Вена қаласында (Австрия) БҰҰ трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы Конвенциясына қатысушы мемлекеттердің 11 Конференциясының сессиясы өтуде. Сессия жұмысына Қазақстаннан Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов қатысуда.
Сөз сөйлеу барысында ол Қазақстан шетелдік әріптестердің қолдауымен қылмыстық-атқару және пенитенциарлық жүйелердегі дәйекті реформаларды жалғастырып жатқанын атап өтті.
Ж. Елемесов Қазақстан Үкіметі көптеген елдермен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресте ынтымақтастық бойынша екіжақты келісімдер (30-дан астам ел) жасасқанын хабарлады.
Сонымен қатар, Ж.Елемесов басқа елдерге шығарылған қылмыстық активтерді іздеу, қайтару және тәркілеу мәселесінің өзектілігін атап өтіп, басқа елдерден келген әріптестерін осы саладағы белсенді ынтымақтастыққа шақырды.
Естеріңізге сала кетейік, сессия жұмысы барысында Конвенцияның құзыретіне кіретін мәселелер кешені қарастырылады - халықаралық ұйымдасқан қылмыс, адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды сату, заңсыз көші-қон, атыс қаруын заңсыз жасау және оның заңсыз айналымы.
Қазақстандық делегация бірқатар сараптамалық консультацияларға қатысуды жоспарлап отыр.
@afm_rk
ҚР ҚМА Баспасөз қызметі