
ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында көтеріңкі бағада дәрі-дәрмектерді заңсыз сатудың екі фактісі анықтады.
Бірінде Орал қаласының тұрғыны ҚР өкілетті органының рұқсаттық құжаттарынсыз дәрілік заттарды сатқан. Одан жалпы сомасы 128 000 теңгеге «Цефтриаксон» және «Лидокаин» препараттары анықталып, тәркіленіп алынды.
Екінші жағдайда Орал қ. дәріханаларының бірінде «Инфлюцид» дәрілік затының бір қаптамасы 3500 теңге көтеріңкі бағамен сатылған (орнатылған шекті баға 2 571 теңгені құрайды). Бұл «Бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттың саудалық атауына шекті бағаларды бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылғы 15 шілдедегі № ҚР ДСМ-104 бұйрығын бұзады.
Жинақталған материалдар айыпты тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін БҚО Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолданды.