
2021 жылғы 22-25 ақпанда Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржы шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) пленарлық отырысы өтті, оған ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының Бірінші орынбасары Оспанов Е.А., сондай-ақ 205 мүше-елдің және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар қылмыс пен терроризмге түрткі болатын ақшаны қадағалау бойынша бірлескен жаһандық әрекеттерді қарастырды.
Мысалы, ФАТФ «Ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландыру (АЖ/ТҚ) тәуекелдеріне негізделген қаржылық мониторинг субъектілерін қадағалау жөніндегі нұсқаулықты» бекітті және «Виртуалды активтерге қызмет көрсету провайдерлеріне арналған нұсқаулықтың» (ВАҚП) жаңартылған нұсқасын жариялайды. Сонымен бірге, ФАТФ-пен «Жаппай жою қаруын таратуды қаржыландыру тәуекелдерін бағалау және төмендету жөніндегі жаңа нұсқаулық» (ЖЖҚТҚ) келісілді.
Ұлттық органдарға терроризмді қаржыландыруға қарсы заң әрекеттерінің тиімділігін арттыру бойынша үздік тәжірибелері ұсынылды. Сондай-ақ, ФАТФ жаһандық желісінің қатысушылары қару-жарақтың заңсыз айналымы мен терроризмді қаржыландыру арасындағы байланысты зерттеді. Барлық әлем елдерінің хабардар болуын арттыратын және елдерге тиімді жедел әрекет ету шараларын әзірлеуге көмектесетін есеп бекітілді.
Пленарлық аптаның қорытындысы бойынша ФАТФ күшейтілген бақылауға жататын АЖ/ТҚҚ жүйесіндегі стратегиялық кемшіліктері бар юрисдикциялар тізімін жаңартты. Тізімге Буркина-Фасо, Кайман аралдары, Марокко және Сенегал қосылды.