Қауіпті карантиндік нысандар анықталды!

Қауіпті карантиндік нысандар анықталды!

Елордалық фитосанитариялық қызметімен Халықаралық әуежай фитосанитариялық бақылау бекетінде кезекті бақылау қадағалау жүргізу барысында бір жағдайда Ресей Федерациясынан әкелінген 134 дана сәнді өсімдігінің көшеттері экспорттаушы елдің тиісті фитосанитариялық сертификатысыз әкелу фактсін анықтаса, екінші жағдайда Нидерланд Корольдігінен жеткізілген қауіпті карантиндік объект – батыс гүл трипсімен залалданған 570 дана бақыт (хризантема) гүлі легін анықтады. Сондай-ақ «Астана темір жолы» фитосанитариялық бақылау бекетінде қала аумағына әкелініп жатқан өнімдерге кезекті бақылау және қадағалау жұмыстарын жүргізу кезінде үш жағдайда Ресей Федерациясы аумағынан келген қызанақтың қоңыр қатпарлы вирусымен залалданған 339 дана қызанақ тұқымы мен 400 дана тәтті бұрыш тұқымдарының жолы кесілді.

Аталған фактілер бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 400-бабына сәйкес өнім иелеріне әкімшілік істер қозғалып, барлығы 404 730 теңгеге айыппұлдар салына отырып, сертификатталмаған және залалданған өнімдер легі алынып, өртеу әдісімен жойылды.

Батыс гүл трипсі 250-ден астам өсімдіктердің түрлерін зақымдайды. Зиянкестер өсімдік жасушасының шырынымен қоректенеді. Яғни, өнімнің сапасы нашарлайды және өнімділік төмендейді. Карантиндік объект жаппай таралған кезде  өсімдіктің солып, қурауына және өлуіне әкеліп соқтырады. Сонымен қатар, зиянкес қызанақтың қауіпті вирусын тасымалдаушысы болып табылады.

Қызанақтың қоңыр қатпарлы вирусы (тобамовирус, ToBRFV) тұқымдарда сақталады және байланыс арқылы оңай таралады. Бұл вирустың адам денсаулығына зияны жоқ, алайда Solanaceae тұқымдас барлық дақылдарды зақымдайтын қауіпті патоген. Вирус жаппай таралған жағдайда өнімнің 80% ға дейін жойылуы мүмкін.