
2020 жылғы 19 қазанда Алматы қ. ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің бастамасы арқасында екінші деңгейлі банктер мен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен қылмыстық кірістерді жылыстату мен терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы Комплаенс кеңесінің отырысы өтті.
Іс-шара барысында өкілетті орган мен қаржы институттары арасындағы тиімді өзара әрекеттесу мәселелері талқыланды, қылмыстық кірістерді заңдастыру мен терроризмді қаржыландырумен күресте күш-жігерді біріктіру бойынша келісімдерге қол жеткізілді.
Сонымен қоса, бірлескен жұмыстың нәтижелері ұсынылды. Осылайша, соңғы бес жылда бірінші рет ақша қаражатын қолма-қол ақшаға айналдыру деңгейін 39%-ға азайту мүмкін болды.
Қаржы мониторингі арқылы жалған шот-фактуралар жазып берумен және қылмыстық қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысатын және айналымы 2 трлн теңгеден асатын 60 әлеуетті қылмыстық топ анықталды.
Ортақ әрекеттердің арқасында бюджеттік және квазимемлекеттік қаражатты жымқыру белгілері бар 200-ден астам сұлбамен жұмыс жасалды. Сондай-ақ, сенімсіз жеткізушілер бюджеттен 364,3 млрд теңгені аударғаны белгілі болды.
Кездесудің қорытындысы бойынша заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру және қаражатты сыртқа шығару фактілерінің жолын кесуде тиімді өзара әрекеттесуді қамтамасыз ету жөнінде нақты ұсынымдар әзірленді.