
ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті алданған Орал қаласы тұрғынының арызы негізінде қаржы (инвестициялық) пирамида құру факті бойынша тергеу жүргізуде.
Арызданушы «B2B Jewelry» зергерлік салонында 45 000 теңгеге зергерлік бұйымдарға сертификаттар сатып алды. Компания оған әр аптада сертификат құнының 7% көлемінде сыйақы, сондай-ақ алдағы уақытта жылына 364% деңгейдегі табысқа жетуге уәде берді.
Алайда, зергерлік салон басшылығы ақша қаражатын салу шартын орындамай, алдамшылықпен арызданушының ақшасын иеленіп алды.
Атап өтетін жайт, салон қызметкерлері әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы ақысы 15 000 теңгеден басталатын «сертификаттарға» ақша салымын жасауды сылтауратып, қаржы пирамидасының жаңа қатысушыларын тартып отырған.
Осыған дейін аталған компанияның Қарағанды облысындағы заңсыз қызметіне қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Құрметті азаматтар! Қаржы мониторингі комитеті ҚР ҚК 217-бабына сәйкес қаржы (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғандығын еске салады (мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерінде айыппұл салуға не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады).
Егер Сізге осындай фактілер мәлім болса, Комитеттің сенім телефоны арқылы хабарласуыңызды сұраймыз: 8 (71 72) 70-84-78.