GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

АФМ
Меню
Страницы
Құжаттар
Қаржы пирамидалары
Байланыс
Баспасөз орталығы
Қызметі
Агенттік туралы
Департамент туралы
Департамент туралы
Баспасөз орталығы
Департамент туралы
Все материалы
19 октября 2026
Күніне 2 пайыздық өсіммен қарыз берген: ломбардтар желісінің қылмыстық әрекеті әшкереленді

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті «Альби» ломбардтар желісінің заңсыз қызметін тоқтатты.

Тергеу мәліметінше, бұған дейін «Альби-Ломбард» ЖШС микроқаржылық қызметпен айналысатын ұйымдардың тізілімінен шығарылып, ломбард қызметін жүргізу құқығынан айырылған.

Алайда компания атауын «Альби-КМ» ЖШС деп өзгерткеннен кейін де Алматы және Түркістан облыстарында зергерлік бұйымдарды кепілге алып, қарыз беруді жалғастырған.

Ломбардтар негізінен базарлар мен сауда үйлерінің маңында орналасқан. Клиенттерді тарту үшін кепілге қойылған мүліктің жоғары бағаланатынын және қарыз алудың несие тарихына әсер етпейтінін айтып, жарнама таратқан.

Қарыз күніне 2 пайыздық өсіммен берілген. Бұл заңда белгіленген 0,3 пайыздық шекті мөлшерлемеден алты есе жоғары.

Қарыз шарттары бұрынғы «Альби-Ломбард» ЖШС-нің мөрлері басылған кепіл билеттері арқылы рәсімделген. Ал ақшалай есеп айырысу қолма-қол және күдіктілердің бақылауындағы жеке кәсіпкерлердің банк шоттары арқылы жүргізілген.

Қылмыстық жолмен түскен табыс 146 млн теңгеден асқан.

Күдікті әйелге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Соттың рұқсатымен оның мүлкіне, атап айтқанда, 21 пәтеріне, 5 жер теліміне, 7 автокөлігіне, 7 гаражына, 2 дүкені мен қонақүйіне тыйым салынды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Өзге мәліметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

 

ҚР ҚМА Баспасөз қызметі

 

16 октября 2026
Құны 4,4 миллиард теңге болатын пәтерлерді заңсыз иемдену әрекетінің жолы кесілді  

 

Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы үйлестіруімен үлестік құрылысқа қатысу туралы жалған шарттар арқылы пәтерлерді заңсыз иемдену дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, «Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативін басқарған А. Байжұманов 1,5 мың үлескердің 10 млрд теңгесін жымқырудың қылмыстық жолын ұйымдастырған. Осы қылмысы үшін ол 2016 жылы 8 жылға бас бостандығынан айырылған.

Кейін Астана қаласы әкімдігінің қатысуымен тұрғын үйлердің құрылысы аяқталған.

Пәтерлердің бір бөлігі көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, мүгедектігі бар адамдарға және әлеуметтік жағынан осал топтағы өзге де азаматтарға берілуге тиіс болған.

Бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққаннан кейін А. Байжұманов сыбайластарымен бірге аталған пәтерлерді иемденудің жаңа айласын ойластырған.

Ол үшін шын мәнінде үлескер болмаған және пәтер сатып алмаған азаматтардың атына кооперативке жарна төлеу туралы жалған шарттар жасалып, құжаттар өткен күнмен рәсімделген.

Осы жалған үлескерлердің атынан құқық қорғау органдарына алаяқтық жасалғаны туралы арыздар берілген. Сол арыздардың негізінде қылмыстық істер қозғалып, жалған үлескерлер жәбірленуші деп танылған.

Қылмыстық топ сот шешімдерін пайдаланып, пәтерлерді өз аттарына рәсімдеуді, кейін оларды өзге адамдарға сатып, түскен ақшаны өзара бөлісуді көздеген.

Тергеу барысында қылмыстық әрекетке 80-нен астам жалған үлескердің тартылғаны анықталды. Олардың атына 170 жылжымайтын мүлік нысанын рәсімдеу жоспарланған.

Осылайша жалпы құны 4,4 млрд теңгеден асатын пәтерлерді заңсыз иемдену әрекетінің жолы кесілді.

Қылмыстық топ мүшелерінің әрқайсысына нақты міндет жүктелген. Бірі жалған үлескерлерді тауып, олардың атына жалған шарттар рәсімдесе, енді бірі сол шарттарды өзге азаматтарға сатып, қылмыстық істердің жүргізілуіне ықпал еткен.

Қылмыстық топ кооперативке жарна төлеу туралы жалған шарттарды азаматтарға сатқан. Соның салдарынан азаматтарға 400 млн теңгеден астам шығын келген.

Сонымен қатар бұл іске полиция қызметкерлерінің де қатысы бары анықталды. Лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану және дәлелдемелерді бұрмалау деректері бойынша тергеу басталды.

Іс бойынша 19 адам күдікті деп танылып, олардың тоғызы қамауға алынды.

Күдіктілердің жалпы құны 250 млн теңгеден асатын мүлкіне тыйым салынды.

Сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Қылмыстық процеске қатысушы тараптар іс материалдарымен танысуға кірісті.

Өзге мәліметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

 

 

ҚМА баспасөз қызметі

 

 

 

16 октября 2026
БҚО-да 251 млн теңге субсидия жымқыру дерегі анықталды  

 

Қаржылық мониторинг агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасына бөлінген бюджет қаржысының жымқырылғанын анықтады.

Тергеу мәліметінше, күдікті өзінің бақылауындағы «Агрокомплекс АРСЕН» және «ОнегеАгроСервис» ЖШС-лері арқылы Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылдық округінде су үнемдейтін суару жүйелерін салуға жұмсалды деген шығынды өтеу үшін уәкілетті органға инвестициялық субсидия алуға қажетті құжаттарды тапсырған.

Шығынды растау үшін жалған төлем тапсырмалары мен орындалған жұмыс актілері ұсынылған.

Осы құжаттардың негізінде күдіктінің бақылауындағы серіктестіктердің есепшоттарына жалпы сомасы 251 млн теңге инвестициялық субсидия аударылған. Кейін бұл ақша қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Қаражаттың бір бөлігіне тұрғын үй сатып алынған. Соттың рұқсатымен аталған мүлікке тыйым салынды.

Тергеу жалғасып жатыр.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.

 

 

ҚМА баспасөз қызметі

14 октября 2026
Трансшекаралық дроппер желісі: Қазақстанда онлайн казино қызметінің схемасы ашылды

 

Қаржылық мониторинг агенттігі онлайн-казиноларға қызмет көрсету үшін бірнеше елдің аумағын қамтитын дропперлер желісін құрған қылмыстық топтардың әрекетіне тосқауыл қойды. 

Тергеу барысында төлемдерді өңдеумен айналысқан делдалдардың Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтарының банк шоттарын пайдаланып, «дроп-фермалар» ұйымдастырғаны анықталды.

Қазақстанға келген шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН) беріліп, олардың атына SIM-карталар мен банк шоттары ашылған. Кейін банк қосымшаларына кіруге рұқсаты бар ұялы телефондар осы шоттар арқылы ақша айналымын басқаратын адамдарға берілген.

Ақша айналымын басқару үшін ойыншылардан төлем қабылдауға, оларды автоматты түрде анықтауға және ұтыстарды төлеуге мүмкіндік беретін P2P платформасы пайдаланылған. Қылмыстық топ мүшелері өзара есеп айырысу үшін криптовалютаны да қолданған.

Түркістан облысы мен Алматы қаласында Қазақстан банктерінің 89 картасын пайдаланған Өзбекстанның үш азаматы ұсталды. Олардан банк шоттарын басқаруға арналған 20 телефон тәркіленді. Аталған карталар арқылы жүргізілген операциялардың жалпы көлемі 500 млн теңгеге жеткен.

Жамбыл облысында да бірнеше елдің аумағында әрекет еткен тағы бір қылмыстық топтың жолы кесілді. Оның мүшелері Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтарын, соның ішінде кәмелетке толмағандарды тартып, Тараз бен Алматы қалаларында өзге адамдардың банк шоттары арқылы ақша айналымын жүргізетін желі құрған.

Тінту  барысында 180 банк картасы, 15 телефон, 26 SIM-карта, 50 мың АҚШ доллары, 27 мың USDT, төрт автокөлік, қару-жарақ және оқ-дәрілер тәркіленді. Банк карталарына түскен ақшаның жалпы көлемі 9,8 млрд теңгеден асқан.

Сот бес күдіктіні қамауға алуға санкция берді.

Тергеу жалғасып жатыр. Өзге мәліметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

 

 

ҚМА баспасөз қызметі

 

 

13 октября 2026
Цифрлық кеңістіктегі «Заң мен тәртіп»: ҚМА жастарға арналған киберқауіпсіздік форумын өткізді

 

13 қазанда Астанада «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі ұйымдастырған «ҚМА-дан цифрлық қауіпсіздік сабақтары» атты форум өтті. Іс-шараны ұйымдастыруға Zakon.kz жаңалықтар порталы, CitizenSec, Астана қаласының әкімдігі және «Jarqyn Bolashaq» жобасы аясында «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы атсалысты.

Форумға 1600-ге жуық студент, сарапшылар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиында дипфейк арқылы жасалатын алаяқтық, дропперлік және әлеуметтік инженерия мәселелері кеңінен талқыланды. Алаяқтар осы тәсілдерді пайдаланып, азаматтарды алдап, ақшасын жымқырады.

Қатысушыларға алаяқтықтың қалай жасалатыны, жалған контенттің қалай әзірленетіні және оны қандай белгілеріне қарап анықтауға болатыны нақты мысалдар арқылы көрсетілді.

Жастардың қаржылық және цифрлық сауатын арттыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Ашық әңгіме барысында сарапшылар қатысушыларға интернетте алаяқтардың арбауына түспеу және жеке деректерін қорғау жөнінде кеңес берді.

Форумда CitizenSec киберқауіпсіздік сарапшысы Гүлдана Жұматай мен ҚМА қызметкері Гүлзия Қарсыбай сөз сөйледі. Сондай-ақ іс-шараға журналистер Динара Сәтжан мен Ләйлә Сұлтанқызы, блогерлер Нұргелді Кердеш пен Хаким Мукарам, актриса әрі тележүргізуші Татьяна Турлай, актерлер Абзал Ғарифуллин мен Ерлан Примбетов және өзге де танымал тұлғалар қатысты.

Іс-шараның интерактивті бөлімінде қатысушылар цифрлық қауіпсіздік тақырыбындағы викторинаға қатысып, білімдерін сынады.

Форумның мақсаты – жастарға цифрлық ортада жеке қаржылық деректерін қорғаудың тиімді жолдарын үйретіп, алған білімін іс жүзінде қолдануға дағдыландыру.

ҚМА баспасөз қызметі

09 октября 2026
Шымкентте 3,1 млрд теңге айналымы бар екі заңсыз онлайн-казиноның жұмысы тоқтатылды

 

Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті «Bingo-37» және «Lotoboom» онлайн-платформалары арқылы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі бойынша тергеуді аяқтады.

Ықтималды ойыншыларға WhatsApp мессенджері арқылы құмар ойындарға қатысу туралы ұсыныстар жіберілген. Өтініш білдірген адамдарға аккаунт ашылып, логин мен пароль берілген, сондай-ақ ақша аударуға арналған шот деректемелері жолданған.

Ақша қабылдау және ұтыстарды төлеу үшін 14 дроппердің атына ашылған банк шоттары пайдаланылған.

Екі онлайн-казиноның жалпы айналымы 3,1 млрд теңгені құрады. Қылмыстық жолмен алынған кіріске ұйымдастырушылар 200 млн теңгеден астам сомаға мүлік сатып алған. Оның ішінде BYD Destroyer, LiXiang L6 Max, Chevrolet Monza, SsangYong Rexton маркалы автокөліктер, сондай-ақ екі жер учаскесі бар.

Сот үкімімен екі адам 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Аталған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

 

 

ҚМА баспасөз қызметі

 

 

09 октября 2026
«Asar Baspana» қаржы пирамидасының ісі бойынша 17 адам сотталды  

Алматыда «Asar Baspana» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға сот үкімі шықты.

Тергеу барысында Туғанбаев Н.М. бастаған топтың ай сайын 30 пайызға дейін табыс түсетінін айтып, 90 мыңға жуық азаматтан жалпы сомасы 25 млрд теңге жинағаны анықталды.

Сотталғандар салымшыларды алдап, құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорын жұмыс істеп тұрғанын, тігін цехы, тұрмыстық және медициналық техника шығаратын зауыт бар екенін айтқан. Іс жүзінде өнімдер басқа жеткізушілерден сатып алынып, оларға «Asar Baspana» таңбасы жапсырылған.

Азаматтардың қаржы пирамидасына деген сенімі төмендей бастаған кезде ұйымдастырушылар автодүкендер іске қосылғаны және дилерлермен әріптестік орнатылғаны туралы жалған ақпарат таратқан. Ал шын мәнінде автокөліктер салымшылардың ақшасына сатып алынып, ұйымдастырушылардың туыстарының атына рәсімделген.

Сот үкімімен Туғанбаев Н.М. 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Үш ұйымдастырушының әрқайсысына 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Өңірлердегі он үш басшыға 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы шартты түрде тағайындалды.

Сонымен қатар, тыйым салынған жалпы құны 5,6 млрд теңгенің активтері жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеуге жұмсалады. Қалған мүлік мемлекет кірісіне өткізіледі.

 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

 

ҚМА баспасөз қызметі

 

 

 

 

09 октября 2026
Шыбынды учаскесінде алтынды заңсыз өндіруді ұйымдастырғандар сотталды

 

Өскемен қаласында «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалы директорының бұрынғы орынбасары А.А. Рахымжанов пен Д.М. Нұртазин 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар Ұлан ауданындағы Шыбынды учаскесінде алтынды заңсыз өндіруді ұйымдастырған.

Осы мақсатта олар өздеріне бағынысты «EastGoldStone» ЖШС-ны пайдаланған. Аталған серіктестіктің тек қатты пайдалы қазбаларды барлауға ғана лицензиясы болған.

Алтын өндіру жұмыстары ауыр техниканың — экскаваторлар, тиегіштер, самосвалдар, сондай-ақ жуу жабдығының көмегімен жүргізілген.

Заңсыз өндірілген алтын көлемі 15 келіден асқан, оның құны 844 млн теңгеден жоғары. Тергеу барысында құны 382 млн теңге болатын 6,7 кг алтын мен 579 г күміс тәркіленді.

Қылмыстық әрекет қоршаған ортаға елеулі зиян келтірген. Бүлінген жер аумағы 18,2 гектарды құрады.

Сонымен қатар заңсыз әрекет барысында мемлекеттік орман қорына жататын ағаштар мен бұталар жойылып, зақымдалған.

Экологиялық залалды жоюға қажетті жұмыстардың құны 300 млн теңгеден асты.

Сот шешімімен құны 372 млн теңге болатын мүлік тәркіленді. Оның ішінде 4 жүк көлігі, 2 экскаватор, 2 тиегіш, гидрожуу құрылғысы, сондай-ақ 10 млн теңге және 56 мың АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақша бар.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

ҚМА баспасөз қызметі

09 октября 2026
Алаяқтықтан зардап шеккен азаматтардың қаражаты дропперлердің шоттарына аударылған

 

ҚМА Абай облысы бойынша департаменті дропперлерді іздеп, олардың банк шоттарын ақша аудару және қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланған адамдар тобының заңсыз әрекетін тоқтатты.

Семей қаласында жергілікті университеттің алты студенті анықталып, олардан жауап алынды.

Тергеу деректері бойынша, оларға тиесілі банк карталары ақша қабылдау үшін пайдаланылған. Кейін түскен қаражат бөлшектеліп, басқа шоттарға аударылған. Бұл оның шығу тегін жасыруға, қаржы ағынын бақылауды қиындатуға және кейін ақшаны қолма-қол шешіп алуға мүмкіндік берген.

Студенттердің бірінің шотына ғана 25 азаматтан 16 млн теңгеден астам қаражат түскен.

Ақша жіберген азаматтар интернет-алаяқтыққа байланысты істер бойынша жәбірленушілер екені анықталды.

Олар елдің 11 өңірін қамтиды: Абай, Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан, Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Жамбыл және Алматы облыстары, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалалары.

Тергеу жалғасып жатыр. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.

 

 

ҚР ҚМА Баспасөз қызметі

 

 

 

06 октября 2026
Қазақстан құрамасы Қаржылық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық олимпиадасына сәтті қатысты

Красноярск қаласында (Ресей Федерациясы) Қаржылық қауіпсіздік жөніндегі VI халықаралық олимпиада өтті. Оған 45-тен астам елден 700-ге жуық студент қатысты.

Қаржылық мониторинг агенттігінің қолдауымен олимпиадаға Қазақстан құрамасы да қатысты. Құрама сапына Қаржылық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық олимпиаданың жеңімпаздары енді.

Анықтама үшін. 1 наурыз бен 27 сәуір аралығында өткен Қаржылық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық олимпиадада 5 мыңнан астам студент білімін сынға салды. Іріктеу кезеңдерінің қорытындысы бойынша 40 қатысушы финалға жолдама алып, оның 10-ы жеңімпаз атанды.

Қазақстандық делегация экономикалық құқық бұзушылықтарға, қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған зияткерлік сайыстарда ел намысын абыроймен қорғады.

Олимпиада жеңімпаздары:

– «Құқықтану» бағыты бойынша – Айшолпан Аманқосова           (Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті);  

– «Халықаралық қатынастар» бағыты бойынша – Дамир Үскембаев  (Нархоз университеті).

Олимпиада жүлдегерлері:

– «Құқықтану» бағыты бойынша – Тоғжан Ілиясова (Maqsut Narikbayev University); 

– «Ақпараттық қауіпсіздік» бағыты бойынша – Мадияр Дүзімбаев (Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті);  

– «Экономика» бағыты бойынша – Мерей Кәлен  (Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті), Никита Пильцов (Maqsut Narikbayev University), Даниил Сушкевич  (Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті).

Сонымен қатар Даниил Сушкевич пен Игорь Золотарев фиджитал спорт сайысында жеңіске жетті.

Олимпиада апталығы аясында «ТМД елдеріндегі қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жастардың рөлі» тақырыбында панельдік пікірталас өтті. Іс-шара барысында Қазақстанның қаржылық қылмыстарға қарсы іс-қимылда тәуекелге бағдарланған тәсілді қолдану тәжірибесі таныстырылды.

Дропперлік, интернет-алаяқтық және виртуалды активтерді заңсыз пайдалану секілді қазіргі өзекті қатерлерге ерекше назар аударылды.

 

 

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы