
ҚМА төрағасы Жанат Элимановтың Грузия Қаржы министрлігінің Тергеу қызметінің басшысы Сосо Рамишвилимен екіжақты кездесуінің негізгі тақырыбы екі елдің қылмыстық қудалау органдары арасындағы ынтымақтастық перспективалары болды.
ҚР ҚМА және Грузия Қаржы министрлігінің Тергеу қызметі кәсіби қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді. Бұл ретте тараптар екі елдің қылмыстық кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы байланыстары өте табысты дамып келе жатқанын атап өтті.
Сосо Рамишвилидің айтуынша, осы саладағы өзара тәжірибе алмасу және бірлескен шешімдер қаржы-экономикалық саладағы қылмыстардың алдын алу және тергеу жағдайының айтарлықтай жақсаруына әкелуі мүмкін.
Кездесуде қазақстандық мамандар электрондық форматтағы істерді тергеу, экономикалық құқық бұзушылықтарды анықтау кезінде талдамалық құралдарды пайдалану, сондай-ақ ведомстволық бақылауды жүзеге асыру қағидаттары бойынша ҚМА мүмкіндіктерін көрсетті.
Шетелдік қонақтар ҚМА ақпараттандыру деңгейін жоғары бағалады, сондай-ақ екі мемлекеттің экономикасы үшін қаржылық қылмыстардың теріс салдарын азайту мақсатында инновацияларды тұрақты енгізу қажеттігі атап өтілді.
Соңында тараптар қаржы-экономикалық қылмыстарға қарсы күрес саласындағы әріптестік туралы Меморандумға қол қойды, оның шеңберінде екі ұйымның арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚМА делегациясы Грузия Қаржы министрлігінің тергеу қызметіне барып, қазақстандық тарап шетелдік әріптестерінің қызметімен танысқан болатын.
ҚР ҚМА баспасөз қызметі