
2017 жылғы 22 – 24 мамыр аралығында Бішкек қаласында (Қырғыз Республикасы) Қаржы мониторингі комитетінің өкілдері ҚБББК 9-шы отырысына және жұмыс топтарының отырыстарына қатысты.
Кеңес жұмысына ҚБББК құру туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің қаржы барлау бөлімшелерінің (бұдан әрі – ҚББ): Армения Республикасының Орталық банкі Қаржы мониторингі орталығының, Беларусь Республикасының Мемлекеттік бақылау комитеті Қаржы мониторингі департаментінің, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің, Қырғыз Республикасының Үкіметі жанындағы Қаржы бақылау мемлекеттік қызметінің, Ресей Федерациясы Қаржы мониторингі жөніндегі федералды қызметінің, Тәжікстан Республикасының Ұлттық банкі жанындағы Қаржы мониторингі департаментінің делегациялары, сондай-ақ Үндістан Республикасы қаржы барлау бөлімшесінің делегациясы (бақылаушы ретінде) қатысты.
Шақырылғандар ретінде Ұйымдасқан қылмысқа және қылмыстардың өзге де түрлеріне қарсы күресті үйлестіру жөніндегі бюроның, ТМД қатысушы мемлекеттердің Терроризмге қарсы орталығының және Халықаралық қаржы мониторингі оқу-әдістемелік орталығының өкілдері қатысты.
Отырыс барысында Достастық елдерінің қаржы барлау бөлімшелері ынтымақтастығының және өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға бағытталған мәселелер қарастырылды.
Кеңес мүшелері ҚБББК-нің халықаралық террористік ұйымдардың, сондай-ақ олардың қаржылық және идеологиялық орталықтарының қызметіне қатысы бар тұлғаларды анықтау бойынша тұрақты операциясының аралық нәтижелерін және терроризмді қаржыландыруға қарсы тұрудың тиімділігін арттыру қажеттілігін талқылады.
Құқықтық базаны жетілдіру мақсатында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы тұру саласындағы ынтымақтастығы тұжырымдамасының жобасы әзірленді және ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің 2017 жылғы 7 сәуірде өткен отырысында одан әрі Мемлекет басшыларының кеңесінің қарауына енгізу үшін мақұлданды.
Қазіргі уақытта ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы тұру туралы шарттың жобасын пысықтау жалғасуда.
Кеңес мүшелері ҚБББК 8-ші отырысы шешімдерінің орындалуы барысы туралы ақпаратты тыңдады және Кеңестің 2017-2018 жылдарға арналған жұмыс жоспарын бекітті.
ҚБББК-нің келесі 10-шы отырысын 2017 жылы қарашада ЕАТ 27-ші Пленарлық отырысмен бірге Мәскеуде (Ресей Федерациясы) өткізу жоспарлануда.