
Ағымдағы жылдың 30 шілдесінде құқық қорғау қызметіне алғаш рет түсетін тұлғалар үшін бастапқы кәсіптік даярлыққа іріктеуге қатысуға өтінімдерді қабылдау аяқталады.
Сауалнаманы толтырған азаматтар келесі сілтеме бойынша үміткерлердің алдын ала тізімінде бар болуын тексере алады:
https://www.gov.kz/memleket/entities/afm/press/article/details/57132?lang=ru (тізім жаңартылып отырады).
Агенттік сауалнамалар жинаумен қатар, осыдан бұрын өтінім берген үміткерлердің құзыреттерін бағалауды өткізуде.
Бүгінгі таңда 40-тан астам үміткер құзыреттерін бағалаудан өтті.
Осы кезеңнен өткен барлық үміткерлер әңгімелесуге шақырылады.
Одан әрі іріктеуден өткен үміткерлер Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясына оқуға түсу үшін ұсынылатын болады.
Оқуға қабылдауға ұсынылған барлық үміткерлер құжаттарын тұрғылықты жері бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне тапсырып, әскери-дәрігерлік комиссияларда медициналық және психофизиологиялық куәландырудан өтуге, сондай-ақ полиграфологиялық зерттеуден өтуге жолдама алуы қажет.
Қажетті құжаттар тізімі сілтеме бойынша қолжетімді.
Академияда оқуды сәтті аяқтағаннан кейін түлектер ҚР Қаржылық мониторинг агенттігіне жедел уәкіл (анықтаушы), тергеуші немесе криминалист (B-FMO-6 санаты) лауазымдарына қызметке қабылданатын болады.
Осы лауазымдардың функционалдық міндеттеріне криминалистикалық және арнайы зерттеулер жүргізу, бюджет саласындағы және квазимемлекеттік сектордағы, көлеңкелі экономика саласындағы құқық бұзушылықтарды және Қазақстан Республикасының заңнамасымен Экономикалық тергеп-тексеру қызметінің құзыретіне жатқызылған өзге де қылмыстарды анықтау, алдын алу, ашу, жолын кесу және тергеп-тексеру кіреді.
Қызметкерлердің ең төменгі жалақысы (лауазымдық жалақысы) 156 мың теңгені құрайды.
Бұл ретте құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ақшалай үлесі лауазымдық жалақыдан, сондай-ақ арнаулы атағы үшін 38 225 теңгеден бастап қосымша ақылардан, қызмет өткерудің ерекше жағдайлары, сыныптық біліктілігі үшін үстемеақылардан және айлықақының 10-нан 50%-ға дейінгі мөлшерінде басқа да төлемдерден құралады. Жұмыс нәтижелері үшін сыйлықақы төлеу жүйесі қарастырылған, сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, еңбек сіңірген жылдарына сәйкес 30 және одан артық күнтізбелік күн көлемінде демалыс беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, "ҚМА Жас мамандар пулы" жобасы құқық қорғау қызметінде жұмыс істеуді және елдің экономикалық қауіпсіздігіне үлес қосуды қалайтын неғұрлым білімді, талантты және креативті жастарды іріктеу арқылы Агенттіктің кадрлық әлеуетін күшейтуге және жаңартуға бағытталған.
ҚР ҚМА Баспасөз қызметі