
Темекі өнімдерінің контрабандасы акцизделетін тауарларға салық салу жүйесіне зиян келтіре отырып, мемлекетке елеулі залал тигізеді.
Контрабанда қоғамға да айтарлықтай шығын келтіреді, өйткені соған байланысты келіп түспейтін қаражат әртүрлі әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландырудың маңызды ресурсы болып табылады.
Ағымдағы жылдың 6 қазанында Қаржылық мониторинг агенттігі жедел-іздестіру шаралары барысында Қарағанды қаласында 350 миллион теңгеден астам сомаға шығу тегі белгісіз 670 мыңнан астам қорап темекі өнімдерін тәркіледі.
Тергеу барысында Әзірбайжан азаматы басқа тұлғалармен бірлесіп, Қарағанды облысының аумағында «Космос», «Беломорканал», «Тройка», «Столичные» маркалы темекіні акцизсіз заңсыз сатқаны анықталды.
Заңға қайшы әрекеттің нәтижесінде мемлекетке 149 миллион теңге көлемінде залал келтірілді.
Тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.
ҚР ҚМА Баспасөз қызметі
Facebook | Instagram | Telegram