
Ағымдағы жылдың 11 қыркүйегінде Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлерімен Алматы қаласы аумағында 500 және 5000 теңге жалған ақша жасап, өткізген үш адамнан тұратын қылмыстық топ әшкереленіп, ұстауға алынды.
Тексеріс барысында анықталғандай, бұрын сотталған азаматтар алдын ала келісім бойынша бір топ тұлға ретінде әрекет етіп, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің жалған банкноттарын жасап, оны нарыққа өткізу үшін астыртын цехтың жұмысын ұйымдастырған.
Жалған ақша жасауға бейімделген астыртын цех түріндегі қылмыстық топтың тұрғылықты жерінде ноутбуктер, түсті принтер, еріткіш, ультракүлгін сәуле шығаратын шам, ламинатор, 500 және 5000 теңге купюраларының клишелері, бояу құйылған құтылар, екі жағында да 500, 5000 теңге дайындаған сурет сақталған флэш-тасымалдаушы құралдар және құны 308 000 теңге болатын жалған ақша анықталды.
Ағымдағы жылдың 27 қыркүйегінде ҚР ҚК 231-бабының 2-бөлігінің 1,2 тармақшаларына сәйкес (алдын ала келісім бойынша тұлғалар тобымен бірнеше рет жалған ақша немесе құнды қағаз жасау, сақтау, тасымалдау немесе сату) тергеу жұмысы аяқталып, қылмыстық іс сот қарауына жолданды.
