
ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті материалдық сыйақы үшін жалған бухгалтерлік есеп шоттарды жазып берумен айналысқан Өскемен қаласының тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.
Тергеу барысында ол 2017-2019 жылдар аралығына өзіне тиесілі екі фирма арқылы коммерциялық ұйымдарға тауарларды іс жүзінде жеткізбей, жұмыстарды орындамай және қызметтерді көрсетпей жалған бухгалтерлік құжаттарды рәсімдеп келгені анықталды.
Сонымен қатар, ол тіркеген жалған кәсіпорындардың штатында ешқандай қызметкерлердің, мүлік, қойма және өндірістік техникалық базалардың болмағанын және ашылған сәттен бастап ЖШС кәсіпкерлік қызметпен айналыспағанын, салық есептерінде бұрмаланған мәліметтерді көрсеткенін атап өткен жөн.
Заңсыз әрекеттер нәтижесінде мемлекетке өтелмеген салықтар түрінде 247 млн. теңге сомасына залал келтірілді.
Өскемен қаласы № 2 сотының үкіміне сәйкес ол ҚР ҚК 216-бабының 3-б. және 28-бабының 3-б. бойынша кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына тартылды.