Елордада ЕАТ-тың өзара бағалауына дайындық жөніндегі семинар өтті

Елордада ЕАТ-тың өзара бағалауына дайындық жөніндегі семинар өтті

2021 жылғы 19-20 қаңтарда Қаржы мониторингі комитетінің бастамасымен бейнеконференция байланыс режимінде Росфинмониторингтің және Халықаралық қаржы мониторингі оқу-әдістемелік орталығының (ХҚМОӘО) көмегімен «ФАТФ ұсынымдарына сәйкес ЕАТ-тың өзара бағалауына дайындыққа көмек» тақырыбында семинар өткізілді.

Семинарға ҚР-ның мемлекеттік, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.

Семинар барысында ЕАТ-тың өзара бағалауына дайындықтағы жұмысты ұйымдастыру мәселелері, Комитет пен құқық қорғау органдарының тиімді ведомствоаралық өзара әрекеттесу мәселелері талқыланды.

Росфинмониторинг өкілдері КЖ/ТҚҚ саласындағы халықаралық ынтымақтастық, қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға байланысты тергеудің тиімділігін арттыру тетіктері бойынша тәжірибелерімен бөлісті.

Қазақстан мемлекеттік органдарының үлкен қызығушылығын ескере отырып, өзара бағалаудан ойдағыдай өту мақсатында Комитет пен Росфинмониторинг арасында осындай іс-шараларды жүйелі түрде өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.

Анықтамалық ақпарат

Естеріңізге сала кетейік, 2021-2022 жылдары қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың ұлттық жүйесінің Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) халықаралық стандарттарының талаптарына сәйкестігін халықаралық сарапшылар бағалайтын болады.

Қаржы мониторингі комитеті осы бағалаудың ұлттық үйлестірушісі бола отырып, мемлекеттік органдармен және қаржы мониторингі субъектілерімен бірлесіп, ұлттық қаржы мониторингі жүйесін ЕАТ-тың алдағы өзара бағалауына дайындау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.