
ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері қаладағы жалдамалы үйде жалған есепке алу-бақылау маркаларымен суррогатты алкоголь дайындайтын астыртын цех ұйымдастырған 53 жастағы ер адамды ұстады.
Күдікті бір жыл бойына күнделікті 35-40 бөтелке суррогат алкоголь өнімін дайындап отырған.
Ол қолданылған бөтелкелерден ЕАБ маркаларын алып тастап, бөтелкеге спирті бар сұйықтықты құйып, ЕАБ маркаларының бірнеше бөліктерін бір марка түрінде желімдеп, өнімді рұқсат қағазсыз және лицензиясыз Павлодар қаласындағы сауда нүктелері арқылы сатқан.
Бұл факті бойынша ҚР ҚК 233 бабының 2 б. сәйкес (акцизделетiн тауарларды акциздiк маркалармен және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларымен таңбалаудың тәртiбi мен қағидаларын бұзу, акциздiк маркаларды және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларын қолдан жасау және пайдалану) сотқа дейінгі тергеу басталды.
Тексеру барысында астыртын цехтан ішінде алкогольдік сұйықтық бар көлемі 20 және 40 литрлік ыдыс, 47 бөтелке дайын алкоголь өнімі, желім, шланг, құйғыш, шприцтар және қолдан алкоголь жасайтын құрал-жабдықтар тәркіленіп алынды.
Суррогат алкоголь өнімі антисанитариялық жағдайда, күмәнді материалдардан және алкогольді ішімдіктер шығаратын әртүрлі зауыттардағ өнімдеріне ұқсатылып дайындалған.
Бұл бойынша сараптама тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде.