
Қаржы мониторингі комитеті ұжымының ерлер бөлігі және Мемлекеттік сатып алулар комитеті Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінде әсерлі концерт ұйымдастырып, көктемнің алғашқы мерекесі қарсаңында қыз-келіншектерге тамаша көңіл-күй сыйлады.
Салтанатты шара барысында ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Министрліктегі қызметкерлердің басым бөлігі сұлу да жігерлі, дана, адал, төзімді әйелдерден тұратынын атап айтты. - Қызметте ерлермен қатар жетістікке жете отыра, қыз-келіншектер қамқор, нәзік және сүйкімді ана, жар, қарындас болып отыр. Дәл осы қасиеттеріңіз ерлерді жігерлендіріп, алға адымдауға күш береді, - деді министр.
Қаржы министрі шараға қатысып отырған қаржы жүйесінің негізін қалаушы Министрліктің еңбек сіңірген қызметкерлеріне өзінің ерекше лебізін білдірді.
Бұл мерекелі күні сахнада жанға жақын халық әуендері және министрліктің жас дарындарының орындауындағы заманауи әндер шырқалды. Сондай-ақ, барша қауымға денсаулық, қуаныш және бақ-береке тілектері жолданды.