
2019 жылғы 11 қазанда Комитеттің құрылымдық бөлімшелері мен аумақтық Экономикалық тергеу департаменттері басшыларының, сондай-ақ, бейнеконференц байланыс арқылы Департаменттер қызметкерлерінің қатысуымен ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитеті алқасының отырысы өтті.
Комитет төрағасы Ә.Б.Сқақов 2019 жылдың 9 айындағы экономикалық тергеу қызметінің атқарған жұмыс қорытындыларын баяндап берді.
2019 жылдың өткен кезеңінде Комитетпен көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың күшеюі, соның ішінде мемлекетке ауқымды зиян тигізетін қылмыстарды әрі ұйымдасқан қылмыстық топтармен жасалған қылмыстық әрекеттерді анықтау ерекше назарға алынған.
Жалған қаржы операцияларын жүргізумен, экономикалық контрабанда және заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырумен айналысқан 22 қылмыстық топтың қызметіне шек қойылды.
Кеден маңы саласындағы маңызды қылмыстарды ашу басым бағыт болып табылады. Осы бағыттағы жұмыстың мысалы ретінде Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлерінің жалпы сомасы 10 млрд. теңгеден астам 39 контейнерде темекі контрабандасының ірі каналын тоқтату бойынша әрекеттерін атауға болады.
Аталған кезеңде есірткі заттардың контрабандасының 30 фактісі анықталды және оларға шек қойылғанын атап өткен жөн. Заңсыз айналымнан 15,6 кг есірткі заттары қолданыстан шығарылды.
Мысалы, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлерімен «Жібек-Жолы» кеден бекетінде жүргізілген жедел іздеу шаралары барысында Тәжікстан Республикасының азаматы жүргізген автокөліктің тексерісі кезінде жасырын жерде 12 кг героин табылды. Бүгінгі таңда бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Алкогольді өнімдердің көлеңкелі айналымына қарсы іс-қимылға ерекше көңіл бөлінуде. Жалпы алғанда, заңсыз алкогольді өнім өндіретін 31 астыртын цехтың қызметіне шек қойылды.
Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру саласында 13 астыртын казино, букмекерлік кеңсе ретінде жасырылған 173 мекеменің заңсыз қызметіне шек қойылды.
Жалпы, қаржы мониторингі органдарымен 14,2 млрд. теңге шығынның орны толтырылды, 12,6 млрд. теңге сомасына сай мүлікке тыйым салынды.
Алқа отырысының қорытындысы бойынша Комитеттің Төрағасы Ә.Б.Сқақов орган қызметкерлерінің алдына экономикадағы көлеңкелі айналымды қысқартуға, негізсіз қылмыстық қудалау қаупінен бизнесті қорғауға және қоғам тарапынан сенімді нығайтуға бағытталған бірқатар өзекті міндеттер қойды.

