Ағымдағы жылдың 1 қазанында Қаржылық мониторинг агенттігінің Алқа отырысы өтті, онда 2021 жылдың 9 айындағы қызмет нәтижелері талқыланды.
Алқа отырысында Қазақстанның ФАТФ халықаралық стандарттарына сәйкестігін Өзара бағалауға дайындық барысы туралы мәселелер, сондай-ақ көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл мәселелері қарастырылды.
Ағымдағы жылы Агенттік Дүниежүзілік Банктің әдістемесі және ФАТФ нұсқаулығының негізінде қылмыстық кірістерді жылыстату тәуекелдеріне бағалау жүргізді.
Тұрақты қаржылық мониторинг кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимыл индексі бойынша әлемдік рейтингте Қазақстанның позициясын 24 тармаққа (73-тен 97-орынға дейін) жақсартуға мүмкіндік берді.
Агенттік Төрағасы мемлекеттік шығыстарға барынша мұқият мониторинг жүргізу және олардың жұмсалуына жол бермеу қажеттігін атап өтті. Бұл ретте, аумақтық департаменттердің жергілікті атқарушы органдардың қызметіне араласуынан бас тарту керек екендігін ескертті, бұл олардың толыққанды қызметін тоқтатуға әкелуі мүмкін.
«Мемлекет басшысы Агенттік алдына бірқатар маңызды міндеттер қойды. Қазір мемлекет экономикалық өсімді қолдауға миллиардтаған қаражат бөлуде. Біз үшін бұл қаражатты жымқыруға жол бермеу басымдыққа ие. Әр теңге өз мақсатына жұмсалуы тиіс», - деп Жанат Элиманов атап өтті.
Сонымен қатар, Агенттік заңды кәсіпкерлік қызметке немесе адал кәсіпкерлердің жеке өміріне араласпауды мақсат етті.
«Адал кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және рейдерлікке қарсы күрес бойынша жұмыс тәсілдері өзгерді. «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, кәсіпкерлерге артық қысымды болдырмау бойынша жұмыс жүргізілуде. «Адал бизнес-серіктестер тізілімі» енгізілді, ол ірі көлеңкелі схемаларды анықтауға күш-жігерді біріктіруге мүмкіндік бермек», - ҚМА төрағасы атап өтті.
Жыл басынан бері 1 508 сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі тіркелді. Аяқталған істер бойынша залал сомасы 60,5 млрд теңгені құрады, оның 43 млрд теңгесін (70%) өтеу қамтамасыз етілді.
Тіркелген қылмыстық істердің негізгі бөлігі (53%) ірі қылмыстық схемалар анықталған ауыр және аса ауыр қылмыстарға жатады.
Тарифтердің негізсіз көтерілуіне жол бермеу үшін тұрғын үй-коммуналдық қызмет көрсету саласында жымқыру белгілерін анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде.
«Таразэнергоцентр» АҚ-да бюджет қаражатын жүйелі түрде жымқыру деректері Тараз қаласында қолданыстағы тарифтерді 15%-ға (жылу және ыстық сумен жабдықтауға) төмендетуге және келесі жылы негізсіз 2 есеге арттыруды болдырмауға негіз болды.
Қаржы пирамидаларының белгілерін алдын ала анықтауға назар аударылып келеді. Сол арқылы 4,1 млрд теңгеге салымдарды тартудың 30 деректерін анықтауға мүмкіндік берді.
Әлеуметтік маңызды бағыттарға ерекше мән берілуде.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинмен бірге мамандандырылған балалар және медициналық-әлеуметтік мекемелер тұрғындарының құқықтарын қорғау бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен ынтымақтастықтың нәтижесі ретінде лауазымды тұлғаларға қатысты 36 сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісін бастауды атап өтуге болады. Олардың әрекеттері нәтижесінде азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына 376 млн. теңгеге залал келтірілді.
Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының көлеңкелі экономика үлесін 2025 жылға қарай 15%-ға дейін төмендету туралы тапсырмасын орындау үшін Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленді.
Алқа қорытындысы бойынша ҚМА Төрағасы жеке құрам тарапынан құқық бұзушылықтарға жол бермеуге назар аударып, әріптестерін түпкілікті нәтижеге ұмтылуға шақырды.
ҚР ҚМА Баспасөз қызметі
Facebook | Instagram | Telegram