
Еліміздің батыс өңірінде Ираннан темекі контрабандасын ұйымдастырған трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың (ҰҚТ) заңсыз істері әшкереленді. Бұл – Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің (ЭТД) қызметкерлері өткізген кең ауқымды арнайы операцияның нәтижесі. Өз кезегінде аталған шараның ҚР Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі Комитеті ұйымдастырған республикалық жедел-алдын алу шаралары аясында өткізіліп жатқанын атап өту қажет.
ҰҚТ мүшелері – Қазақстан Республикасының 5 азаматы – жалған тауарлардың ілеспе құжаттарын жүйелі түрде қолданып, темекіні құрылыс материалдары ретінде рәсімдеген. Мұндай жағдай аумақтық кедендік бекет басшысының қылмыскерлерге белсенді түрде қолдау көрсетуінің нәтижесінде мүмкін болып отыр.
ЭТД қызметкерлерінің Атырау облысы аумағында жүргізген іс-әрекеттері нәтижесінде еліміздің Ресей Федерациясымен шекарасына қарай бағыт алған екі жүк көлігі тоқтатылып, 20 миллионнан астам қорап темекі тәркіленді.
Биылғы маусым айынан бастап, бүгінгі күнге дейін қылмыстық топ контрабандалық жолдармен елімізге 39 контейнер темекі алып келген. Осы көлемнің тек 21 контейнерінен шыққан жүкті бағалау қорытындылары бойынша кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден бұлтару салдарынан мемлекетке 8 миллиард теңгеден астам сомаға зиян келтірілгені анықталды. Қылмыстық топ әрекеттерінен келтірілген зиянның толық көлемі Ираннан жеткізілген контейнерлердің қалған 18-індегі тауардың бағаланғаннан кейін анықталады.
ҰҚТ мүшелері құрықталып,Ақтау қаласының уақытша ұстау изоляторына енгізілді. Аталған азаматтардың заңсыз әрекеттері бойынша ҚР ҚК 262 бабының 1 және 2 т. (ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу), ҚР ҚК 367 бабының 4 т. (пара беру), ҚР ҚК 234 бабының 3 тармағының 2 пункті бойынша (аса ірі мөлшердегі экономикалық контрабанда) қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

