
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов қатысқан Қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың (ЕАТ) 34-ші пленарлық отырысы онлайн режимінде өтті.
Пленарлық отырысқа қатысушылар Еуразиялық топтың негізгі құжаттарын және ұйымның алдына қойылған мақсаттар мен міндеттерін шешу жөніндегі алдағы бірлескен қадамдарды талқылады.
Кездесуге 9 мүше-мемлекеттің: Қазақстан, Ресей, Қытай, Түркіменстан, Беларусь, Үндістан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның делегациялары, сондай-ақ осы құрылымда бақылаушы мәртебесіне ие бірқатар елдердің, халықаралық және өңірлік ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қазақстан "Front Office" жобасы шеңберінде қаржы мониторингі субъектілерімен өзара іс-қимылдың жаңа тәсілдері» тақырыбында баяндама жасады.
Бұл жоба АЖ/ТҚҚ қатысушыларын кері байланыспен және «бір терезе» қағидаты бойынша клиентке қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған және жоғары тәуекелді топ тұлғаларының ақша қаражатын қолма-қол ақшаға айналдыруын 82%-ға азайтуға мүмкіндік берді.
Осылайша, осы жобаны толыққанды іске асыру КЖ/ТҚҚ ұлттық жүйесінің тиімділігін арттыруға және көлеңкелі экономиканы төмендетуге ықпал етуге мүмкіндік береді.
Пленарлық отырыстың қорытындысы бойынша қатысушылар 2021 жылға арналған Жұмыс жоспарын мақұлдады және Өзара бағалаудың 2-раундын өткізу кестесіне өзгерістер енгізді.
Қазақстан 2021-2022 жылдары Өзара бағалаудың екінші раундынан өтуі тиіс, ол КЖ/ТҚ қарсы іс-қимыл бойынша заңнаманы жақсартуға бағытталған.
ҚР ҚМА Баспасөз қызметі