Республика аумағына карантинге жатқызылған өнімдерді әкелу кезіндегі карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 11 ақпандағы №344-І «Өсімдіктер карантині туралы» Заңына, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы № 15-08/590 «Қазақстан Республикасының аумағын карантиндiк объектiлерден және бөтен тектi түрлерден қорғау жөнiндегi қағидаларды бекіту туралы» бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
Карантинге жатқызылған өнімді әкелу кезіндегі қорғау тәртібі:
- Фитосанитариялық тәуекелі жоғары карантинге жатқызылған өнімді ел аумағына әкелу экспорттаушы елдердің фитосанитариялық сертификаты, облысаралық тасымалдау карантиндік сертификаты болған кезде жүзеге асырылады.
- Карантинге жатқызылған өнімнің иеленушісі уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесін карантинге жатқызылған өнімнің келгені туралы кез келген қолжетімді әдіспен хабардар етеді және келген күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей жеткізу, межелі орнында карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалауды жүзеге асыру үшін карантинге жатқызылған өнімді көрсетеді.
- Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор карантинге жатқызылған өнім иелерiне Қазақстан Республикасының өсiмдiктер карантинi саласындағы заңнамасын түсiндiредi, фитосанитариялық тәуекелі жоғары карантинге жатқызылған өнімге фитосанитариялық сертификаттың, карантиндік сертификаттың бар-жоғын анықтайды, көлiкті, карантинге жатқызылған өнiмді сыртқы қарап тексеруді жүргiзедi, өсiмдiктер зиянкестерiн, ауруларын және арамшөптердi анықтау мақсатында карантинге жатқызылған өнiмнен үлгiлердi iрiктеп алып, оларға сол жерде зерттеу жүргiзедi. Қажет болған кезде үлгiлер мен объектiлер уәкілетті ұйымға объектiлердiң қандай карантиндiк түрге жататынын растауға берiледi.
- Карантинге жатқызылған өнім карантиндік жете тексеруден өткізілгеннен және өсімдіктер карантині жөніндегі қажетті іс-шаралар жүргізілгеннен кейін өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор бұл өнімді пайдалану шарттары туралы жазылған карантиндік фитосанитариялық бақылау мен қадағалау бойынша акті жасайды.
- Карантинге жатқызылған әкелінетін өнiмдi межелі пунктiнде қайталап карантиндік жете тексеру үшін ұсынбау кезінде Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 400 бабы, 1 тармағы, 16 тармақшасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.