
ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті жалған шот-фактуралар мен бастапқы бухгалтерлік құжаттарды материалдық сыйақы үшін жасап келген азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын аяқтады.
Тергеу кезінде анықталғандай, Алматы қаласының тұрғыны 2018-2019 жылдар аралығында өзіне тиесілі екі коммерциялық компания арқылы коммерциялық ұйымдарға жалпы сомасы 1,1 млрд. теңгеге нақты жұмыстарды орындамай, қызметтер көрсетпей және тауарларды жөнелтпей жалған шот-фактураларды жаза отырып, салықтан жалтару бойынша қызметтер көрсеткен.
Алматы қаласы Жетісу аудандық сотының үкімімен қылмысты жасаған азамат ҚР ҚК 24-бабы 3 б. (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) 28-бабы 3 б. және 216-бабы 3 б. (іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот-фактура жазу бойынша әрекеттер жасау) кінәлі деп танылып, 3 жылғы бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, соттың үкіміне сәйкес, аталған азамат 10 жыл мерзімге экономикалық қызмет саласында басшылық қызметке ие болу құқығынан айырылды.