
2021 жылғы 11 маусымда онлайн-режимде Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Түркіменстанның қаржылық барлау бөлімшелерінің, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтері мен құқық қорғау органдарының қатысуымен бюджет қаражатының жұмсалу мониторингі және оны бақылау мәселелері бойынша халықаралық семинар өтті.
Елдердің өкілдері мемлекеттік сатып алу саласында монополияға қарсы және құқық қорғау органдарының бірлескен тергеулерін жүргізу бойынша практикалық тәжірибемен алмасты.
Ресей қаржы мониторингі қызметі экономикалық қызметті заңсыз үйлестіру фактілері, атап айтқанда, картельдер құру, бәсекелестікке қарсы келісімдер жасау деректері туралы ақпаратпен бөлісті. Сондай-ақ, Ресей мысалында мұндай деректерді тергеуде жылыстатуға қарсы механизмдердің қолданылуы көрсетілген.
Қазақстанның қаржылық барлау қызметі де өз тәжірибесімен бөлісті.
Қорытындылай келе, Беларусь өкілдері семинарға қатысушыларға мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың келісім жасау белгілері бойынша ақпаратпен алмасуды ұсынды. Бұл электрондық мемлекеттік сатып алу мониторингінің аналитикалық жүйесін жетілдіруге және қаражаттың жұмсалуына бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Аталған семинар қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша Еуразиялық топқа қатысушы мемлекеттердің бірлескен іс-шаралар топтамасында екінші шара болып табылады.
ҚР ҚМА Баспасөз қызметі