
Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында суррогаттық алкоголь өнімдерін дайындаумен айналысатын астыртын цехтың қызметіне тосқауыл қойылды.
Оқиға орнын қарап-тексеру кезінде 25 мыңнан астам шөлмек «Пшеничная», «Московская», «Медовая» және «Русская крепость» маркалы алкоголь өнімдері тәркіленді.
Сонымен қоса, 15 тонна спирт, 1 млн.-нан астам көрінеу жалған есепке алу-бақылау маркалары, шөлмектерді жабуға арналған құрал-жабдықтар, 52 мыңнан астам дана бос шөлмектер (бөтелкелер), 200 мың дана алкоголь өнімдерін қаптауға арналған қораптар, 100 мың дана көлемінде қақпақтар және 1,9 млн. теңге ақша қаражаты алынды.
Осы дерекке байланысты ҚР ҚК-нің 233-бабының 2-бөлігі (көрінеу жалған есепке алу-бақылау маркаларын пайдалану немесе өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары басталды.
Қазіргі уақытта, қылмыстық іс ұйымдастырушылары анықталды, тиісті сараптамалар мен тергеу амалдары жүргізілуде.
2019 жылдың басынан бері Қаржы мониторингі комитеті жалған алкоголь өнімдерін дайындайтын 31 астыртын цехтың жолын кесті.
Нәтижесінде, көлеңкелі айналымнан жалпы сомасы 1,5 млрд. теңгені құрайтын 200 мың литр спирт пен 1 млн.-нан астам жалған алкоголь шөлмегі қолданыстан шығарылды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша жыл сайын әлемде сапасыз алкоголь өнімдері 3 млн.-нан астам адамның өмірін қияды.
Экономикалық тергеу департаменті.
Біздің басты мақсатымыз - «көлеңкелі» экономикамен күрес!
