2025 жылдың басынан бастап Қоғамдық кеңес (бұдан әрі – Кеңес) көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл шараларының тиімділігін арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне байланысты бірқатар мәселелерді қарастырды.
2025 жылы Кеңестің төрт отырысы өткізілді. 19 ақпанда өткен бірінші отырыста 2024 жылғы Кеңес қызметінің қорытындылары шығарылып, ағымдағы жылға арналған Жұмыс жоспары бекітілді.
Түркістан қаласында өткен екінші отырыста мемлекеттік сатып алуларды мониторингтеу және елдегі есірткі ахуалын талдау жүйелері таныстырылды, сондай-ақ Шымкент қаласы, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстары бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменттерінің басшыларының есептері тыңдалды.
Бурабайда өткен үшінші отырыста азаматтардың өтініштерін қарау жөніндегі жұмыс туралы баяндама, сондай-ақ Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменттерінің бірлескен есебі тыңдалды.
Төртінші отырыста Агенттіктің КЖ/ТҚ саласындағы нормашығармашылық бойынша ұсыныстары талқыланды. Күн тәртібіндегі өзге мәселелерді қарау Кеңес мүшесі Д.Е. Исабековтың ұсынысы бойынша 2026 жылға ауыстырылды.
Кеңес мүшелерінің барлық ұсынымдары мен ұсыныстары Агенттік тарапынан қаралып, олардың нәтижелері бойынша ұйымдастырушылық және құқықтық сипаттағы қажетті шаралар қабылданды.
Қаржылық пирамидаларға қарсы іс-қимыл бөлігінде Қоғамдық кеңес заңсыз схемалардың басқа қатысушылары есебінен пайда табатын «кәсіби салымшылар» деп аталатын тұлғаларға қатысты ынталандыруды төмендететін тетіктерді қолдануды ұсынды.
Осы ұсынымды іске асыру мақсатында Агенттік жаңа қатысушыларды тарту арқылы алынған негізсіз баю сомаларын өндіріп алу алгоритмін әзірледі, сондай-ақ заңсыз қаржылық схемалардың белсенді қатысушылары үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуді көздейтін түзетулерді дайындады.
Қоғамдық кеңес көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл шараларының тиімділігін арттыру, мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз ету және есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жұмыстары мәселелеріне ерекше назар аударды.
Талқылаулар барысында ақпараттық жүйелерді интеграциялау мәселелеріндегі проблемалық сұрақтар айқындалды, оның ішінде «Астана-1», КАО платформалары мен электрондық фитосанитариялық және ветеринариялық сертификаттар арасындағы өзара байланыстың болмауы атап өтілді. Аталған сәйкессіздіктер құжаттарды қолдан жасауға және экспорттық квоталарды асыра пайдалануға жағдай туғызады, бұл өз кезегінде елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.
Осыған байланысты Агенттік Үкіметке аграрлық салада, кедендік әкімшілендіруде және мемлекеттік бақылау жүйесінде қолданылатын салалық ақпараттық жүйелердің кешенді интеграциясын қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстарын жолдады. Бұл шараларды іске асыру цифрлық мониторингтің тұтас тетігін қалыптастыруға және құқық бұзушылықтар жасау мүмкіндіктерін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Қоғамдық кеңес жер қойнауын пайдалану мен астық айналымын бақылауға арналған спутниктік деректерді пайдалану және салалық ақпараттық ресурстарды интеграциялау арқылы цифрлық платформаны құру бастамасын қолдады.
Аталған ұсынымдар орындалу сатысында. Аналитикалық құралдарды цифрландыруға, ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамытуға және көлеңкелі экономиканың алдын алуға бағытталған бастамаларды белсенді түрде іске асыруды жалғастыру ұсынылды.
Кеңес мүшелері тәжірибе алмасу және білім деңгейін арттыру мақсатында Ақпарат және мәдениет министрлігі мен Қазақстанның Азаматтық альянсы өткізетін түрлі іс-шаралар мен тренингтерге белсенді қатысып отырады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты Агенттіктің барлық нормативтік құқықтық актілерінің жобалары міндетті түрде Қоғамдық кеңестің қарауына жіберіледі.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңеспен 20 нормативтік құқықтық актінің жобасы, оның ішінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы») 1 Заң жобасы және «Кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін төмендетуге бағытталған шараларды бекіту туралы» 1 қаулы жобасы келісілді.
Қоғамдық кеңес мүшелері Агенттіктің ақпараттық және ағартушылық бастамаларын іске асыруға жәрдемдеседі, сондай-ақ халықтың қаржылық сауаттылығы мен құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған іс-шараларға қатысады.
2025 жылғы маусымда Қоғамдық кеңес өкілдері қаржылық қауіпсіздік саласындағы заманауи сын-қатерлерді талқылауға және қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алуға арналған «АФМ online 2025: XXI ғасырдың қаржылық триггерлері» атты республикалық форумға қатысты.
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында Агенттіктің қолдауымен жастардың қаржылық қауіпсіздік мәселелеріне назарын аударуға және жауапты қаржылық мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған «Заңды күлкі» атты арнайы маусымдық КТК (КВН) ойыны өтті.
Бурабай кентінде өткен көшпелі отырысы барысында Кеңес мүшелері «IQanat High School of Burabay» мектебіне барып, 400 оқушыға арналған қаржылық қауіпсіздік сабағына қатысты. Сабақ вейптердің зияны мен цифрлық ортаның тәуекелдеріне арналды.
Қоғамдық кеңестің қызметін жария ету мақсатында Агенттіктің ресми сайтында, Facebook, Instagram және Telegram әлеуметтік желілерінде ақпарат мерзімді түрде орналастырылады.
Агенттік пен Қоғамдық кеңес арасындағы тиімді өзара іс-қимыл жұмысы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жалғастырылатын болады.
ҚМА Қоғамдық кеңес хатшылығы