ҚМА Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаменті тағы бір қаржы пирамидасының жолын кесті.
Пирамиданы ұйымдастырушы азаматтардан инвестиция тарту үшін WhatsApp мессенджерінде топтар құрды.
Қылмыстық схема қатысушылардың екі бағыт бойынша қаражатын тартудан тұрды.
Біріншісі – жаңа қатысушыларды тарту арқылы салым сомасының 70%-ы көлемінде сыйақы төлеуге уәде беріп, 4 күннен 5 күнге дейінгі мерзімге азаматтардан инвестиция жинақтау.
Екіншісі – «Cтандарт», «Vip» және «Premium» деген үш позицияға сенгіш азаматтардан инвестиция тарту, басқалардың жарналары есебінен қатысушыларды байыту туралы уәдемен 150 000 теңгеден 10 000 000 теңгеге дейінгі салымдар сомасында қаражат жинақтау.
Қылмыскер іс жүзінде кәсіпкерлік қызметпен айналыспаған. Салымдар мобильді банкинг арқылы қабылданды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Заң бұзған азаматша қаржылық пирамиданы құруына және ұйымдастыруына қатысты кінәсін толығымен мойындады. Қазіргі уақытта жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процесстік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
ҚР ҚМА Баспасөз қызметі