
Экономикалық тергеу қызметі ағымдағы жылғы 15 маусым мен 15 шілде кезеңінде республика аумағында заңсыз ойын орындарын анықтау мен жолын кесуге бағытталған жедел-профилактикалық шаралар жүргізді.
Бұл шараға Экономикалық тергеу қызметінің барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Қарапайым азаматтар да белсенді үлес қосты және құмар ойындардың жаңа орындары туралы ақпараттар жолдап отырды.
Акция барысында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабына сәйкес 81 қылмыстық іс тіркелді.
Жалпы жыл басынан бері 157 қылмыстық іс қозғалып, 15 астыртын казино, 49 букмекерлік ұйымдар түріндегі мекемелер тоқтатылып, 5 мыңға жуық ойын автоматтары, компьютерлер, поекрлік столдар түріндегі заттай дәлелдемелер алынды.
Ақтөбе облысында букмекерлік ұйымдар түріндегі 10 электрондық казино заңсыз ашқан ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Қылмыстық топтың басшысы мен қатысушылары қамауға алынып, тергеу жүргізілуде.
Мамандардың ойынша, лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік, күрделілігі жағынан нашақорлық пен маскүнемділікке пара-пар, психологиялық күйзелістің ауыр түрі болып табылады. Бұл әрдайым құмарлықты іздеумен байланысты патологиялық әуестік. Көп адамдар, ойын барысында, жағдайға толық бақылау жасайтынына өзін сенімді санайды және тез ұтыс пен ешқандай әрекетсіз баюға үміттенеді.
Ойын құмар адамдар ірі сома, көліктерін, пәтерлерінен ұтылған және өз-өзіне қол жұмсаған жағдайлар белгілі. Лудомания жұмыстан шығу, қылмыс жасау, отбасының бұзылу сияқты басқа да әлеуметтік зардаптарға әкеп соғады.
«Ойын бизнесі туралы» Заңға сәйкес, казино мен ойын автоматтары залдарын, Алматы облысында Қапшағай су қоймасының жағалауы мен Ақмола облысының Щучье ауданын қоспағанда, орналастыруға тыйым салынады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабы ойын мекемесiн заңсыз ашқаны, ұстағаны немесе олар үшін үй-жайлар бергені, сондай-ақ ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиясыз жүзеге асырғаны үшін 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Егер сізге заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру саласындағы қылмысқа дайындалу не жасалғаны белгілі болған жағдайда ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Экономикалық тергеу қызметіне тәулік бойы 8 (7172) 70-98-20 сенім телефоны арқылы немесе Нұр-Сұлтан қаласы, Бейбітшілік 10 мекенжайына жеке келіп хабарласуыңызды сұраймыз.
Заңсыз ойын орындарының мекенжайлары және ойын терминалдары орнатылған орындар туралы Instagram мен Facebook-та @ser_kfm_mf_rk аккаунтына хабарлауға болады.
Аумақтық Экономикалық тергеу қызметінің телефондары мен мекенжайлары www.kfm.gov.kz сайтында «Құқық қорғау қызметі» тарауында көрсетілген.