Сенат депутаттары мен ҚМА өкілдері экономикалық құқық бұзушылықтарды декриминализациялауды талқылады

Сенат депутаттары мен ҚМА өкілдері экономикалық құқық бұзушылықтарды декриминализациялауды талқылады

Экономикалық қызмет саласындағы құқық бұзушылықтарды одан әрі декриминализациялау - Парламент Сенаты депутаттарының ҚМА-да өткен көшпелі отырысының басты тақырыбы болды.

Отырысты ашқан Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында елімізде қолайлы бизнес-климатты қалыптастырудың маңыздылығын атап өткенін тілге тиек етті.

Жоғарғы палата депутаттарына осы бағытта атқарылып жатқан шаралар кешені туралы айтылды.

Агенттік басшылығы бүгінде істерді жалпылама түрде қозғауды жоюдың арқасында оларды тіркеу 10 есеге қысқарғанын атап өтті.

Сонымен қатар, жұмыс астыртын ойынханаларды, қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылармен, қолдан жасалған алкоголь өнімдерін өндірушілермен, жалған ақша жасаушылармен күресуге бағытталған.

Айта кетерлігі, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында экономикалық құқық бұзушылықтарды қылмыссыздандыру туралы заң жобасы әзірленді.

Осылайша, құқық бұзушылық алғаш рет жасалып, залал толық өтелген жағдайда 12 бап бойынша жазаны жеңілдету және 9 бап бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босату ұсынылды.

Сондай-ақ экономикалық контрабанда және кедендік төлемдерді төлеуден жалтару үшін жауапкершіліктің шегін аса үлкен көлем деңгейге көтеру ұсынылады. Бұл шара сауда саласында шағын және орта бизнес субъектілеріне қатысты іс қозғаудың алдын алады.

Іс-шара барысында Әділет вице-министрі Алма Мұқанова мүдделі органдар жүргізіп жатқан қылмыссыздандыру мүмкіндігін қарастыратын нормаларды талдау туралы айтты. Ол сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын орган қылмыстық заңнаманың кейбір нормаларын практикада қолданудың елеусіздігі мен сиректігіне байланысты алып тастауды ұсынды.

Жиынға Бас прокуратура мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері де қатысты.

Іс-шара соңында қатысушылар кәсіпкерлерді қорғау деңгейін арттыру мақсатында ҚР Парламенті мен мүдделі мемлекеттік органдардың алдында экономикалық қызмет саласындағы бірқатар қылмыстық құқық бұзушылықтарды декриминализациялау бөлігінде Қылмыстық кодексті одан әрі жетілдіруге бағытталған заңнамалық нормаларды әзірлеу міндеті тұрғанын ерекше назарға алу керектігін баса айтты.

ҚР ҚМА Баспасөз қызметі