
Елімізде енгізілген төтенше жағдай режимінде ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру амалдарын жүргізу барысында антисептикалық заттарды заңсыз өткізудің екі фактісін анықтады.
Ағымдағы жылдың 18 наурызында жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз Қостанай қаласының аумағында антисептикалық құралдарды сатқан ер адам ұсталды. Ол жалпы сомасы 115 000 теңгеге 1 литр көлемінде 50 дана антисептикалық затты әрі қарай сату үшін сатып алған.
22 наурызда жалпы сомасы 80 000 теңгеге 1 литрге 400 теңге бағасымен 200 литр көлемінде Ресей Федерациясында (Челябі қаласында) өндірілген антисептикалық заттарды (қолдан жасалған өндіріс белгілері бар) өткізу фактісі анықталды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қызметтік тергеу жүргізілуде.
Барлық тәркіленген антисептикалық өнім Қостанай облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына тапсырылды.
Құрметті азаматтар! Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен жеке қорғану құралдарының бағаларына спекулятивті әрекет үшін жауапкершілікті еске салады. Егер сіз медициналық маска мен антисептиктерді негізсіз қымбат бағада сату фактісіне тап болсаңыз, Департаменттің 8 (7142) 27-34-12 сенім телефонына хабарлауларыңызды сұраймыз.