
ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті «STOP-ОБНАЛ» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында бірнеше жыл бойы СҚО аумағында жалған шот-фактуралар жазу және ақшаны заңсыз қолма-қолға айналдырумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті. Қылмыстық топтың заңсыз әрекетінің нәтижесінде олардың контрагенттері алдын-ала есеп бойынша 500 млн. теңгеден астам сомада салық төлеуден жалтарған.
2020 жылғы 9 маусымда жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысушылары 9,3 миллион теңге сомасындағы заңсыз қолма-қолға айналдырылған ақшаны қайтару кезінде ұсталды.
Осы факті бойынша ҚР ҚК 262-бабының 1 және 2 б., 216-бабының 3-б. сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды.
Тергеу әрекеттері барысында бухгалтерлік құжаттар, цифрлық қолтаңбасы бар флэш-карталар, ҰҚТ басқаратын кәсіпорындардың мөрлері мен мөртабандары, банк карталары және 12 млн. теңге сомасындағы қолма-қол ақша тәркіленіп алынды.
2020 жылғы 11 маусымда Петропавл қаласының мамандандырылған тергеу соты қылмыстық іс-әрекетке қатысы бар төрт тұлғаға қатысты 2 ай мерзімге «қамауға алу» шарасын санкциялады.