
Ел Президентіне Агенттіктің ағымдағы жылғы 10 айы бойынша қызметі туралы есеп ұсынылды.
Қылмыстық істерді жаппай қозғау тәжірибесі жойылды және қылмыстық қудалау орбитасына адал бизнесті тарту барынша азайтылды.
Нәтижесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерулер санын қысқартудың жыл сайынғы үрдісі байқалады. Өткен жылмен салыстырғанда істерді тіркеу 30% төмендеді.
Бұл ретте ауыр және аса ауыр қылмыстардың үлесі 52% құрап, тұрақты болып қала береді.
Қабылданған шаралармен 300 млрд теңгеден астам сомаға залал өтелді және активтерді қайтару қамтамасыз етілді. 25 ұйымдасқан қылмыстық топ бейтараптандырылды.
Мемлекеттік кіріс органдарымен бірлесіп жұмыс істеудің арқасында кеден саласындағы көлеңкелі операциялардың және акцизделетін өнім айналымының үлесі айтарлықтай қысқартылды. Бұған салық түсімінің 540 млрд теңгеге артуы дәлел. 119 қолма-қол ақшаға айналдырған компания тобының қызметі тоқтатылды.
25 қаржы пирамидасы жойылды, жәбірленушілерге 8,3 млрд теңгеге залал өтелді. Алдын алу шараларымен құқыққа қайшы контенті бар 8,8 мыңға жуық сайттар мен аккаунттар бұғатталды.
Сондай-ақ, есірткінің бөлшек саудасы бойынша 15 интернет-дүкеннің қызметі анықталды. Олардың айналымы 4,4 млрд теңгені құрады, тартылған тұлғалар саны 27 мың азаматтан асты.
Олар бойынша материалдар ІІМ мен ҰҚК-ге жолданды.
Цифрлық активтерді пайдалана отырып қылмыстық кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес шеңберінде Binance ірі халықаралық криптобиржасымен ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстанның ұлттық «жууға қарсы» жүйенің ФАТФ ұсынымдарына сәйкестігі тұрғысынан Өзара бағалаудан өту барысы туралы ақпараттандырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша Агенттік төрағасына бірқатар нақты тапсырмалар берілді.