
ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитеті Жамбыл облысы бойынша ЭТД жедел-тергеу тобы «STOP-Обнал» жедел-алдын алу шарасы барысында Тараз қаласы тұрғынының 2012-2019 жылдары ақшаны заңсыз қолма-қолға айналдырумен айналысқанын анықтады. Ол іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот-фактура жазу мақсатында өзінің туыстары мен сенімді тұлғаларының атына 20-дан астам үлестес кәсіпорындарды тіркеу арқылы контрагент-кәсіпорындардың бюджетке салық төлеуден жалтаруына жағдай жасаған.
2017-2019 жылдар аралығында осы тұрғын мен оның сенімді тұлғалары Жамбыл облысындағы екінші деңгейлі банктерден 2,2 млрд. теңгеден астам ақшаны қолма-қолға айналдырған.
Бұл факті бойынша Департамент ҚР ҚК 216-бабымен қарастырылған қылмыстық құқықбұзушылық нышаны бойынша сотқа дейінгі тергеу ісін тіркеді.
Жедел-тергеу тобының үйлесімді іс-әрекеті барысында «ForteBank» АҚ ТҮҚ-да 17 915 000 теңге ақша қаражатын қолма-қол ақшаға айналдыру үстінде қылмыстық топтың мүшелері ұсталды. Ақша қаражатының бақылауда болған алдамшы кәсіпорындарға аударылып, алынғаны анықталды.