
Мемлекет басшысы бизнесті жүйелі түрде қолдау, мемлекеттік органдардың оларға қатысты қабылдайтын шараларының ашықтығы, сондай-ақ адал кәсіпкерлерге қатысты тексерулерді қысқарту маңыздылығы туралы айтқан болатын.
Президент Жолдауында кәсіпкерлік қызмет саласында "таза парақтан" реттеуші саясатты енгізуді, тәуекелдерді бағалау мен басқаруды автоматтандыруды тапсырды.
Тапсырма шеңберінде Агенттік қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын әзірледі, сондай-ақ бақылаудағы субъектілерді (риэлторлар, лизинг берушілер, зергерлер, заңгерлер, бухгалтерлер) іріктеу кезінде тәуекелдерді бағалау және басқару процестерін автоматтандыру модулін енгізді.
Модуль интеграцияланған деректер базасынан ақпаратты жүктеу және өңдеу арқылы тәуекел дәрежесін есептейді, сондай-ақ бизнес-процестерді оңтайландыруға және Агенттік лауазымды тұлғаларының қатысуын азайтуға ықпал етеді.
Есептеулер қорытындысы бойынша бақылау субъектілеріне бара отырып, оларға қатысты профилактикалық бақылау жүзеге асырылатын жоғары тәуекелді бақылаудағы субъектілердің тізімі автоматты түрде қалыптастырылады.
Бүгінгі күні Агенттік профилактикалық бақылау жүргізу мақсатында 2024 жылғы 1 жартыжылдыққа арналған субъектілердің тізімін қалыптастырды, ол тізім Бас прокуратураның ресми сайтында орналасқан.
ҚР ҚМА Баспасөз қызметі