
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев 2020 жылғы 13 мамырда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына
(бұдан әрі – Заң) қол қойды.
Заңды Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының жоспарын іске асыру шеңберінде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірледі.
Заңды қабылдаудың мақсаты:
қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ) Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) халықаралық стандарттарына сәйкес келтіру;
террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын жетілдіру.
Заңның негізгі бағыттары:
бірінші, клиентті тиісінше тексеру, ішкі бақылау жүргізу және күдікті операция туралы хабарлама жіберу сияқты қаржы мониторингі рәсімдеріне өзгерістер енгізілді;
екінші, Қаржы мониторингі комитетіне реттеуші мемлекеттік органы жоқ қаржы мониторингі субъектілеріне (қаржы мониторингінің 5 субъектісі:
1) тәуелсіз заң консультанттары; 2) лицензиясыз лизинг берушілер;
3) бухгалтерлік ұйымдар; 4) риэлторлар; 5) бағалы металдарды, тастарды және зергерлік бұйымдарды өткізушілер) қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасау бойынша өкілеттіктер берілді;
үшінші, Қаржы мониторингі комитетінің КЖ/ТҚҚ саласындағы, оның ішінде қылмыстық активтерді іздестіру және қайтару бойынша халықаралық өзара іс-қимыл рәсімдері регламенттелді;
төртінші, халықаралық стандарттарды іске асыру үшін Заңға коммерциялық емес секторды терроризмді қаржыландыру мақсатында пайдаланудан қорғауға байланысты новеллалар енгізілді (талаптар ерікті қаржылық және басқа да қайырмалдықтарға жүгінетін қайырымдылық ұйымдары мен діни бірлестіктерге қолданылады);
бесінші, ұлттық заңнамаға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сәйкес терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қатысты мақсатты қаржы санкцияларының тетіктері имплементацияланды;
алтыншы, Заңда салалық тәсіл арқылы террористік тұрғыдан осал объектілердің (УТО) терроризмге қарсы қорғалуының тиімділігін арттыруға бағытталған түзетулер көзделді.
Заң нормалары алдын-алу сипатына ие және ұлттық қаржы жүйесінің қауіпсіздігін арттыруға, кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарды ақшаны жылыстату мен терроризмді қаржыландыру мақсатында пайдаланудан қорғауға бағытталды.