
Жанат Элиманов ведомствоның 2024 жылғы жұмысының негізгі қорытындылары және алдағы кезеңге арналған міндеттері туралы есеп берді.
Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының баяндамасынан:
✓ Қазақстан кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы «Basel AML Index» Базель басқару институтының рейтингінде 110 елді артта қалдырып, өз позициясын 11 тармаққа жақсартты;
✓ Кешенді жоспардың іс-шараларын іске асыру көлеңкелі экономика деңгейін 1,3%-ға (18,8%-дан 17,5%-ға дейін) төмендетуге ықпал етті.
Агенттік қызметінің нәтижелері бойынша:
- 1 312 қылмыстық істі тергеп-тексеру аяқталды, 236,8 млрд теңгеге залал өтелді, 152,3 млрд теңгеге қылмыстық кірістер тәркіленді;
- ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 20 және трансұлттық топ бойынша 1 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды;
- 42 қаржы пирамидасы жойылды, алаяқтық схемаларын жарнамалайтын 15 мыңға жуық сайт пен аккаунт бұғатталды, «WhatsApp», «Telegram» және «Instagram» әлеуметтік желілерінде 327 чат жабылды, бұл 2 миллионнан астам азаматтың қаржылық шығындарын алдын алуға мүмкіндік берді;
- «Tik-Tok» және «Instagram» әлеуметтік желілеріндегі 41 онлайн құмар ойын алаңдарының, 30 ойын залының, жасырын казино мен букмекерлік кеңсенің қызметі әшкереленді. 11,7 мыңнан астам онлайн-казино сайттарына қолжетімділік жабылды;
- 120 млрд теңгеге негізсіз бюджет шығындарының алды алынды;
- 36 заңсыз крипто алмастырушы арқылы қылмыстық кірістерді заңдастыру әрекеттері тоқтатылды;
- жеке тұлғаларды қылмыстық кірістерді жылыстату үшін жұмылдыру фактілері әшкереленді, есiрткi саудасы, кибералаяқтық және басқа да қылмыстар үшін пайдаланылған жалпы айналымы 24 млрд теңгені құрайтын 6,2 мың «дроп-карта» бұғатталды;
- Қазақстанның, Беларусьтің және Ресейдің қаржы барлаушыларының қатысуымен арнайы операция жүргізілді, нәтижесінде үш ауқымды «наркошоп» жабылды, 35 наркодилер ұсталды;
- жалған қаржылық операциялар мен мәмілелер жасаған 1787 заңды тұлғаның қызметі тоқтатылды;
- террористік және экстремистік ұйымдардың шоттарына қаражат аударудың 1,2 мың әрекеттері сәйкестендірілді және бұғатталды.
Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Агенттік қызметінің негізгі бағыттары бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
ҚР ҚМА Баспасөз қызметі