды Қазақстанға кіргізу әрекетінің жолы кесілді.
Автокөлік құралын тексеру барысында ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының мамандары ілеспе құжаттарда көрсетілген мәліметтер мен жүктің нақты құрамының сәйкес келмейтінін анықтады. Тексеру нәтижесінде көлік құралында кебекпен қатар бидай дәні де болғаны белгілі болды.
Бидайды автомобиль көлігімен тасымалдауға қойылатын шектеулерді және ілеспе құжаттардағы мәліметтердің нақты жүк құрамына сәйкес келмейтінін ескере отырып, жүкті экспорттаушы елге кері қайтару туралы шешім қабылданды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі карантинге жатқызылған өнімдерді, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында тасымалдау кезінде фитосанитариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.
Ілеспе құжаттарда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығы мен белгіленген шектеулердің сақталуы министрліктің тиісті комитетінің тұрақты бақылауында.
Карантиндік фитосанитариялық бақылау барысында ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің мемлекеттік инспекторлары импортталатын ауыл шаруашылығы өнімдерінен карантиндік объектілерді анықтап, фитосанитариялық заңнама талаптарының бұзылғанын тіркеді.
Атап айтқанда, Алматы облысында Қырғыз Республикасынан әкелінген салмағы 8 690 кг айсберг салатынан батыс гүл трипсі, ал Ресей Федерациясынан жеткізілген 840 тонна жұмсақ бидайдан жатаған у кекіре анықталды.
Ақмола облысында зертханалық сараптама нәтижелері Ресейден әкелінген жалпы көлемі 490 тонна және 478,8 тонна болатын бидайдың екі легінен жатаған у кекіренің, сондай-ақ далалық және еуропалық арамсояудың бар екенін растады.
Ақтөбе облысындағы «Әлімбет» фитосанитариялық бақылау бекетінде Ресей Федерациясының Орынбор облысынан жеткізілген 114,9 тонна зығыр тиелген төрт автокөлік тексерілді. Зертханалық сараптама нәтижесінде өнімнен жатаған у кекіре анықталды. Осындай карантиндік объект Батыс Қазақстан облысындағы «Шаған» бекетінде Ресейден әкелінген 70 тонна азық-түлік арпасының партиясынан да табылды.
Сонымен қатар Абай облысындағы «Бақты» фитосанитариялық бақылау бекетінде Қазақстан аумағына үшінші елдерден алма әкелуге қатысты қолданыстағы уақытша тыйымның бұзылуына жол берілмеді. Осыған байланысты Қытай Халық Республикасынан әкелінбек болған 1 127 кг алма ел аумағына кіргізілмеді.
Анықталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданды. Импорттаушыларға қатысты әкімшілік істер қозғалды. Ақтөбе облысында тіркелген құқық бұзушылыққа қатысты материалдар сотқа жолданды.
Ақмола облысында кәсіпкерлерге астықты механикалық жолмен тазарту және тазарту барысында алынған қалдықтарды кейіннен жою жөнінде міндетті нұсқамалар берілді. Карантиндік объектімен залалданған арпа легі және заңнамалық талаптарды бұза отырып әкелінген алма экспорттаушы елдерге кері қайтарылды.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздің фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ аумағына қауіпті карантиндік объектілердің енуі мен таралуына жол бермеу бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Карантинге жатқызылған өнімдерді ел аумағына әкелу кезінде фитосанитариялық талаптардың сақталуы уәкілетті органдардың тұрақты бақылауында.
Батыс Қазақстан облысында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетіне қарасты өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар қауіпті карантиндік нысан – жатаған кекіре тұқымдарымен залалданған 84,5 тонна карантиндік өнімді ел аумағына кіргізуге жол бермеді.
Аталған заңбұзушылық «Тасқала» және «Шаған» фитосанитариялық бақылау бекеттерінде жүргізілген бақылау барысында анықталды.
Инспекторлар «Тасқала» фитосанитариялық бақылау бекетінде азық-түлікке арналған мақсары және арпа тұқымдарын тексеріп, өнімнен фитосанитариялық сараптама жасау үшін сынамалар алды.
Ал «Шаған» фитосанитариялық бақылау бекетінде азық-түлікке арналған зығыр тұқымдарынан алынған сынамалар зертханалық зерттеуге жолданды.
«Фитосанитария» мекемесінің Батыс Қазақстан облыстық карантиндік зертханасы филиалының зерттеу қорытындысына сәйкес, тексерілген барлық сынамалардан карантиндік нысанға жататын жатаған кекіренің (Acroptilon repens L.) тұқымдары анықталды.
Еліміздің қолданыстағы заңнамасына сәйкес, залалданған өнімді ел аумағына кіргізуге рұқсат берілмеді.
Аталған жүк толығымен экспорттаушы елге кері қайтарылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірісіне қауіп төндіретін карантиндік өнімдерге жол бермеу бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.
Астанада жыл сайынғы халықаралық «EURASIAN AGRICOM-2026» конференциясы өтті. Астық өндіру, саудалау, логистика және қайта өңдеу мәселелері бойынша диалог алаңына айналған маңызды салалық іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сакен Қаныбеков қатысты. Форумға 300-ден астам делегат жиналды. Олардың қатарында қазақстандық жетекші астық компанияларының, мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық трейдерлер, логистикалық операторлар, сондай-ақ талдау және қаржы ұйымдарының өкілдері бар.
Конференция барысында қатысушылар астық нарығындағы жаһандық үрдістерді және 2026 жылғы өнім көлемінің болжамын, 2026-2027 маусымындағы сауда перспективаларын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру бағыттарының бірі ретінде Солтүстік Қазақстан жағдайында жүгері өсірудің қытайлық технологияларын енгізу мәселелерін талқылады.
Конференция қатысушылары әсіресе Қазақстан мен Қытай арасындағы аграрлық саладағы стратегиялық әріптестікті дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша назар аударды.
Панельдік пікірталастар барысында сарапшылар сауда тетіктерін институционалдандыру, ынтымақтастықтың стандартталған үлгілеріне көшу және қазақстандық компаниялардың Қытай Халық Республикасының жетекші электрондық сауда алаңдарындағы саудаға қатысу перспективаларын қарастырды.
Конференция қорытындысы мемлекеттің және бизнестің бірлескен күш-жігері елдің экспорттық әлеуетін нығайту және тұрақты логистикалық тізбектерді дамыту үшін аса маңызды екенін көрсетті.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысы ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының, департаменттер мен комитеттер басшыларының қатысуымен өтті.
Жиынды ашқан Қоғамдық кеңес төрағасы Ержан Нұрбаев мемлекеттік қолдаудың тиімділігін бағалаудағы басты өлшем нақты экономикалық нәтиже болуы тиіс екенін атап өтті.
«Бүгінде агросекторға ауқымды мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді. Сонымен бірге сала алдында жаңа сын-қатерлер де тұр. Сондықтан қаржыландыру көлемін арттырумен қатар, бөлінген қаражаттың барынша тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету маңызды. Біздің міндетіміз – жүйелі мәселелерді дер кезінде анықтап, нарыққа қатысушылардың пікірін ескеру және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен жалпы экономикаға нақты пайда әкелетін шешімдер ұсыну», – деді Ержан Нұрбаев.
Жиын барысында мемлекеттік қолдау тетіктері мен инвестициялық бағдарламалардың тиімділігі, аквашаруашылықты дамыту, жер ресурстарын пайдалану, фитосанитариялық қауіпсіздік және азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Инвестициялық саясаттың маңызды нәтижелерінің бірі – өндіріс орындарын ашуға және қолданыстағы кәсіпорындарды кеңейтуге бағытталған жылдық 2,5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру бағдарламасының іске қосылуы.
Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында АӨК-тің 16 бағыты бойынша 245 жоба қаржыландырылды. Оның 150-і қазірдің өзінде пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 1,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Ауыл шаруашылығы өндірісінде де өсім байқалады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы жалпы өнім көлемінің нақты индексі 2023 жылғы 85,1%-дан 2025 жылы 113,2%-ға жетті.
Инвестицияның едәуір бөлігі сүт және ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға жұмсалды. 2023–2025 жылдары осы бағдарлама аясында 97 тауарлы-сүт фермасын салу жобасы қаржыландырылды. Оның 71-і пайдалануға беріліп, оларда 460 мың тоннадан астам сүт өндіріледі.
Барлық жоспарланған жобалар толық жүзеге асқан жағдайда, сүт өндіру көлемі 600 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Ет өндірісі де артып келеді. Бағдарлама басталғалы бері ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға арналған жалпы құны 33,8 млрд теңге болатын 27 жоба қаржыландырылды.
Өндіріс көлемінің ұлғаюы ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және қайта өңдеу нысандарын дамыту жұмыстарымен қатар жүріп жатыр.
Осылайша, мемлекеттік қолдау жекелеген жобаларды қаржыландырумен ғана шектелмей, агроөнеркәсіптік кешендегі құрылымдық өзгерістерге серпін беретін маңызды құралға айналып келеді. Жеке инвестицияларды тарту, жаңа өндірістер ашу, мал шаруашылығы мен қайта өңдеу салаларын дамыту АӨК-тің орнықты өсуіне және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға берік негіз қалайды.
Кездесуде аквашаруашылықты дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда сала субъектілерінің 698-ін қамтитын тізілім жасақталған.
2027 жылдан бастап аквашаруашылық саласын бақылау, оның субъектілері туралы мәліметтерді жүргізу және өнімнің шығу тегі мен қозғалысын қадағалау үшін E-Fish ақпараттық жүйесіне арнайы модуль енгізу жоспарланып отыр.
АӨК-ке инвестиция тарту қарқыны да сақталуда. 2026 жылға арналған Жол картасы бойынша жалпы құны 1,3 трлн теңге болатын 161 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұдан бөлек, жалпы сомасы 3,2 млрд АҚШ долларын құрайтын 13 инвестициялық келісімге қол қойылды.
Импортты алмастыру бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Негізгі азық-түлік тауарларының басым бөлігі бойынша ішкі нарықтың отандық өніммен қамтылу деңгейі 80%-дан жоғары. Басым бағыттардың қатарында қант, құс еті және сүт өнімдерін өндіру бар.
2026 жылғы қаңтар–тамыз айларында азық-түлік өндірісінің көлемі 2,8 трлн теңгеге жетті. Нақты көлем индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 112,9%-ды құрады.
Жиын қорытындысында Ержан Нұрбаев алдағы өсім көрсеткіштерді арттырумен ғана шектелмей, мемлекеттік ресурстарды ұтымды әрі сапалы пайдалануға негізделуі тиіс екенін атап өтті.
«Салаға қойылып отырған міндет – көрсеткіштерді жай ғана арттыру емес, сапалы әрі орнықты өсімді қамтамасыз ету. Бұл үшін жүйелі шешімдер қабылдап, бюджет қаражатын тиімді жұмсау және мемлекет, бизнес пен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін нақты нәтижелерге тұрақты бақылау жүргізу қажет. Қоғамдық кеңес бұл жұмысқа бұдан әрі де үлес қосып, сындарлы пікір алмасуға жағдай жасауға дайын», – деп қорытындылады Қоғамдық кеңес төрағасы.
Жиын барысында айтылған барлық ұсыныстар мен ұсынымдар талданып, тиісті жұмыстарда ескерілетін болады.
Қазақстан Республикасының делегациясы Париж қаласындағы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өтіп жатқан Еуропа және Жерорта теңізі өсімдіктер карантині және оларды қорғау ұйымының (ЕОКЗҰ) 76-сессиясына қатысуда.
Халықаралық алаңға ЕОКЗҰ-ға мүше 40-тан астам мемлекеттің басшылары мен өкілдері жиналды.
Іс-шара барысында Ұйым қызметінің негізгі бағыттары, оның ішінде өткен жылғы жұмыс қорытындылары және осы жылға арналған басым міндеттердің орындалуы, қаржылық мәселелер, сондай-ақ ЕОКЗҰ-ның халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуы турасында қарастырылуда.
Өсімдіктерді қорғау құралдары мен фитосанитариялық шаралар мәселелері бойынша мамандандырылған жұмыс топтарының қызметіне ерекше назар аударылды. Басым бағыттардың бірі – ЕОКЗҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасы мен фитосанитариялық стандарттарын одан әрі үйлестіру.
Қазақстан үшін бұл бағыт фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейтуге қолайлы жағдай жасау қажеттілігіне байланысты айрықша маңызға ие. Ұлттық талаптарды халықаралық стандарттарға жақындату саудадағы техникалық кедергілерді азайтуға және қазақстандық агроөнеркәсіптік өнімдердің сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
«Қазақстанның ЕОКЗҰ жұмысына қатысуы карантин және өсімдіктерді қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, ұлттық фитосанитариялық бақылау жүйесін жетілдіруге және сонымен қатар отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің шетелдік нарықтардағы қатысуын кеңейтуге жағдай жасауға мүмкіндік береді. Халықаралық фитосанитариялық талаптарды сақтау – қауіпсіз сауданы қамтамасыз етудің және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуының негізгі факторларының бірі», – деп атап өтті ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сәкен Қаныбеков.
Үш күнге жоспарланған сессия қорытындысы бойынша ЕОКЗҰ-ның жұмыс бағдарламасы және 2027 жылға арналған халықаралық іс-шаралар күнтізбесін бекіту жоспарлануда.
Қабылданған шешімдер Ұйымға мүше мемлекеттердің фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халықаралық стандарттарды жетілдіру, сондай-ақ өсімдіктерді қорғау саласына заманауи тәсілдер мен технологияларды енгізу бағытындағы күш-жігерін одан әрі үйлестіруге бағытталатын болады.
Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар карантиндік фитосанитариялық бақылау шеңберінде белгіленген фитосанитариялық талаптарға сәйкес келмейтін өнімдердің әкелінуіне жол бермеу бойынша тұрақты негізде тиісті шаралар қабылдауда.
2026 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден Қазақстан аумағына карантинге жатқызылған өнімдерді әкелу кезінде өсімдіктер карантині саласындағы заңнама талаптары бұзылған 1 377 оқиға анықталды.
Оның ішінде ең көп 1 213 жағдай Ресей Федерациясынан өнім тасымалдау кезінде байқалған. Ал Қырғызстаннан өнім әкелу кезінде 153 заңбұзушылық, Армениядан 6, Беларусь Республикасынан 5 заңбұзушылық анықталды.
Карантинге жатқызылған өнімдерді тасымалдау кезінде негізінен фитосанитариялық құжаттардың және қажетті таңбалаудың болмауы, өнімді қайталама тексеру жүргізу үшін ұсынбау, сондай-ақ карантиндік объектілердің анықталуы сияқты оқиғалар жиі кездеседі.
Барлық жағдай бойынша тиісті шаралар қабылданады. Еліміздің өсімдіктер карантині саласындағы заңнама талаптарын бұзған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Карантиндік фитосанитариялық бақылау тұрақты негізде жүзеге асырылады және фитосанитариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге, карантиндік объектілердің әкелінуі мен таралуының алдын алуға бағытталған.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында ұйымдастырылған сенбілікке қатысты.
Сенбілік барысында қатысушылар қоғамдық орындарды тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Көшелер мен аулалар қоқыстан тазартылып, аумақтар ретке келтірілді.
«Таза Қазақстан» акциясының негізгі мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, экологиялық мәдениетті арттыру және табиғатқа жауапкершілікпен қарау құндылықтарын қалыптастыру.
Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы уақытта да «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы экологиялық және абаттандыру іс-шараларына белсенді қатысатын болады.
Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында «Байсары» қой тұқымының селекциялық жетістіктеріне мемлекеттік апробация жүргізілді. Сынақ қорытындысы бойынша екі тұқымішілік сүлесі мен екі қошқардың зауыттық желісі мемлекеттік тануға ие болып, патент алды.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығына сәйкес АӨК-тегі мемлекеттік инспекция комитетінің мемлекеттік комиссиясы «Байсары» тұқымының селекциялық жетістіктеріне бағалау жүргізді. Жұмысты ғылыми сүйемелдеуді және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді етті-майлы бағыттағы қой шаруашылығының республикалық палатасы жүзеге асырды.
Апробация тікелей асыл тұқымды шаруашылықтарда мал басын және негізгі өнімділік көрсеткіштерін бағалау арқылы жүргізілді. Түркістан облысында Бәйдібек, Сайрам, Сарыағаш аудандары мен Арыс қаласының аумағында Түркістан тұқымішілік сүлесі бағаланды. «Нұрболат», «Молшылық», «Сиябанд», «Қуаныш» шаруа қожалықтарында, «Таукеев Н.М.» ЖК мен «МҰБАРАК АГРО» ЖШС-де жоғары өнімді 7,3 мыңға жуық мал басы тексерілді.
Сонымен қатар № 00452 «Миллион» және № 5042 «Депутат» екі зауыттық қошқар желісіне де бағалау жүргізілді. «Миллион» желісінің негізін қалаушы қошқардың тірі салмағы 231 кг болды. Бұл көрсеткіш Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілген.
Жамбыл және Алматы облыстарында Жетісу тұқымішілік сүлесінің 3,5 мыңнан астам басы апробациядан өтті. Жамбыл облысында жұмыстар Қордай, Шу, Меркі және Т. Рысқұлов аудандарында «Алпамыс», «Биғазы», «Бексұлтан», «Әлижан», «Бақша-Сарай» және «Айбек» шаруа қожалықтарының базасында жүргізілді. Алматы облысында бағалау Қарасай ауданы мен Қонаев қаласында «Нұр и К», «Қыдыралиев» шаруашылықтарында және «Ли В.А.» ЖК-де өтті.
«Байсары» қой тұқымы етті-майлы бағытқа жатады. Ересек қошқарлардың тірідей салмағы 140–180 кг құрайды, кейбіреулері 200 кг асады. Ет түсімі 53–56% құрайды.
Мемлекеттік сынақтар мен апробация нәтижелері бойынша төрт селекциялық жетістік ресми мемлекеттік танылып, патент алды: Жетісу тұқымішілік сүлесі — № 1292, Түркістан тұқымішілік сүлесі — № 1293, № 00452 «Миллион» зауыттық қошқар желісі — № 1294 және № 5042 «Депутат» зауыттық қошқар желісі — № 1295.
Атқарылған жұмыс ұсынылған селекциялық жетістіктердің белгіленген талаптарға сәйкестігін растауға және оларды мемлекеттік тануды рәсімдеуге мүмкіндік берді. Алынған нәтижелер «Байсары» тұқымының өнімділік және селекциялық қасиеттерін жетілдіру бойынша асылдандыру жұмыстарында одан әрі пайдаланылатын болады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінде Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мен Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекцияларының 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметін талдау қорытындылары бойынша кеңес өтті.
Оған аппарат басшысы Сергей Ли қатысты.
Заң қызметі департаменті жүргізген талдау мемлекеттік бақылаудың тиімділігі, әкімшілік тәжірибе, салынған айыппұлдарды өндіру, сондай-ақ мемлекеттік инспекторлар арасындағы қызметтік жүктеменің бөлінуін қамтыды.
Кеңес қорытындысы бойынша аумақтық инспекциялардың қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар шаралар айқындалды. Олардың қатарында төленбеген әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алу бойынша жұмысты күшейту, мемлекеттік инспекторлардың жұмыс тиімділігін бағалау әдістемесін жетілдіру, сондай-ақ нақты қызметтік жүктемені ескере отырып, аумақтық бөлімшелердің штат санын оңтайландыру қамтылған.
Аталған шараларды іске асыру мемлекеттік бақылаудың нәтижелілігін арттыруға және аумақтық инспекциялардың жұмысын неғұрлым нәтижелі ұйымдастыруға бағытталған.