Алматыда Еуразиялық Топ елдерінің парламенттік комитеттері өкілдерінің ІІ форумы өтті

Алматыда Еуразиялық Топ елдерінің парламенттік комитеттері өкілдерінің ІІ форумы өтті

6 маусым 2023 ж.                                                                                                 Алматы қ.

 \Қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық Топ елдерінің парламенттік комитеттері өкілдерінің ІІ форумы аяясында терроризмге қарсы заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды.

Форум жұмысына ЕАТ-қа қатысушы 9 елдің (Беларусь, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан) Парламент депутаттары мен қаржылық барлау бөлімшелерінің басшылары және Армения, АҚШ, ҰҚШҰ және БҰҰ Терроризмге қарсы басқармасының өкілдері, сондай-ақ, БАӘ өкілдері арнайы шақырылған қонақ ретінде қатысты.

Алматыда өткен шара барысында ҚР Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина заң шығарушылар арасында тікелей көпжақты диалог орнату – ЕАТ дамуындағы маңызды қадам екенін атап өтті.

Депутатттар террористік және экстремистік қызметті қаржыландыру көздерін анықтау және жолын кесу жөніндегі шараларды заңнамалық қадағалау мен реттеу практикасын талқылады. Заң жобаларын әзірлеу, оларды сараптамалық және қоғамдық талқылау тәжірибелерімен және мысалдарымен бөлісті.

Форумға қатысушылар парламентаралық ынтымақтастық аясындағы, оның ішінде ФАТФ стандарттарын имплементациялау және ратификациялау процестерін жеделдету бағытындағы жұмыс ЕАТ тиімділігінің артуына жағымды әсер ететінін ерекше атап өтті. 

Қатысушылары ЕАТ-қа мүше мемлекеттерді терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелерін заңнамалық реттеуге, сондай-ақ жастар мен ҮЕҰ-ны заңсыз қызметке тарту мәселелерін заңнамалық реттеу тәсілдерін үйлестіру жөнінде шаралар қабылдауға бағытталған қорытынды декларация қабылдады.

Еске сала кетейік, 4-9 маусым аралығында Алматыда қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық Топтың пленарлық апталығы өтуде.

                                                                                                                     ҚР ҚМА Баспасөз қызметі